Made in KZ: 5 тілді еркін меңгерген Сәулеттің арманы – ТМД-ны бағындыру
Тәуелсіздікке 30 жыл толуына орай Qadam.asia арнайы жобаны іске қосты. Жобаның мақсаты – жасы 30-ға толмаған, жаңадан кәсіп бастап, жетістікке жеткен, отандық өнім дайындап, нарыққа ұсынып жатқан 30 жас кәсіпкермен болған сұқбаттарын ұсыну.
Арнайы жобаның алғашқы қонағы да белгілі. ҚХР-да дүниеге келіп, Қазақстанда білім алып, оны Жапонияда жалғастырған, бес тілде еркін сөйлейтін, алғашқылардың бірі болып отандық өнімді дамытуға үлес қосып отырған, «Olja_peak» кәсібінің негізін қалаушы Сәулет Бақыткелді.
Qadam: Кәсіп көп. Киім–кешектен бастап, басқа да сауда түрін таңдауға болады. Алайда неге дәл осы кітаптың мұқабасын қаптайтын кітап қапты таңдадың? Идея қайдан келді?
Сәулет Бақыткелді: Негізгі идеяның бастауы студенттік шақта жатыр. Студент кезімізде кітап көп оқыдық. Автобуста кетіп бара жатып оқитын едік. Сол кезде адамдар тесіліп қарайтын. Ал кейбір кітаптардың мұқабасын сырт көзге көрсеткің келмейді, одан кейін оны алып жүру де артық салмақ болатын.
Екіншіден, елімізде білім деңгейі салыстырмалы түрде төмен деңгейде. Басқа да өнімді шығаруға болатын еді, алайда осы бір кітап оқуды үрдіске айналдырып, «оқу мәдениетін» қалыптастырғымыз келді. Яғни, адамдар «кітап ұстап жүргім келмейді» дейтін түсініктен арылады.
Үшіншіден, біздегі тұрмысқа пайдаланатын ұсақ-түйек өнімің бәрі сырттан келеді. Тіс шұқитын шиді де сырттан аламыз. Біз осыларды қарастырып, неге шағын, кішкентай өнім болса да өзіміздің елде өндіріп бастамасқа деген ойға келдік. Өзге елдің экономикалық ықпалынан тәуелсіз болуға бір нәрседен болсын бастау керек болды.
Төртіншіден, ақшаның артындағы тұрған ұлттық мүдде.
Qadam: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Шығыстану факультетінде білім алып жүріп, Жапонияға жол тарттың. Бір жыл білім жетілдіріп келдің. Ол жақтағы жастардың кәсіпке қызығушылығы, кәсіп ашып, оны игеріп кету жағы қалай? Білім саласындағы ең негізгі айырмашылық қандай?
Сәулет Бақыткелді: Иә, Жапониядағы «Токио шет тілдері» деп аталатын үздік университеттердің бірінде оқыдым.
Дәл осы білім саласына келген кезде оларда бюрократия бар. Жапон қоғамы дамудың шегіне жетіп, бір орында тұрақтылықта тұралап қалған. Адамдар барынша тұрақты жұмыстарды іздейді. Себебі ол елде қарттардың саны көп және артып келеді. Жыл сайын елдегі өсім (- 1,5%). Минусқа кетіп жатыр. Жастардың жұмыс табуы тез. Өнеркәсіп дамыған елде жұмысқа орналасу проблема да емес. Тек еуропалық үлгіде жүргенде ұнататын жастары демесек, дені тұрақты жұмыс қарастырады. Ал еуропаға еліктеген жастар біз айтып отырған кәсіп саласын, жеке даму жолы деген секілді проблемаларды көтеріп, сол жолмен кетеді.
Жапонияда білімді тереңдетіп оқытады. Таңдаған мамандықты соңына дейін оқиды. Одан бөлек Жапониядағы мемлекеттік стратегиялық тұрғыда қарастырылған мамандықтар бар. Соның ішінде арнайы бағдарламалар арқылы Жапонияға қажетті мамандарды әлем елдерінен шақырып отырады. Дәл осы мәселеде Білім және ғылыми министрлігі өте жақсы жұмыс істейді деп айта аламын.
Мектепте оқушылар әр пәнді теориялық жақтан да, практикалық жақтан да жетік меңгере алады. Мәселен, қарапайым қолөнер, музыка секілді сабақтарда оларға керек барлық жағдай жасалған. Бұдан бөлек өзін-өзі тану сабақтарында да практикалық білім басым болады.
Qadam: Сенің өніміңде стиль мүлде басқаша. Бізде «отандық өнім» деген түсінікте барынша оюлы орнаменттер бейнеленіп жатады. Сенің кітап қаптарыңнан көре алмадым.
