BBC: Қазақ даласына киік қайтып келгені – неандерталь адамның тіріліп келгенімен бірдей
Ұлыбританияның BBC қызметі «Жойылып кеткен ақбөкен қайтып оралды» атауымен қазақ даласының антилопасы жайлы мақала жариялады. Басылымның жазуынша, Қазақстан аумағында тараған киік жануарының саны 2019 жылдан бері екі есе көбейіп, 1 млн басқа жетті.
Нақтырақ айтсақ, 2019 жылы 334 мың болған киіктің саны қазір 842 мыңға жеткен екен.
«Бір жылдары киік жаппай қырылып, тау мен таста шашылып жатқан сүйегі халықаралық басылым мен газетте тираждап басылып, әлемдік қауымдастықтың жағасын ұстатқан еді. Қазақстан үкіметінің табиғатты қорғау мен браконьерлікке тыйым салудың арқасында киік санын тез қалпына келтірді», – деп жазады ВВС.
Қазақстан Биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының өкілі Альберт Сәлімгереевтің айтуынша, киіктің тез қалпына келуіне себеп болған тағы бір нәрсе – құралайдың жаппай егіздеуі. Киік көбінесе егізден, кейде 3 лақтан туатын көрінеді.
Айта кеткен жөн. Қазақ даласында өткен ғасырдың 90-жылдары 1 млн-ға жуық киік болған. Бірақ 2000 жылдары күрт азайып кетті. 2003 жылғы санақта небары 21 мың бас киік қана табылған. Ал қазір киіктің саны қайтадан 1 млн-ға жуықтап қалды.
Қазақ даласындағы ақбөкеннің үш популяциясы бар: Орал, Бетпақдала және Үстірт. Әсіресе, Үстірт акбөкені жойылудың аз-ақ алдында қалған. 2015 жылғы санақта 1 мың бас қана қалғаны белгілі болды. Ал биылғы санақта 12 мың басқа жеткені анықталды.
Жер бетіндегі жалғыз жабайы мекен
ВВС-ге сұқпат берген Фауна және Флора халықаралық ұйымының өкілі Дэвид Гилл Орталық Азия даласының – жер бетінде тұмса табиғатын бұзбаған жалғыз жабайы өңір деген анықтама берген екен.
Оның айтуынша, қазір жануары мен хайуанаты өріп жүрген жабайы мекенді табу өте қиын.
«Ал Орталық Азия даласы өзінің тарихи тұмса табиғатын сақтап қалған жалғыз мекен. Ақбөкен бұл кең далада мыңдаған жылдар бұрын қалай өріп жүрсе, қазір де солай. Осынау даланы сақтауға деген құштарлық – адамзаттың табиғатты құтқаруға деген құштарлығының көрінісі», – дейді ол.
Франкфурт зоология қоғамының халықаралық координаторы Стефани Уордтың «ақбөкен – неандерталь дәуірінде қалай өріп жүрсе, қазіргі 21 ғасырда да солай өріп жүрген жалғыз жануар» деп анықтама беріпті.