Мәдениет

Қазақ тілінің мәртебесін мемлекеттік бағдарламалар емес, қарапайым жастар көтеріп жүр

Саяси жүйе, экономика, әлеуметтік даму, халықтың жағдайын жақсарту секілді маңызды әрі өзекті мәселеге бас қатыратын тұста, қазақ тілінің, қазақ тіліндегі контенттің жырын айтып жүрміз. 30 жыл бойы қазақ тілінің көсегесін көгертіп, атағын аспаннан шығар алмадық. Шындығында, солай ма? Жұрт айтатындай, «қазақ тілінде ештеңе жоқ» дейтін түсінік миф әлде факт?

Жаңа технология, жаңа заманның күн сайын өзгеріп, әлемді түрлі-түсті бояуға бояп жатқанын сауатты оқырманның бәрі көріп отыр. Бұл өзгерісті қазақ контенті көрмей, білмей қалды ма? Әрине, жоқ. Көріп отыр, біліп отыр, ақпаратты да беруге тырысып жатыр. Кез келген әлеуметтік желіні алайық, қазақтың төл әріптерімен жазылған ақпаратты көре аласыз. Тек қазақша іздеңіз. Қазақша контент көбейіп кетті деуден аулақпыз. Дегенмен «жоқ» деген сөзге жабысып, «бар» дегеннің құнын түсірмеу керек.

Пандемиядан кейін қазақша контентті дамытуға бет бұрған блогерлердің, медиа бірлестіктердің, қарапайым инстаграмдағы шығармашылық топтың жұмыстары күрт өсті. Қуантарлық жағдай. Ендеше неге қазақша контентті жоқ деуден әрі аспай жүрміз.

Қазақ тілінің қандай екенін, оның кімнің тілі екенін, заң жүзінде қандай тіл екенін де айтып жату артық болар. Өзінің үй, тұрағы, Отаны бар тілдің өгейсіп кетуіне кім кінәлі? Қазақша контенттің нарықта еркін жұмыс істеуіне кім кері ықпал жасап жатыр? Осы сұрақ төңірегінде ойланып көрдік пе?

Елдегі шетелдік компаниялардың дені қазақша ақпарат беруді міндет санамайды. Сыйластық туралы сөзді кейінге қалдырайық. Ал осы бағытта «Қазақша жаз» қозғалысы, олардың соңғы 1 жыл ішінде жасаған жұмыстары бұл жалғасып келе жатқан үрдісті тоқтатты. «Менмін» дегеннің бәрі қазақша жазуға кірісті. Тек қалай жазып жүр? Бізде қазақша контент жоқ емес, бар. Алайда сапа мен сауаттылық жағынан, аударма тұсынан келгенде ақсап қаламыз.

Ірі компаниялар пиар немесе қазақша SMM жағын дамытуға келген кезде қазақ тілінде қызмет көрсететін агенттіктермен жұмыс істеуді шығын деп есептейді де, оның орнына ай сайын шағын жалақы беріп, маман ала салғанды дұрыс санайды немесе goole мен яндекстің аударма бөлімін таңдайды. Осыдан кейін орыс тілінен тіке қазақ тіліне аударылған жарнама мәтіннің, пиар жағынан жасалған түсініктің нақты айтылу керек формасы өзгеріп кетеді.

Facebook әлеуметтік желісіндегі қазақшаның жағдайы белгілі. Нан табу үшін өмір сүріп жатқан сайттардың басым бөлігі шоу-бизнес, атыс пен шабыс, төсек пен өсек айналасындағы ақпаратты тоғытады. Ол жердегі мақсаты біреу ғана. Ол — оқырман әкелу. Жаппай белден төмен жазылып жатқан контентке қарап бәлкім, «қазақша контент жоқ» дегенді сылтау қылатын болармыз. Ендеше өзгеріс қай жақта?

