Операциядан кейін толық жазылып кету үшін қайда бару керек?
Кез келген операциядан кейін медициналық оңалту процедуралары жүргізілуі керек. Ауыр науқастарға операция жасау қандай маңызды болса, оңалту жұмыстары да соншалық маңызды. Себебі, бұл аурудан толықтай айығудың кепілі.
Ал, біз көп жағдайда операциядан кейін толық жазылып кетеміз деп ойлаймыз. Оңалту жұмыстары дегеніміз не? Ол не үшін маңызды? Оңалту жұмыстарына қандай процедуралар жатады?
«Qadam.asia» осы сынды сауалдарға жауап іздеп көрді.
Үрімхан ИСАЕВА,
«Альнұр-Мед» медициналық оңалту орталығының негізін қалаушы, реабилитолог-дәрігер:
Оңалту орталығын ашуыңызға не түрткі болды?
Пациент стационардан шыққаннан кейін өзімен өзі қалады. Ал, негізі операциядан кейін міндетті түрде оңалту процедураларын жасау қажет. Біздің елімізде микрохирургиялық операция жасалған пациенттерді оңалтумен айналысатын орталықтар атымен жоқ болатын. Сондықтан, 2014 жылы «Альнур-Мед» медициналық оңалту орталығын аштым.
Осы орталықты ашқанға дейін біраз жыл А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында жұмыс істедім. 1983 жылы Қазақстанда алғаш рет осы Сызғановта микрохирургиялық операция жасала бастады. Сол кезде мен микрохирургиялық операция жасалған пациенттерді оңалту жұмыстарымен айналыстым. Бірнеше жылдық мұқият зерттеудің арқасында микрохирургиялық операциядан кейін науқастарды оңалтуға бағытталған процедуралардың реттілігін егжей-тегжейлі сипаттайтын әдісті жасап шықтым.
Әрине, мен жаңадан автокөлік ойлап тапқаным жоқ, тек оны дұрыс жүргізуді үйрендім. Яғни, емдік дене шынықтыру, емдік массаж, физиотерапиялық процедуралар, сондай-ақ озокеритотерапия (парафин) секілді оңалтуға қажетті барлық методикаларды жүйеледім.
Қазір микрохирургиялық операциядан кейін пациенттер біздің орталыққа келеді. Олар тек Алматыдан емес, еліміздің түкпір-түкпірінен келіп жатады. Бір ескеретін жағдай, кез келген хирург яки травматолог сыныққа немесе жарақатқа операция жасайды. Бірақ бұл толықтай қол-аяғыңыз істеп кетеді деген сөз емес. Себебі, операциядан кейін оңалту шараларын жасау қажет екені медициналық тұрғыдан дәлелденген. Пациенттер көбінде осыны түсінбей жатады.
«Оңалту жұмыстарын жасаудың өз мерзімі бар»
Операция жасалғаннан кейін қанша уақытта оңалту жұмыстарын жасайсыздар?
Операция жасалғаннан кейінгі оңалту процедурасына кірісудің өзіндік мерзімі бар. Неше күннен кейін саусақты яки қол-аяқты қимылдатуға болатынын жарақаттың күрделілігіне қарап дәрігер анықтайды.
Микрохирургиялық операциядан кейін оңалту мерзімін мұқият сақтау керек. Егер де оңалту жұмыстары белгіленген мерзімнен бұрын басталса, жалғанған жүйке тамырлары немесе сіңір үзіліп кетуі мүмкін. Сондықтан, әр операцияның өзінің оңалту мерзімі бар. Жүйке тамырлары немесе сіңір үзілген жағдайда қайта операция жасау қажет болады. Бұл өте күрделі жағдай.
Тағы бір айта кететін жайт, мысалы, сынықты оңалту үшін науқасқа 2 курс керек болса, микрохирургиялық операциядан кейін 4-5 немесе одан да көп курс қажет. Ол жарақаттың және операцияның қандай күрделі болғанына байланысты.
«Балаларымыз кішкентай кезінде күйіп қалса, есейе келе жазылып кетті деп ойлаймыз…»
Оңалту жұмыстарына қандай процедуралар жатады?
Оңалту жұмыстары күрделі процесс болғандықтан, бірнеше процедурадан тұрады. Бір емдік дене шынықтырумен немесе бір аппараттың күшімен емдеп жазамын деу өтірік. Оңалту шараларына емдік массаж да, емдік дене шынықтыру да, физиопроцедуралар да кіреді.
Емдік дене шынықтыруды көбісі түсінбей жатады. Адамдар тек саусағымызды, қолымызды қимылдатамыз деп ойлайды. Ғылымда «элементы мануальный терапии» деген ұғым бар. Біз осы мануалды терапияны қолданамыз. Қозғалыссыз қалған қолды, саусақты созу арқылы емдік терапия жасалады. Бұның да өз методикасы бар, кез келген адам жасай алмайды. Осы процедура болмаса оңалту мүмкін емес.
Травмалық сынықтарды емдеуге қарағанда біздің жұмыс күрделілеу. Олай дейтінім, мысалы, сіңірі үзілгенде жүйке тамырлары үзіліп қалады. Ондай жағдайда қолыңыз болсын, аяғыңыз болсын істемей қалады.
Сіңірге, теріге түсетін зақымдар әртүрлі болып келеді. Ең қауіптісі – әйнек кесіп кету. Әйнек теріні ғана зақымдап қоймай, сіңірдің жүйке тамырларын үзіп жібереді.
Сіңір екіге бөлінеді:
- Жазылмалы сіңір;
- Бүгілмелі сіңір.
Бұл буынды бүгіп-жазу қызметін атқарады. Яғни, сіңір зақымданса, бүгіп-жазу мүмкін болмай қалады.
