Технология

Қоқыс-ақпарат: Клиптік сана деген не әрі одан қалай құтыламыз?

Қазір ақпарат ағымы толассыз құйылып жатқан заманда ақпараттық диетаның маңызы өте зор. Ақпараттық гигиена ұстанбаған адам клиптік санаға, таптаурын ойлауға тап болуы мүмкін. Бұл мақалада біз клиптік сананың не екенін, одан қалай құтылу жолын, баланы одан қалай қорғауға болатыны жайлы сөз қозғамақпыз.

Клиптік сана деген не?

Клиптік сана немесе клиптік ойлау. Ағылшын тілінен енген сөз. Үзінді, мәтін не видеоның фрагменті мағынасын білдіретін Clip сөзінен шыққан.

Қазір байқасаңыз, әлеуметтік желі мен сервистегі видеоның ұзақтығы 1 минуттан аспайды. Ал YouTube-тегі видеолардың көбі 15 минут қана. Күрделі, қиын ақпараттың өзі осы уақытқа сыйып кетеді. Ал теледидардан төгіліп жатқан тонна-ақпаратта шек жоқ. Бірінен екінші ауыстыру оңай. Бір жерде ел жаңалықтары айтылып, заң талқылауы боп жатса, енді бір арнада той-думан, ән-күй, енді бірінде жануарлар, енді бірінде ас-тағамды көрсетіп жатады. Яғни, адамның бір ақпаратты ғана қабылдап, соны қорытуына, ой түюіне уақыт жоқ. Бірі екіншісіне қызықтырып, санасын ойлатпай тастайды.

Мұндай ақпарат ағымы адамның шаблонды ойлауына, клиптік сананың қозуына әкеледі. Яғни, әлемді тұтас қабылдаудың орнына, айтары мен түйері, мағынасы жоқ мақұрым ақпараттан үзінді жинап, соның деңгейінде ғана ойлаумен шектеледі.

Клиптік санаға душар болған адам өзі ойланып, өзі шешім қабылдай алмайды. Ақпаратты растауды, оның шын не өтірігіне мән беруді білмейді. Өзінше ізденіп, жағдайдың мән-жайын білуді қаламайды да.

Тек жаңа ақпаратты тұтына бергісі келеді. Жаңалықтар лентасын аңдып, енді не болар екен деумен ашкөздікке салынады. Содан Instagram-да сторис көру, Facebook пен Twitter-ден жаңалық іздеу, лентаның жаңарғанын күту, Тик-токқа «жатып алу» сынды жағымсыз қасиеттер пайда болады.

Клиптік сананың салдары мен зияны

– Клиптің санаға душар болған адамның бір нәрсеге ой жинақтауы қиын. Мәселен, оқушы үйге берген жай тапсырманың өзін сағаттап істеуі мүмкін. Өйткені ойы бөліне береді.

Сараптауы, сыни ойлауы нашарлайды. Логикалық ойлаудан мақұрым қалады. Оқиғаның басы мен аяғын байланыстыра алмай қиналуы мүмкін.

Үлгерімі нашарлайды. Клиптік ойлауға душар болған бала оқығанын тез ұмытып қалады. Мұғалімнің не айтқанын де тез естен шығарып алады. Сондықтан оқу үлгерімі нашарлайды. Емтиханнан өте алмай қиналады.

Өзі ойлана алмайды. Ал өзі ойлана алмаған адамды басқару мен манипулация жасау оңай. Мұндай адамдар – жарнаманың оңай құлы. Бір-екі эмоционалды бейнені көзге көрсетсе жеткілікті – соған еріп кетеді. Арандату да оңай.

Мейірім мен қайырым деген адами қасиеттерден айырылады. Өйткені ақпарат ағымында өмір сүріп жатқан әрі соның тасқынына түсіп кеткен жан біреуге мейірім таныта алмайды. Шынайы ортақтасуды білмейді. Себебі қарапайым. Бір минуттың өзінде әртүрлі ақпарат тұтынады. Әр түрлі эмоционалдық күйде болады да, бастапқы ойды ұмытып кетеді. Содан біреуге шынайы жанашыр болудан қалады.

Клиптік санадан қалай құтылуға болады?

Жалпы, клиптік санаға тап болған адам ойлаудың шабан тартып, бір нәрсені түсінуі, есте сақтауы қиындағанын өзі де сезеді. Ой түюі, ой жинақтауы, ақпаратты толыққанды қабылдауы нашарлайды. Мұндайда ақпаратты қабылдаудың басқа жолдарын іздеген жөн.

1-амал. Әдеби, классикалық кітапты көп оқыңыз және ескі фильмдерді көрген дұрыс.

Әлеуметтік желідегі жазба мен комиксті оқығанды қойыңыз. Тіпті, поп-ғылымды да оқыған дұрыс емес. Оның орнына кәдімгі әдеби том-том кітаптарды оқыңыз. Абайды, Мұхтар Әуезовты, Ілияс Есенберлин мен Әбіш Кекілбаевты, Мұхтар Мағауинді оқыңыз. Әлемдік классиканы да оқуға болады.

Басында ұзан-сонар мәтін мен құлаш-құлаш роман-повест жалықтырып жіберер. Алғашында кітап оқуға 10-15 минут арнаңыз. Кейін ақырыңдап көбейтуге тура келеді. Әдеби шығарманың өз құдіреті бар. Уақыт өте келе, ұзын шығарманы оқуға өзіңіз де үйренісіп кетесіз. Онымен бірге клиптік сана да кетеді.

Ескі фильмнің сюжеті дәл классикалық шығарма сияқты. Оқиға желісі екі-үш жерде өтеді, кадр көп қозғалмайды. Кейіпкерлердің диалогы ұзақ. Бір қарағанда, «мияу» сияқты. Бірақ сау сюжетке қарап сау логикалық ойлауға, саналы ой қорытуға мүмкіндік аласыз.

2-амал. Шығарма мен мазмұндама жазу.

Мазмұндама есте сақтауға, ой жинақтауға көмектеседі. Ал шығарма өз ойыңды сыртқа шығаруға, ойтұжырым жасауға мүмкіндік береді.

Күніне бір парақ мазмұндама жазуды әдетке айналдырыңыз. Жазған дүниеңізді танысыңызға, ата-анаға көрсетіңіз. Оқып, сын айтсын. Қатесін түзетуге көмектессін.

Шығарма жазбасаңыз да тым болмағанда күнделік жазуды әдетке айналдырып көріңіз. Күнделік – адамның шынайы ой-келбетінің көрінісі емес пе?!

3-амал. Пікір таластыру.

Біртоға, тоғышар ойға жол берме. Барынша кең ойлануға тырысыңыз. Сыни ойлаудың орны ерекше. Басқа біреудің әрекеті мен ісін талдап көріңіз. Мәселен, мұғалім сізге «екі қойды» делік, оның себебін сұраудан тартынбаңыз. Өйткені себебін білу сізге маңызды әрі өз ойыңызды да айта білген жөн.

Құрдастарыңмен пікір таластырып, ойын біліп көріңіз. Өз ойыңызды да дәлелдеуге тырысқан абзал. Бірақ пікірталас дауға ұласып кетпесін.

4-амал. Демалыс, каникул.

Қазіргі гаджет заманда ақпараттан толық бас тарту мүмкін емес. Айнала толған жарнама мен билборд. Ақпараттық шудан алыстап, демалыс жариялаған өте маңызды. Оның орнына көңіл қалаған іспен шұғылданыңыз. Бірақ телефон, компьютер мен ноутбукке мүлде қарауға болмайды! Ойды азат етіңіз.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button