Бизнес

Әділет Рахметолла: Қолыма дрон алсам, өзімді аңшыдай сезінемін

Ол туралы алғаш Арыс оқиғасынан кейін ел тани бастады. Оның суреттері, видеолары әлеуметтік желіде, БАҚ беттерінде жаппай тарап, абыройы артты. Әлемге қазақтың даласын, табиғатын көрсетуге тырысты. Әр туындысы қазақстандықтардың алғысына бөленді.

Қазақы иістің, танымның, болмыстың бәрін бойына жиып, соны объектив көзіне сыйдырған, еркін даланың еркесіне айналып үлгерген видеограф, видеоблогер Әділет Рахметолламен сұқпаттасудың сәті түсті.

Qadam: Әділет мырза, сізді оқырман мобилограф, фотограф, саяхатты ұнататын блогер ретінде таниды. Осылардың қайсысы сізге жақыны?

Әділет Рахметолла: Мені осы аталған саланың бәріне жатқызады. Видеоблогер деп те айтады. Өзім тұмса табиғатты, сұлу әлемді көрсем суретке, видеоға түсіргім келіп тұрады. Сондықтан осылардың бәрі маған жақын деп айтуға болады.

Qadam: Бір постыңызда «Мен өмірден жақсылық іздеймін», «Сіз үшін бақыт деген не?» деп жазыпсыз. Осы сұрақтарды өзіңізге қойып көрсек. Жақсылықты таптыңыз ба және сіз үшін бақыт деген не?

Әділет Рахметолла: Мен үшін бақыт үйден өзіңнің сүйікті жұмысыңа бару және сол жаның қалап істеп жүрген жұмыстан берекелі шаңырағыңға асығу.

Qadam: Видеоларыңыз сіздің жан дүниеңізден сыр шертетіндей. Еркіндік пен шынайы бояулар басым. Өзгелерге қарағанда табиғатты, кеңістікті ұнатасыз. Сізді ол жаққа не жетелейді?

Әділет Рахметолла:  Фотограф әрі видеограф ретінде әдемі, сұлу табиғатты іздеп тұрамын. Оны суретке түсіруге, видеоға алуға асығамын. Табиғатты жақсы көруіме жұмысым тікелей әсер етті.  Менің бұл салада жүргенімен 12 жылдан асты.

Мені табиғатқа сұлулық жетелейді. Соны көру, көргенді фотоға, видеоға түсіріп, өңдеп оқырманға ұсынудан ләззат аламын. Үйде отырып демала алмаймын, керісінше, ауырып қаламын. Ал даладан шабыт аламын, өзімді еркін сезінемін.  Менің өмірім осылай өтіп жатыр…

Qadam: Мен де сіздің тұрақты оқырманыңыздың бірімін. Видеоларыңызды көрген сайын далаға деген, ауылға деген аңсар ауып тұрады. Қай жақтың тумасысыз? Далаға деген, табиғатқа деген махаббат қайдан оянды?

Әділет Рахметолла:  Тұрақты оқырмандарыма тағы да бір алғыс айтқым келеді. Сізге де рақмет. Жалпы оқырмандарымның көп болғаны, олардың қазақ даласымен, білме бермейтін ерекше табиғи орындармен танысқанын, бүкіл әлемнің біздің ел жайлы білгенін қалаймын.

Жамбыл облысына қарасты Қордай ауданы, Кенен Әзірбаев атамыздың ауылында тудым. Ауылда өскен жігітпін. Мектепті сол жақта аяқтап, қой бағып, ауылдағы қара домалақ балалармен ойын қуып өстім.

Алғаш осы фото, видеоға дейін ынта 7-сыныпта басталды. Қолымдағы фотоаппаратпен ақша тауып та жүрдім. Ол кезде қазіргідей емес, локацияға айналадағы ағаштарды, тауларды ала беретін едім.

Qadam: Кей видео, фотоларыңыздан қанық қызыл түсті жиі байқаймыз. Бұл жақсы көретін түсіңіз бе? Мәселен, қып-қызыл қызғалдақты алайық, қызыл көйлекті қыз бен даланы айтуға болады.

Әділет Рахметолла:  Жалпы қара түстен, қара-көк түстерден қашамын. Бұл фотоны да, видеоны да ашпайды. Сондықтан барынша сары, қызыл, ашық түстерді таңдауға тырысамын.

Бұл жерде үйлестіру деген де мәселе бар. Егер адам жасыл киімде болса, оны шөп бетінде немесе жап-жасыл талдардың арасында суретке түсіргеннен пайда жоқ. Адам анық көрінбейді.  Мәселен, қара локацияда ақ киімді адамды суретке түсірген дұрыс. Бір-бірімен үйлесіп тұрады.

Qadam: Дала кезіп, әр таудың, әр жотаның басында қолына дрон ұстап жүрген Әділет нені әлді кімді іздеп жүр? Мақсат, мүддесі қандай?

Әділет Рахметолла:  Мен қолыма дрон алған кезде өзімді аңшыдай сезінемін. Аңға шығатын аңшылар секілді, мен де аңға шығамын. Мен тек табиғаттың аңшысымын.  Аңға шығатын мезгіл болады. Менде де дәл солай. Әр мезгіл сайын өзінің баратын кезі бар.

Мәселен, таңның атысы мен күннің батысын алайық. 5-15 минутқа ғана созылатын сәттерді ұстау керек. Ал соны фотограф, видеографтар күзетеді. Ол бірде әдемі, бірде нашар болуы мүмкін. Жалпы табиғат та әркез әдемі болып тұрмайды. Оның да құбылып, керемет бір түске боялатын кезі бар. Жаңбырдан кейінгі дала, қардан кейінгі көл бетіне біткен мұздар, бәрі де бір үйлесім табуы керек.

Qadam: Шынайы көзді объективке үйлестіре білген адам ретінде айтыңызшы, адамға жетістікке жету үшін, көп табыс табу үшін не нәрсе керек?

Әділет Рахметолла: Кез келген жетістік пен табыстың артында адамның өзі сүйіп қалаған жұмысы тұрады. Бізде өзі жақсы көретін іспен айналысатындардың қатары аз. Содан кейін олар тез шаршайды. Бір жұмыста уақытша деп 15-20 жыл жүреді. Нәтиже жоқ.

Адам етікші болса да, сол жұмысты сүйіп істесе, көп табысқа да кенеледі, жетістікке де жетеді.

Qadam: Балалық шақ туралы түсірген керемет бір видеоңыз бар. Бала Әділеттің арманы орындалды ма?

Әділет Рахметолла: Бала күннен келе жатқан армандарым орындалды. Әлі де орындайтын арман көп. Жалпы ол бітпейтін құбылыс қой. Керісінше, күн сайын армандап, дұрыс мақсат қою керек.

Еліміздің тыныш болғанын қалаймын. Еліне пайдасы тиетін ұрпақ тәрбиелесем деймін. Сыртқы жаудан сақтап, азғындық азайса. Жалпы сапалы қазақтардың саны артса екен.

Qadam:  Кім едіңіз? Кім болдыңыз? Кім болып қаласыз?

Әділет Рахметолла: Жаратқанның әлсіз құлымын. Тау қопарып тастаған ештеңем жоқ. Ерекшелігім де адамдардан артық емес. Тек өзім сүйіп, қалаған ісімді істеп жүрмін.

Сұқпатыңызға рақмет!  

Сұқпаттасқан: Марғұлан Ақан

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button