Дінмұхаммед Қонаевтың Әлихан Бөкейханмен тарихи кездесуі
Алаш көсемі мен қазақ елінің болашақ көшбасшысының тарихи жүздесуі жайлы дерек кімді болса да қызықтырары анық.
Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, халқының сүйікті ұлы Дінмұхаммед Қонаев өмірден өтерінен бірер жыл бұрын бір журналистке 60 жылдай жасырып келген сырын айтқан екен. Ол тек Алаш көсемімен емес, оның жалғыз ұлы Өкітаймен араласып, Смағұл Сәдуақасұлы, Әлімхан Ермекұлы, Жақып Ақбайұлдарын жақсы таныған, Мағжанның өлеңін жатқа білген көрінеді.
Алаш қайраткерлерімен жақын араласу отпен ойнағанмен пара-пар екенін ол Мәскеудегі оқуын тәмамдап, елге оралған 1936 жылы анық сезсе керек. Алаш арыстары туралы 60 жылдай тіс жармай келуінің бар сыры сонда ғой деп ойлаймыз.
Бұл деректі 1992 жылы, яғни Дінмұхаммед Қонаевтың дүние салуынан 1 жылдай бұрын, ақтоғайлық журналист Махмұт Жарылғап жазып алып, 1998 жылы Қарағандыда бар-жоғы 500 данамен ғана жарық көрген «Алаштың Ақтоғайы» атты шағын кітапшасында жариялаған. Бұл мәліметпен әлихантанушы ғалым Сұлтан Хан Аққұлы бөліскен болатын.
«Әлихан Бөкейханов ұлт-азаттық қозғалыстың басшысы ғана емес, Алты Алаштың пірі, рухани көсемі болды. Оны тарих та мойындайды. Мен Әлиханмен бір-ақ рет жүздескен жанмын. Оның өзі қас-қағым сәт қана.
Москва. 1930 жыл*. Студенттік шақ. Қазақтың көрнекті мемлекет қайраткері Смағұл Сәдуақасов дүниеден озған азалы күн еді ол. Москвада тұратын және оқитын қазақ жастары Разгуляев зиратына жиналды. Марқұммен қоштасуға келген халық өте көп. Солардың арасынан шағын топ оқшаулау тұр. Үздік-создық келушілер осы топқа әдейілеп бұрылып, қол алысып өтіп жатты. Күн шытымыр, аязы бет қариды. Көпшілік арасынан сына тауып, мен де сол топқа тақай түстім. Москвада үлкен қызмет атқаратын Тұрар Рысқұлов пен Нығымет Нұрмақов ағалар көзіме оттай басылды. Ортада дембелше денелі қияқ мұртына ақ кірген, шоқша сақалы салалы, жүдеу өңді ақсақал сол қолымен жастау әйелді қолтығынан демесе, оның оң жағынан Тұрар сүйемелдеп тұр екен. Ақсақалдың оң жағынан Нығымет орын алыпты. Көбіне ақсақалға күбірлеп сөйлеп тұрған да Нығымет еді. Ана кісі оған басын изеп қана жауап беріп тұрды. Келушілер ең алдымен әлгі ақсақалдың қолын ұстап, содан соң кезекпен көңілдерін білдіріп, өтіп барады. Орта жастағы ұлты орыс нәсілдес жан ақсақалдың қолын ұзақ ұстап тұрып, көңіл айтып жатты. Мен осы сәт иін тірескен ортада жас шамасы өзіммен шамалас жігіттен «Мына кісі кім?» деп иек қақтым. «Танымайсың ба?» деп таң қалды: «Атақты Әлихан Бөкейхан ғой! Қасындағысы – қызы Елизавета. Марқұм Смағұлдың зайыбы» деп сыбырлады. Смағұл Сәдуақасовты жақсы білетінмін. Қызы әкесінің иығына әлсін-әлсін басын салып, күйзеліп-ақ тұр. Мен де Әлиханның қолын алып, содан соң кезекпен көңіл айттым. «Алла жарылқасын!» деп Әлихан маған бас иді. Міне, Әлиханды алғашқы және соңғы көріп, жүздесуім осылай есте қалды».
*Смағұл Сәдуақасовтың 1933 жылы қайтыс болғанын ескерте кетеміз.