Мәдениет

«Сәке» және «Жаңалықтар қызметі» сериалының қандай ұқсастығы бар?

Көрерменге жол тартып, көптің көкейінен шыққан “Сәке” сериалының жаңа маусымы, екінші бөлімі басталды. “Статистикаға жұмыс істеуді қою керек” деп аталатын бұл бөлімде әкімнің аяқастынан шындықты айтып, статистиканың бәрі өтірік екенін ашып салғаны, сериалдағы студенттерден бастап, көріп отырған көрерменге дейін ұнады. Сериалдың алғашқы маусымы да ерекше ілтипатқа ие болаған. Тек жаңа маусымдағы сериалдың бірінші бөлімінде студенттер арасынан тұрып, сұрақ қойған қызға жауап бергені, жанындағы депутаттарды тығырыққа тіреп тұрып, жаңа бір ерекше форматта бой көрсетуі, “Жаңалықтар қызметі” деп аталатын сериалды көргендер үшін таңсық емес болар.

2012-2014 жылдар аралығында түсірілген “Жаңалықтар қызметі” сериалын журналистер қауымы жақсы біледі. АҚШ-та түсірілген, телеарна қызметіндегі қызу жұмыс, күнделікті оқиғалар, сараптама, журналистердің атқаратын міндеті секілді ерекшеліктерді тізбектеген сериалдың ең бірінші бөлімі біз айтып отырған “Сәке” сериалындағы сценарийімен ұқсас.

Басты рөлді сомдайтын, арнаның жаңалықтар бөлімін жүргізетін Уилл Макэвой студенттермен кездесу барысында қасындағы әрістептері, басшылық айтып отырған сандармен келісетінін, соларға қосылатынын айтады. Алайда модератор сұраққа кеңінен жауап беруін сұрайды. Ал шындықты айтуға түрткі болған, студенттердің бірі “олай емес қой” деген жазбаны көрсеткеннен басталады. Осыдан кейін арна жүргізушісі әрі лауазымды тұлға ретінде саналатын Уилл Американың ұлы держава емес екенін, статистика бойынша кей сала бойынша әлемдегі ең нашар елдерден де төмен тұратынын тілге тиек етіп, студенттер күтпеген жауапты жайып салады.

“Сәке” сериалының жаңа маусымындағы жаңа бөлімі де дәл осындай ұқсастықпен басталады. Әкімнің шындықты айтуына явкаға жиналып отырған студенттердің ішіндегі қыздың қайта-қайта сұрақ қойып, арын мазалайтын сөз айтқанынан туындайды.

Әкім де статистикалардың өтірік екенін, өмірдегі жағдайдың мүлде басқаша екенін жайып салады. Студенттер телефонын алып, видеоға түсіре бастайды.

Американың “Жаңалықтар қызметі” сериалы мен Қазақстан түсірген “Сәке” сериалының бұл ұқсастығының соңы екі түрлі жағдайда аяқталады. Арна жүргізушісі орнында қалады және жұмысын жалғастырып, атақ-даңққа ие болады. Ал шындықты айтқан әкім жұмыстан қуылып, тіпті қай жерге барса да, қадірі қалмағанын түсінеді.

Ұқсас мақалалар

Back to top button