Ғылым

Математиканы түсінуге көмектесетін ТОП-7 кітап

Qadam.Asia сайты белгілі бір сала бойынша білімін кеңейткісі келетін жандарға арнап ең қызықты кітаптар тізімін ұсынатын болады. Бұл материалда сіз математиканы түсінуге көмектесетін ТОП-7 кітаппен танысасыз.

БАРБАРА ОАКЛИ «МАТЕМАТИК СИЯҚТЫ ОЙЛАН»

«Математиктер – таңғажайып интеллектуалды қабілетке ие адамдар. Ондай қабілетті бала кезден жетілдіру керек. Кез келген адамға математикалық ойлау жүйесі дари бермейді» деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Алайда америкалық ғалым, инженер Барбара Оакли әр адам өзінің ойлау жүйесін өзгерте алатындығын және барлық нақты ғылым мамандарының қолданатын тәсілдерін игере алатындығын дәлелдейді. Кітап өте қызықты, пайдалы ақпараттарға толы.

РИХАРД КУРАНТ, ГЕРБЕРТ РОББИНС «МАТЕМАТИКА ДЕГЕНІМІЗ НЕ?»

Әйгілі математик Рихард Куранттың Герберт Роббинспен бірге жазған кітабында сандар теориясы, комбинаторика, эвклидтік геометрия, проективті геометрия, эвклидтік емес геометрия, дифференциалды геометрия және топология, алгебралық топология, математикалық анализ тақырыптары қамтылған. Оқырман қарапайым ұғымдардан бастап, қазіргі ғылымның маңызды салалары жайында толық мәліметтер ала алады. Кітап өте түсінікті тілде жазылған және математика саласындағы классикаға айналған шығарма боп есептеледі.

СТИВЕН СТРОГАЦ «хТЕН ЛӘЗЗАТ АЛ»

2010 жылы Стивен Строгац Тhe New York Times газетіне математика негіздері туралы бірқатар мақалалар жазады. Мақалалар оқырман тарапынан өте жоғары деңгейде бағаланады. Газет бағанында жарияланған әр мақала ең оқылымды мақалаға айналып, жүздеген пікірлер жазылған. Газет оқырмандары хат жазып, тағы да жаңа материал жазуын талап ете бастайды. Стивен Строгацтың «х-тен ләззат ал» кітабы осындай махаббатпен жарық көрген.

Стивен Строгац – сіз мектепте армандаған математика пәнінің мұғалімі. Егер оқушы кезіңізде математиканы жек көріп, түк түсінбей өтсеңіз, «х-тен ләззат ал» кітабын оқып, математиканы меңгеруге екінші рет мүмкіндік алыңыз.

АВИНАШ ДИКСИТ, БАРРИ НЕЙЛБАФФ «ОЙЫН ТЕОРИЯСЫ»

Әскер басшысынан бастап, карта ойыншысына дейін барлығының басында бір ескі проблема бар: «егер қарсыластың не ойлайтынын білмесең, қандай стратегияны таңдауға болады?» Мұндай мәселелерді қарастыратын қолданбалы математиканың «ойын теориясы» деп аталатын бөлімі бар. Бір адамның жеңісі екінші адамның жеңілісіне тең болатын ережені алғаш рет математиктер 1920 жылдары ойлап тапты. Авинаш Диксит пен Барри Нейлбаффтың бірігіп жазған кітаптары стратегияны жақсы көретін кез келген оқырманға арналады.

КЛИФФОРД ПИКОВЕР «ҰЛЫ МАТЕМАТИКА. ПИФАГОРДАН 57 ӨЛШЕМДІ НЫСАНДАРҒА ДЕЙІН»

Кітапта математиканың дамуына байланысты 250 иллюстрациялы тарихи эссе берілген. Әрбір эсседе математикалық жетістіктердің квинтэссенциясын көрсетеді. Кітаптың авторы Клиффорд Пиковер – ғылымды дәріптеуші тамаша журналист, Йель университетінің түлегі, математика, физика, медицина, дін, информатика және т .б. ғылым салалары бойынша 40-тан астам танымал ғылыми кітаптар жазған, кітаптарының көпшілігі шет тілдеріне аударылған. «Ұлы математика» кітабы математикамен әуестенетін барлық оқырманға арналады.

СТЮАРТ ИЭН «ЕҢ ҒАЛАМАТ МАТЕМАТИКАЛЫҚ ЕСЕПТЕР»

Жай сандар заңдылықтары, Ферма теоремасы, Пуанкаре гипотезасы, Кеплердің сфералық симметриясы, Пи санының құпиясы, аспан механикасындағы орбиталық хаос – көпшілігіміз заманауи математиканың түсініксіз құпиялары мен жұмбақтары жайында естігеніміз болмаса, нақты біле бермейміз. Бір қызығы, бұл ғылымның мақсаты – ең күрделі мәселелердің ішкі қарапайымдылығын ашу. Ағылшын математигі және ғылымды көпшілікке таратушы профессор Стюарт Иэн оқырманға психологиялық барьерлерді жеңуге көмектесе отыра, ең қиын деген математикалық заңдылықтарды қарапайым тілде түсіндіріп береді.

АРТУР БЕНДЖАМИН, МАЙКЛ ШЕРМЕР «САНДАР СИҚЫРЫ»

Бұл кітап сізге калькулятормен есептегенге қарағанда, ойша тезірек санауды, үлкен сандарды есте сақтауды және математикамен рахаттануды үйретеді. Кез келген адам ойша, жоғары жылдамдықта үлкен сандарды көбейтуге, бөлуге, дәрежелеуге және басқа да амалдарды жасауға қабілетті. Ол үшін ондаған мың мысалды шешудің, жылдар бойы үйренудің қажеті жоқ – осы кітапта сипатталған қарапайым әдістерді қолдасаңыз жетіп жатыр.

Qadam.Asia

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button