Өзгеріс инстаграм жақта жүріп жатыр. Бұл жақта қазақша контенттің сапасы көтеруге, дұрыс әрі түсінікті ақпарат беруге тырысып қана қоймай, үлкен нәтиже көрсетіп жатқандар бар. Солардың артында тұрғанда кілең жастар. Жаңаша ойлайтын, жаңа заманның өзгерісін қабылдай алатын топ. Атап айтқанда: factcheck_kz (тексерілген нақты ақпарат), yu_otpan_clu (жастарға креативті түрде тарихы оқытып жүрген парақш), tarmaqtar (ақын өлеңдерінен үзінді), kazakbubble (тілтану, грамматика, лексика, әлеумет), janasozdik (қоғамға лайықтап қазақша жаңа термин ойлап табатын парақша), masa.media.kz (саясат, адам құқығы мен заңнама туралы басылым), qazaqshajaz (қазақша контенттің саны мен сапасын көтеруге ат салысып жүрген парақша), qazaqgrammer (қазақ тілі туралы сауатты ақпарат алаңы) және qadam.asia (оқырманға қызық әрі креатив идея арқылы қазақша ақпаратты модернизациялап жүрген парақша) секілді т.б топтар бар.

Бұл жерде жазып отырғанымыз тек шеті ғана. Бұдан да бөлек әлі іздесек, қазақша контент дайындап жүрген түрлі парақшаларды тауып алуға болады. Бір нәрсені мойындау керек: әлеуметтік желі баланың ойын алаңы емес. Бұл жерде үлкен аудитория шоғырланған. Бизнес жасайтын адамдар ауадан ақша тауып, байып кетпейді. Ол шоғырланған аудиторияның қалтасындағы әр тиыннан нан табады. Олай болса, үлкен аудитория отырған жерде үлкен ақша да бар деген сөз. Үлкен ақша айналып жатқан жерде қазақ тілінің де жүруге толыққанды құқығы бар.

Біз келтіріп отырған парақшалар тек инстаграмдағы дұрыс бағытта дамып келе жатқандардың санаулысы ғана. Ал бұл жерге Youtube, TikTok пен телеграм мессенджерін тағы қосыңыз. Ол жақта да қазақша ақпарат беруге әрекет етіп, тырсып жатқан топтар, жастар бар.

Қорыта келгенде, «ештеңе жоқ» деп айту үшін, жоғарыда аталған еңбектердің бәрін жоққа шығару керек. Олардың артында үлкен ұжым бар. Әр ұжымдағы әр адамның еңбегі, энергиясы, уақыты пен күші бар.

Мемлекет жыл сайын тілдің мәртебесін көтеру үшін түрлі бағдарлама ойлап тауып, оны жүзеге асыру үшін форумдар мен конференциялар ұйымдастырып, біреуді марапаттап не біреуді қаржылай қолдап жылы жабады. Ал шындығында, мемлекетке қол жаймай, ешкімнен ештеңе талап етпей, қарапайым жолмен ғана қазақ тіліне үлес қосып жатқандар көп. Егер қазақ тілінде шынымен де сауатты әрі сапалы ақпараттың, контенттің көбейгенін қаласақ, осы жолда еңбектеніп жүрген жастарға көмектесу керек.

Кез келген бизнесте табыс болмаса, ол банкрот болатыны белгілі. Сол секілді жігер мен шабыты бар, шығармашылық жақтан үлкен істерді атқара алатын жастардың банкрот болатын жағын ұмытпау керек. Тегін істің артында тек «бәрекелді» деген сөз тұрмауы тиіс. Қаржылай қолдау, көмектесу, жағдайын жасауға бағытталған нақты әрекет қажеті. Олай болмағанда, қазір ешқандай табыс таппай, ет қызумен жұмыс істеп жатқан сапалы контенттің де ұзаққа бармайтыны белгілі. Жас дегеннің бәрі жас болып қалмайды. Отбасы, жеке әлеуметтік проблемасы бар. Соны шешетін, соны шешуге болатын материалдық жақтан көмек болса, олар осы бетте қазақша контенттің көсеуін ұстағаны, ұстаған.

Марғұлан АҚАН

Дереккөз
Фото ашық дереккөзден

Ұқсас мақалалар

Back to top button