Сәулет Бақыткелді: Бір нәрсеге мән беру керек. Біздің елдегі жастардың кітап оқуға деген қызығушылығы көп. Алайда олардың дені орыс тілді аудитория. Олар орыс тіліндегі кітаптарды оқиды. Менің өнімімді сатып алатын адамдар өзге ұлты өкілі болуы мүмкін. Ал оған оюлы орнаменті бар өнім ұнамаса, мен кәсіпті жүргізе алмаймын. Ендеше бәріне ортақ бір жолды таңдаған дұрыс. Менің өзіме де өзге ұлттың мәдениетінен хабар беріп тұратын элементі бар өнімдер ұнай бермейді.
Қазіргі жастарға креатив дүниелер керек. Ендеше нарық сұрап отырған өнімді ұсынайық.
Qadam: Бұл өнімді толыққанды «Made in KZ» деп атауға бола ма?
Сәулет Бақыткелді: Әрине. Біз өкінішке қарай, тек матаны Қытайдан алдырамыз. Ары қарай өзіміздің Қазақстандағы бастыратын цехқа береміз және барлығын өзіміз жобалап шығамыз. Кейін өзіміз құрған шағын шеберханаға алып келеміз. Онда 5 адам, яғни апайлар бар. Солар өнімді осында тігеді. Соңында толық қаптаманы да өзіміз дайындаймыз. Шеберханамыз осы Алматы қаласында орналасқан.
Qadam: Осы кәсіпті бастағаныңа қанша уақыт болды? Қандай қиындықтар орын алды? Жетістік ше?
Сәулет Бақыткелді: 2020 жылдың желтоқсан айында бұл кәсіп өзінің тұсауын кесті. Арада міне, 5-6 ай өтті.
Қиындық өте көп болды. Алғаш бастаған кезде жалғыз едім. Команда құру үлкен проблемаға айналды. Үлгілердің бәрін өзім дайындап жүрдім. Материал жетіспеу секілді мәселе де күн сайын алдымнан шығатын. Тігу кезінде де қиындық болды.
Осы кәсіпті бастаған кезде мынандай бір ұстаным болды: біреуге тіктірсеңіз де, өзіңіз білуіңіз керек».
Шығыстану мамандығын бітірсем де, осы тігіншілік саласын меңгердім. Себебі өмір соған алып келді. Бұл жерде анамның да қолөнер шебері екенін ескерте кетейін.
Бұл Қазақстандағы ең бірінші өнім. Бұрын-соңды болмаған. Егер осы өнімді қазір жастарға көрсетсеңіз, соның 95% ұнатып, алғысы келеді. Осыларды жетістік деп атауға болатын шығар.
Қазір өнім тек Алматы қаласында. Тек жақын арада ғана Атыраудан аштық. Өнімді кітап дүкендерінен, кофеханалардан кездестіре аласыздар.
Qadam: Жыл соңына дейін жоспар қандай?
Сәулет Бақыткелді: Алдағы уақытта еліміздің барлық аймақтарына барып, өз филиалымызды ашу. Бұдан бөлек ТМД бойынша алғашқы қадамдарды бастау. Соның ішінде Мәскеу мен Санкт-Петербург секілді кітап оқу мәдениеті қалыптасқан елдерге де жол ашу керек.
Кітап оқу мәдениетін әдейі айтып отырмын. Бір статистика келтірейін.
Қазақстандағы әр адам жылына 5 жарым кітап оқиды екен. Бұл өте төмен көрсеткіш. Ал өзге елдермен салыстырып көрейік:
Әр еврей жылына – 60 кітап.
Әр жапон жылына – 40 кітап.
Әр француз жылына – 15 кітап.
Осы статистикаға қарап, қоғамдағы теңсіздіктің арасы қандай екенін өзіңіз бағамдай беріңіз.
Qadam: Кәсіптен бөлек тағы бір ерекше қасиетің бар. 5 тілде еркін сөйлейсің: қазақ, ағылшын, жапон, түрік және қытай тілі. Көп тіл білгеннің дәл қазір бағы жанып-ақ тұр. Неге жақсы бір компанияға жұмысқа кірмей, бұл кәсіпке келдің? Осындай сұрақ қойып, мазаңды алатындар да бар шығар?
Сәулет Бақыткелді: Бұл мәселені достарым күнде айтады. Әлі де айтып жүр. Мені Жапонның екі бірдей компаниясы жұмысқа шақырды. Алайда бәрінен бас тарттым. Себебі кәсіп ашып, отандық өнімді шығаруды, соны жолға қоюды студент кезімнен армандадым. Көп тіл білу белгілі бір мақсатым емес, ол қарым-қатынас құралы ғана.
Рақмет! Сәттілік!
«Qadam.asia»