Алматыдағы күз: Қайда баруға болады?
Алматының барқыт күзін дәл осы сәтте есте сақтап қалу үшін Qadam.Asia редакциясы баруға болатын жерлерді ұсынады.
«Кино» қалалық кафесі
Арбаттағы «Кино» кафесінің атмосферасы Вонг Карвайдың фильмдерін еске түсіреді. Қып-қызыл неон шамдары, эстетикалық әсер сыйлайтын детальдар, рухани лайв әңгімелер кешіңізді жып-жылы етіп қана қоймай, жанды музыкамен баурап, ұмытылмас сәттердің куәсі етеді. «Кино» кафесінде өнерді, киноны, музыканы, әдебиетті жақсы көретін шығармашылық адамдары жиі бас қосады. Күздің салқын кештерін достардың ортасында көңілді өткізуге таптырмас орын.
Адрес: Панфилов, 108
Букинист
Жертөледе орналасқан кітап дүкенінен арзан бағада сирек кездесетін кітаптар мен журналдарды, пластинкаларды таба аласыз. Кітап сатушысы да сізбен кітап жөнінде, өнер мен әдебиет турасында пікірлесіп, қызықты әңгіме-дүкен құруға қашан да дайын тұрады. Букинистке өзіңіз қалаған пластинканы ойнатып, тәтті кәмпит жеп, поэзия оқып қайту үшін баруға болады.
Адрес: Төле би, 49
Терренкур
Терренкурге Әл-Фараби, Сатпаев, Омаров, Чайкин, Митин көшелері арқылы түсуге болады. Бұл Кіші Алматы өзенін бойлай жүретін жалғызаяқ жол. Жол бойында небір тартымды кішкентай көпірлер, жайлы орындықтар, теннис алаңдары, футбол алаңы бар. Мұнда ата-әжелердің скандинавиялық серуенін жиі ұшырастырасыз. Өзен арқырап ағып жатқандықтан, көліктердің дауысы естілмейді. Терренкур – Алматыдағы ең тыныш жерлердің бірі.
Адрес: Медеу ауданы
ARTиШОК
Артишок театры – режиссерлерді, әртістерді, суретшілерді, продюсерлерді, музыканттарды, драматургтерді және жаңа өнерді жасағысы келетін барлық жандарды біріктіре отырып, елдің қазіргі заманғы мәдениетінің дамуына маңызды үлес қосып жүрген тәуелсіз театр. Театрда қазір «Лихорадка субботнего вечера» қойылымының премьерасы болып жатыр. Күздің бір жайлы кешін спектакль көруге арнау нағыз эстетикалық демалыс сыйлайтыны анық.
Адрес: Гоголь, 40
Ботаникалық бақ
Қаланың у-шуынан, көліктердің кептелісінен шаршаған кезде Ботаникалық бақта серуендеп қайту миды тынықтырып, жан-дүниеңізді тыныштандырады. Бұл жер – үлкен мегаполистің ортасындағы табиғаттың кішкентай бөлшегі. Оның үстіне, биыл Ботаникалық бақта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қыдырып келушілерге ыңғайлы, жайлы атмосфера жасап қойған.
Адрес: Тимирязев, 36д к2
Шевченкодағы Nedelka
Nedelka кафесінің жып-жылы шамдары, қабырғада ілінген алматылық суретшілердің картиналары, даяшылардың құрметі, жайлы атмосферасы, кофесі мен паниниі – барлығы да ерекше. Бір шәйнек шайға тапсырыс беріп қойып, оранып отырып, терезеден тыныш көшеге қарап ойлануға болатын Алматының ең әдемі кафелерінің бірі.
Адрес: Шевченко, 18
Bunker art-панасы
Бомбадан тасаланатын тұрақта театр спектакльдерін көргеніңіз бар ма? Bunker қабырғасында сыртқы әлемнен оқшауланған нағыз өнер дамып келе жатыр. Театрдағы акустикалық, поэтикалық кештер, перфоманстар, спектакльдер өзінің ерекше стилистикасымен көрермендерді бей-жай қалдырмайды.
Адрес: Досмұхамедов, 78a
Бәрібаевтағы Үй
Бұл коворкинг орталығында поэтикалық кештер, кинокөрсетілімдер, музыкалық альбомдардың презентациялары өтеді. Бақшада достық кездесулер өткізу, шығармашылық кештердің дайындығын тамашалау, түрлі жаңа таныстықтар үшін Бәрібаевтағы Үйдің есігі әрқашан ашық.
Адрес: Бәрібаев, 36