Қоғам

Қазір не ұят, не ұят емес?

Соңғы кезде «ұят» ұғымына қатысты талқылаулар көбейді. Тіптен, қоғамда екі түрлі көзқарас пайда болды. Бірінші топ екінші топты «ұятсыз» деп атаса, екінші топ бірінші топты «ұятмэн» дейді.

Мәдениеттанушылардың пікірінше, «кез келген сөз (ұғым) жаппай қолданысқа енгенде, сокральдық қасиетінен айырылады» екен. Бұл сөздің жаны бар секілді. Өйткені ұят сөзі қазақы дүниетанымда философиялық контекстте қолданылатын. Ал қазір сокральдық қасиетінен айырылып, кім көрінгеннің талқысына айналғандай көрінеді. 

Ұят сөзінің трендке айналуының басқа да себебі бар шығар… 

«Ұятмэн» ұғымы қайдан шықты?

Жоғарыдағы «кім көрінгеннің талқысы» деген тіркеске мән берейік. Біз демократиялық принциптерге арқа сүйеген елміз. Демек, «кім көрінген» деген адам болмайды. Көпшілігіміздің қателесетін жеріміз осы. 

Қоғамдағы кез келген мәселені талқылауға, кез келген жағдайға көзқарасымызды білдіруге әрқайсымыздың құқығымыз бар. Бұл біздің хақымыз. 

Сол сияқты, «ұятқа» байланысты пікір білдіруге әркім-ақ құқылы. Көзқарасымызбен сәйкеспесе де, өзгенің пікірін құрметтеуіміз қажет. 

Тағы бір жайт, «ұятмэндер» негізінен 40-45 жастан асқан адамдар болып келеді. Түрлендіріп айтсақ, өмірде тәжірибесі мол, ақыл тоқтатқан, тәрбиелік құндылықтарға жақын адамдар. Олардың дені қоғамның бір қалыпта тұрғанын, ұл-қыздарының тәрбиелі болып өскенін қалайды. Тәрбиенің негізі – дәстүрлі құндылықтарда деп сенеді. 

Біздіңше, бұл сенім қате емес. Бірақ, олар тәрбиенің өзге де альтернативтері барын түсіне алмайды. Анығы, түсінуге тырыспайды. Ал жастар жаңашылдығымен, сергек идеяларымен келеді. Кейде тәжірибесіздіктен өз идеяларын жеткізудің тетігін дұрыс таңдай алмайтын жағдайлар да кездеседі. Мысал үшін, Шырын есімді бойжеткеннің жалаңаш денесіне ұлттық әшекейлер тағынып, әлеуметтік желіге салуы. 

Әрине, бұл көпшіліктің ашуын туғызады. Осыдан келіп, жастарға ұят жайлы том-том мораль оқылады. Ересектер тарапынан заманауи құндылықтар «жауапқа тартылады». Өз көзқарастарын білдірген жастар тыңдалмай қалады. 

Осы кезде протест ретінде «ұятмэн» ұғымы дүниеге келді. 

Қазақы ұятты қорғаған адамның бәрі ұятмэн бе?

Ұятмэн – заманауи құндылықтар мен жастардың пікірін мойындамайтын, тәрбие деген сөзді үнемі айтқанымен, өздері жемқорлық, алаяқтық сынды әрекеттер жасайтын адамдар. 

Бірақ, бұл дәстүрлі құндылықтарға қарсы топтың пікірі. Шындығы бар болса да, өзге бір топты кемсіту мағынасында ойлап табылғанын жоққа шығара алмаймыз. 

Мұны екі түрлі қоғамдық формацияның қақтығысынан туған ұғым деп те айтуға негіз бар: дәстүрлі өмір салты мен модернизацияның текетіресі.

Әлемдік тәжірибелерге сүйене отырып, хиппилерді мысалға келтіруге болады. Олар да қатып қалған қағидаларға қарсылық білдіріп, өздерінше өмір салтын ұстана бастады. Киім киістері, шаш үлгілері, қоғамнан оңашалануы, түрлі саяси-әлеуметтік оқиғаларға немқұрайдылық танытуы хиппилердің қарсылығының көрінісі еді. Осыдан келіп субмәдениет қалыптасты. 

Бұл жемісті жол еді. Біздің заманауи жастар да осындай протест білдіріп жатқандай әсер қалдырады. Бірақ, ғасырлар бойы келе жатқан тұрмыстық-рухани құндылықтарды мүлде мойындамау қателікке ұрындыруы мүмкін екенін де ұмытпайық. 

Өзгерісті қалаған жастар өздері аңсаған қоғам орнатудың басқа тетіктерін – мәдениетті тетіктерін табуы керек секілді.  Шындығында, субмәдениет «ұятмэн» деген сияқты ұғымдарды қалыптастыруға қабілетті. Бірақ бұл ешкімнің ар-ожданын қорламауы қажет. 

«Ұятмэн» ұғымы – белгілі дәрежеде өзгенің ар-ожданына қол сұғу. Иә, әуелі өздері жастардың ерік бостандығына қол сұқты дейтін боларсыз. Дегенмен, ұятмэндердің арасында ата-анамыз, өзіміз құрметтейтін аға-әпкелеріміз бар екенін ұмытпайық. Олар – қазақы ұяттың, тәрбиенің қорғаушылары. Олар ұятмэндер емес…

Қазір не ұят, не ұят емес?

Біз неден ұялуымыз қажет:

  • Мемлекеттік рәміздеріміз бен ұлттық киімдерімізді құрметтемеу – ұят;
  • Ана тіліңде сөйлей алмау, үйренуге талпынбау – ұят;
  • Өзгеге ақыл айтып, өзің соған лайық болмау – ұят;
  • Пара беру, пара алу – ұят;
  • Әйеліңе қол көтеру, балаларыңды ұрып-соғу – ұят;
  • Дүниеге келген балаңды қоқысқа лақтыру – ұят;
  • Өзгеге жеке басына қатысты сұрақтар қою – ұят;
  • Ұлттық тұлғаларымызды келеке ету – ұят. 

Ешқандай да ұят емес: 

  • Ата-анаңа өз көзқарасыңды айту – ұят емес;
  • Күйеуі қол көтерсе, шағымдану – ұят емес;
  • Қоғамда белсенді болу немесе оңашалану – ұят емес;
  • Өз таңдауыңды жасау – ұят емес;
  • Жалақысы аз болса да, өзің сүйген іспен айналысу – ұят емес;
  • Жыныстық сауаттылыққа қатысты ата-анаңнан сұрау – ұят емес; 
  • Заманға сай өмір сүру – ұят емес;
  • «Ұят болады» деген стереотиптен арылу – ұят емес.

Ал, төмендегі әрекеттерді жасау ұят па, ұят емес пе? 

  • Ашық киіну;
  • Денеге тату салдыру;
  • Балаға шетелдік есімдер қою;
  • Шашыңды қызылды-жасылды түстерге бояу;
  • Өзге ұлт өкілімен отбасын құру;
  • Қыздарға темекі шегу;
  • Ұлдарға сырға тағу;
  • Танымал болу үшін хайп қуу.

Сіз қалай ойлайсыз?

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button