Холестерин – жасырын жендет. Адамға білдіртпейді. Ағзада көбейіп кеткенін ауруға шалдыққанда бір-ақ біледі. Холестерин әсіресе жүрегі ауыратын адамдарға қатерлі. Қан тамырының ішінде беріш боп қатып қалады да, қан айналымына кедергі жасайды. Содан кедергіге тап болған қанда айдаймын деп жүрек зорығады.
Жалпы, холестерин адамға керек. Ас қорытуға, гормон бөлуге, D дәруменін өндіруге қатысады. Бірақ холестерин қанда көбейіп кетсе, қатер сонда туындайды. Қанда холестерин көбейген соң, ол сіңірге жиналады. Бұл дұрыс емес.
Сондықтар ара-тұра холестериннің көбейіп кетпеуіне де мән беру керек.
Ендеше холестеринді түсіруге көмектесетін әдістерді қарастырып көрелік.
Біріншіден, майлы балық, жаңғақ, зәйтүн майы сынды қанықтығы жоқ майлы тағамдарды жеуді әдетке айналдырыңыз. Бұлар қан тамырын сауықтырып, холестеринді жұмсартады. Содан артық холестерин сыртқа шығады.
Екіншіден, майлы тағамдарды жеуді азайтыңыз. Әсіресе, қуырылған майлы тағамдардан абай болған дұрыс. Тамақты суға асып не буға басып, грильге салып дайындаған жөн. Етті асып жеген пайдалы.
Жасұнық мол азық-түлік жеген жөн. Ересек адам күніне 30 грамм жасұнық жеуі керек. Жасұнық астық тұқымдас дәнді-дақылдарда (қарақұмық), көкөніс пен жеміс-жидекте, жаңғақ пен шемішкеде, бұршақта, сұлы мен арпада мол болады.
Жасұнық қан тамыры үшін сыпыртқы сияқты: артық холестеринді жұлып әкетеді.
Төртіншіден, көбірек қозғалуға тырысыңыз. Спортпен айналысу, жаяу жүру, серуендеу, қара жұмыс істеу – осының бәрі қозғалыс. Күніне кем дегенде 150 минут жаяу жүрген, қандай да бір қозғалыста болған абзал.
Бесінші жолы – холестерин тоқтатушы дәрілер ішу. Мұны статин деп атайды. Оны дәрігерлер жазып береді. Көбінесе, жүрегі ауыратын адамдарға керек. Сондықтан оны ішер алдында дәрігермен ақылдасқан жөн.