Терінің күйуі де өте қауыпті жағдай. Балалар кішкентай кезінде күйіп қалып, артынан жазылып кетті деп ойлаймыз. Шындығында олай емес. Бала өскен сайын терілері тартыла бастайды. Сол кезде әрі ауру басым болады, әрі терідегі күйіктің ізі айқындалып кетеді. Біз физиотерапия арқылы теріні жұмсартып емдейміз.
Пациенттер операциядан кейін оңалту жұмыстарына қаншалықты жүгінеді?
Адамдар көп жағдайда «операция жасалды, болды» деп ойлайды. Сондықтан, оңалту жұмыстарына барлығы бірдей жүгіне бермейді. Оңалту жұмыстарының қажет екенін біреуден естіген, сайтымыздан немесе әлеуметтік желілерден көрген адамдар жүгініп жатады. Оңалту процедураларынан өтпеудің салдарынан, операциядан кейін толықтай жазылып кете алмаған адамдар қаншама…
Біз оңалту шараларының маңыздылығын түсіндіру жұмыстарын қолымыздан келгенше жасап жатамыз. Дегенмен, пациенттеріміздің көбі өз ауруларын жасырғанды қалап, суретке түсіріп жариялауға келісім бере бермейді. Келіспеген жағдайда, әрбір пациенттің құпиялылығы сақталады.
Хирург немесе травматолог операция жасағаннан кейін пациентке жылына 3-4 рет оңалту орталығына жүгініңіз деп жазып береді. Пациенттер осыған мұқият көңіл бөлмейді. Науқастың жағдайын бақылап отыру, кеңес беру, оңалту жұмыстарын жүргізу біздің – реабилитологтардың міндеті.
«Ешқандай құрылғы бүгіліп қалған буынды жаза алмайды. Тек оңалту шаралары болмаса…»
Операциядан кейін оңалту процедураларын қабылдау міндетті түрде қажет болғаны ғой сонда?
Оңалту процедурасы үнемі маңызды. Кез келген операция жасалғаннан кейін, тіпті ішкі ағзаларға операция жасалғаннан кейін де пациентке оңалту шаралары қажет. Ішкі ағзаларды тазалап отыру да оңалту процедураларына жатады.
Ішкі ағзалардан бөлек, соққының салдарынан теріңізді бүліндіріп алсаңыз да оңалту шараларына жүгінесіз. Бір жерімізді соғып алғанда жәй ғана ісіп кетті деп мән бермейміз. Шындығында, ұсақ капиллярлар зақымданып, қан түйіршіктеріне зиян келеді. Осының салдарынан, қан айналымы, зат алмасу процесі нашарлайды. Кей жағдайда соққының салдарынан жүйке тамырлары қысылып қалуы мүмкін. Осындай жағдайда біз көмекке келеміз.
Оңалту процедураларының ерекшелігі, ешқандай құрылғы бүгіліп тұрған саусақты жаза алмайды. Біз мұны өз методикаларымызға сүйеніп, оңалту жұмыстарының арқасында жаза аламыз. Сіңірдің созылуы, бүгілмей яки жазылмай қалуы оңалту процедуралары арқылы ғана емделеді.
Егер жүйке тамырлары зақымданса, буындар бүгілмей қалады. Мұны операция емдемейді, сауықтыру шаралары емдейді.
Орталықтарыңыз қандай нәтижелерге жетті?
Статистикаға жүгінсек, Қазақстан бойынша оңалту орталықтарының ішінде жетекші нәтиже көрсетіп жатқан біздің орталық. Біз әр пациентпен жеке индивидуалды жұмыс жасаймыз. Диагнозымен танысқаннан кейін, травмаға анализ жасаймыз. Қанша мерзімде оңалту шараларын жасауға болады, қандай методикамен емдейміз, бәрі пациентпен ашық түрде жүргізіледі.
Оңалту шаралары комплекстік процедураға жатады. Бұл негізінен науқастың жағдайына байланысты. Егер пациент ауыр жағдайда келсе, бірінші невропатолог қарап, ауруды басу үшін блокада жасайды. Үш күннің шамасында ауру бәсеңсіген соң, массаж, емдік дене шынықтыру, он немесе он бес күндік карифазим курсын қолданамыз. Сосын, үзіліссіз жаттығулар жасатамыз.
Омыртқаға жаттығулар жасайтын инверсионды кереует болады. Тексеру нәтижесінде қажет деп табылса, осы инверсионды кереует арқылы жаттығу жасатамыз. Бұл енді қажеттілігіне қарай бекітіледі.
«Біздің орталықтың грыжаны емдейтін өзгеше методикасы бар»
Бел омыртқа, омыртқадағы грыжа секілді ауруларды да емдей аласыздар ма?
Иә, белдегі протрузия, грыжа секілді ауруларды да емдейміз. Қазір көпшілік компьютердің алдында отыратын болғандықтан, гипаденамияға душар болады. Қимылдың аздығы, дене жаттығуларын жасамау осы ауруларға шалдықтыруда.
Мысал үшін айтайын, өткенде бел омыртқасынан грыжасы бар пациент келді. S1 – яғни сегізкөзінде, L4 – яғни бел омыртқасының 4-ші омыртқасында грыжасы бар. Жағдайы өте ауыр, жылап келді. Әуелі пациентті невропатологқа көрсеттік. Сосын, амплипулсьтерапия жасадық. Яғни, Бернар токтарына жүгіндік. Үш-бес күн аралығында Бернар токтары арқылы токпен емдейміз. Осы методика арқылы ауруды басқан соң, карипаин және карипазим методикаларына жүгінеміз. Бұл методиканы мәскеулік мамандар жиі қолданады. Бұл ең әуелі грыжаны кішірейтуге сеп болады.
Әңгімеңізге рақмет!
«Qadam.asia»