Экологиялық стиль: Жасыл үлгімен тігілген киімдердің көрсетілімі қалай өтті?
ЮНЕСКО-ның эко-марафоны аясында эко-елші атанған қазақстандық дизайнер Айдана Камалова қоршаған ортаны қорғау мәселесін көтерген онлайн көрсетілім өткізді. Мұндай іс-шара Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отыр.
9 маусымда Алматыда дизайнер Айдана Камалова Қазақстандағы БҰҰ ақпараттық департаментінің қолдауымен құрылған NO ONE Left BEHIND#21 топтамасын таныстырды. Дизайнердің бұл бірлескен жұмысы қоғамның, жаңа жас ұрпақтың алдында тұрған негізгі проблемаларды көрсетуге бағытталған. Атап айтқанда, қалдықты кәдеге жарату, өндірісті азайту, экологияны жақсарту сынды ғаламдық мәселелермен бірге азшылық топ мен мүмкіндігі шектеулі жандарды қорғау сынды әлеуметтік мәселелерді де көтерген.
«Мемлекет пен қоғам тұрақты дамысын десек, қоғамның бірде-бір мүшесі не тобы шетте қалмауы, күш біріктіруі тиіс», – дейді шығармашылық топтың басшысы Айдана Камалова.
Жаңа киім топтамасының ерекшелігі де сол – қалдығы жоқ материалдан тігілгені. Нөлдік қалдықты сән тенденциясына айналдыруды насихаттайды.
«Бүгінгі жаһандық өзгерістер сән әлеміне жаңа қиындықтар туғызуда. Мұны BLACKY брендінің дизайнері мен командасы да түсініп отыр. BLACKY бренді өндірісті саналы түрде тұтынуды, қалдық қалдырмай өндіріс жасауды мақсат тұтады. NO ONE LEFT BEHIND #21 топтамасы жаңа буынның тарихын баяндайды. Жарқын, батыл, әр алуан болуды үйретеді. Ресурстарды орынды және саналы түрде пайдалануды үгіттейді. Сондай-ақ, бостандық пен теңдікті насихаттайды», – дейді Айдана Камалова.
Онлайн-форматта өткен топтама көрсетілімге елдің белгілі инфлюенсерлер, қоғам қайраткерлері және Қазақстанның танымал тұлғалары қатысады. Топтаманың диджитал-шоу түсіріліміне 70 адам қатысты, олардың барлығы – креативті индустриядан шыққан тұлғалар. Сән саласындағы экологиялық материалдарды шығармашылық пайдалануға үлес ретінде дизайнер әртүрлі мәдени және әлеуметтік топтарды ұсынатын жас әйелдер мен ерлерді шақырды. Бұл – брендтің қоғамдағы мәдени әртүрлілік пен теңдікке деген адалдығын көрсетеді.
BLACKY – 2017 жылы қазақстандық дизайнер Айдана Камалова құрған киім бренді. Қазір қарқынды дамып келеді. Бренд дизайнерлері батылдық, сенім мен айбаттылықты – киім үлгісінің идеялық негізі етіп алған. Бүгінде Қазақстанда Blacky брендінің 4 дүкені, Дубайда бұрыш-дүкені бар. Жақында Мәскеу мен Нью-Йоркте корнер дүкендері ашылмақ.
Кәсіпорынның өзі Алматы қаласында орналасқан. Эксклюзивті киім тігумен айналысады. Еуропалық брендтермен табысты бәсекелеседі, компанияда қолданылатын киім тігу, конструкциялау әдістері мен технологиялары әлемдік деңгейдегі жоғары стандарттарға сәйкес келеді.
2020 жылы Айдана Камалова ЮНЕСКО-ның эко-марафоны аясында эко-елші болып тағайындалған. Оған қазақстан жастары мен кәсіпкерлерінің «нөлдік қалдық» индустриясындағы әлеуетін нығайтуға мүмкіндік берді.
Сондай-ақ, Айдана Камалова дизайн және сән саласында Орталық Азиядан ерекше қажеттіліктері бар қыздардың әлеуетін кеңейту бойынша ЮНЕСКО #GirlsCreArt онлайн курсында ментор болды.