Спорт

ТОП-5: Қазақстанның ең көрікті боксшы қыздары

Qadam.Asia Қазақстандағы ең көрікті боксшы қыздар жайлы баяндайды.

ФИРУЗА ШАРИПОВА

Ол жеңіл салмақтағы WIBA және WBU нұсқалары бойынша әлем чемпионы атанған алғашқы қазақстандық боксшы қыз. Фируза 1994 жылы 29 тамызда Тараз қаласында дүниеге келген. Жергілікті №39 жалпы орта мектепті тәмамдап, Тараз мемлекеттік педагогикалық университеттің «Дене шынықтыру және спорт» мамандығына оқуға түскен. Ол 2007 жылы Тараз қаласында орналасқан облыстық бокс мектебіне барады. Одан кейін бапкер Ерік Алғабектің тобында жаттығады.

2013 жылы «Жамбыл» бокс клубының сапына қосылып, кәсіпқой боксқа өткенге дейін көптеген ірі халықаралық, республикалық турнирлерде жүлдегерлердің қатарынан көрініп жүрді. Атап айтар болсақ, 2010-11 жылдары жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының біріншілігінде екі мәрте жеңіс тұғырынан көрінеді. 2012 жылы Моңғолияда өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында үшінші орынға ие болады. 2013 жылы ересектер сапында өнер көрсетіп, 60 келі салмақта өзіне тең келер қарсылас таппады. Ал келесі жылы осы салмақта финалда есе жіберіп, күміспен күптелді. 2015-16 жылдары Қазақстан Республикасының чемпионатында қос қолаға ие болды. 2016 жылдан бастап кәсіпқой боксқа өтіп, алғаш әлем чемпионы болған қазақстандық қыз атанды.

НАЗЫМ ҚЫЗАЙБАЙ

Назым 1993 жылдың 14 қыркүйегінде Алматы қаласында дүниеге келген. Ол әлем чемпионатын екі рет жеңіп алған тұңғыш қазақ қызы. Қытайда өткен жасөспірімдер арасындағы чемпионатта қолаға ие болған. Қазақстан Республикасының үш дүркін жеңімпазы. БАҚ-на берген сұқбатында Назым боксқа келуі жайлы: «Негізі оңтүстік астанамызда дүниеге келгем. Бірақ екінші сынып оқып жүргенімде отбасымызбен Алматы облысы Іле ауданындағы Жетіген ауылына көшіп бардық. Осында бокс залы бар еді. Күн сайын сол залдың сыртынан қызықтап өтіп жүрдім. Бір күні бапкер ағай шығып, «Бері келші» деп шақырып алды. «Сенің жүрісің нағыз боксшыға ұқсап тұр, осында тегін жаттықсаң болады» деді. Қуанғанымды айта алмаймын, сөйтіп 9-сыныпта бокс мектебіне грантқа түстім» дейді.

«Талмай еңбек етсең ғана жеңістің ауылы жақындай түседі және оның дәмі де тәтті болады. Бокста тек қара күш жеткіліксіз. Аяқтың қимылы, сананың жұмысы, шапшаңдық бәрібәрі маңызды. Осыларды бірбірімен байланыстыра алсаң ғана қарсыласыңнан басым түсуге болады. Әйтпесе, аяқпен дұрыс жұмыс істей алмасаң, есе жіберуің мүмкін» дейді Назым. Оның басты арманы – Токио Олимпиадасында топ жару.

ЗАРИНА ЦОЛОЕВА

Зарина Ақмола облысына қарасты Жақсы елдімекенінде туған. Бала кезінен спортқа жаны құмар болған ол төрт жылдай волейболмен кәсіби түрде шұғылданып, өз командасымен бірге тіпті Қазақстанның чемпионы да атанып үлгерген. Ал 16 жасында түбегейлі бокспен шұғылдануға көшеді.

Спортшы бір сұқбатында: «13 жасымда волейболға бардым, себебі онда менің туысқан әпкем ойнайтын еді. Содан кейін өзөзімді қорғап жүру үшін боксқа баруыма тура келді. Әкем болса «Зарина, бұл бар болғаны бірер айға созылады, одан көп емес» деген, ал мен «Әрине!» деп жауап бергенмін. Бірінші жаттығу күні бапкерім «Бағанға тұрып, қайық секілді соққы жасашы» деді. Мен жаттықтырушым айтқандай соққылар жұмсадым. Ол бірден залдағы жаттығып жүрген спортшыларға қарап «Міне, қараңдар, қыздар екінші жылы осы соққыны жасауды үйреніп жатыр, ал мына қыз бірінші мүмкініктенақ орындады» деді. Осылайша, мен бокста қалдым» дейді.

Заринаның арманы Олимпиадаға қатысып, Қазақстанның көк туын жебірету. Ол бос уақытында кітап оқығанды, сурет салғанды, атпен серуендегенді ұнатады. Заринаның атын шығарған тек бокс емес, Анджелина Джолимен сыртқы келбетінің ұқсастығы. Тіпті бұл туралы The Sun баспасы жазған болатын.

РАНО ПАРХАТОВА

Рано 1992 жылы 22 шілдеде Алматы облысы Шоңжы елдімекенінде дүниеге келген. Қазақстанның екі дүркін чемпионы, көптеген турнирлердің жүлдегері, Спартакиаданың жеңімпазы. Ол Алматы қаласындағы жоғары спорт шеберлігі мамандандырылған мектебінің түлегі. Долкунжан Камековтың қарамағында жаттығады. Алғашқы бокс жекпе-жегін 17 жасында өткізген. 2009 жылы әуесқойлар арасында Қазақстан чемпионы атанды. 2015 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін тәмамдаған. Содан соң Спорт және туризм академиясында білімін жалғастырды.

Рано мұнайды алғаш тапқан Фарман Салмановты еске алу үшін өткізілген мұнайлы мемлекеттер арасындағы Әлем кубогының жеңімпазы. Менгей Хайрутдиновты еске алуға арналған халықаралық турнирдің чемпионы. Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовке арналған бокс турнирінде екі мәрте жеңіске жеткен. Рано, сонымен қатар, халықаралық бірнеше турнирлердің жүлдегері, Ресей, Германия елдерінде өткен ірі жарыстарда үздік үштіктің қатарынан көрінген.

ВАЛЕНТИНА ХАЛЬЗОВА

Валентина 1997 жылы дүниеге келген. 2013 жылы өткен жастар арасындағы чемпионаттың қола жүлдегері, Спартакиаданың қола жүлдегері, 2016 жылы Қазақстан чемпионатында қарсылас шақ келтірмеді, сондай-ақ, сол жылы бас қалада өткен әлем чемпионатында алтыннан алқа тағып, болашағынан мол үміт күттіретін спортшы екенін дәлелдей алды. Спорт шебері Валентина бір сұқбатында: «Бала кезімнен спорт десе ішкен асымды жерге қоятынмын. Алғашында волейболмен шұғылдандым, бірақ одан болашағымды көре алмадым. Менің қазіргі жаттықтырушым сол волейбол бапкеріммен жақсы араласса керек, бір күні сыныпқа кіріп келіп: «Жекпежек спорт түрімен шұғылданғың келе ме?» деп сұрады. Мен бірден келісе кеттім, бокстағы алғашқы қадамым осылай басталып кетті» деген болатын.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button