Бизнес

ТОП-5: Маркетингтің ерекше әдісін тапқан компаниялар

Өнімін жарнамалаудың арқасында үлкен табысқа кенелген компаниялар жетерлік. Бірақ, жарнаманы ерекшелеп жасай алу өте маңызды.

Бір қарағанда, айналадағы жарнамаларға көз сүрінеді. Тіптен, қарағың да келмейтіндей. Сондықтан, бәрінің назарын аударатындай жарнама жасау үшін маркетологтар талмай ізденеді. Кейбір компаниялар сол үшін миллиондарын жұмсаса, кейбір компаниялар еш шығынсыз-ақ бұл істің үдесінен шығып жатады.

«Qadam.asia» кәсіпкерлерді табысқа кенелткен ТОП-5 маркетинг әдістерін ұсынады.

Мэрилин Монроның әйгілі суреті жарнама үшін әдейі ұйымдастырылған

Мэрилин Монроның күйеуімен ажырасуына себеп болған атақты фотосуреті жарнамалық трюк еді. Көйлек желдеткіш тордан шыққан ауаның себебінен табиғи түрде көтерілмеген. Көйлекті қуатты желдеткіш аппарат көтереді және сол сәтте актрисаның айналасында көптеген адамдар жиналып қалады. Бұл көріністің куәсіне айналған осынау көрермен де арнайы шақырылған болатын.

Мэрилиннің күйеуі Джо Ди Маджо да жиналған көпшіліктің арасында болады. Сол арада Джо әйелінің етегі көтеріліп тұрғанына қатты ашуланады. Ал, әйгілі фотосурет әлемнің барлық дерлік баспасөзінде жарияланды.

Фотосурет арнайы жарнамалық мақсатта «Жетінші жылдың желігі» («The Seven Year Itch») фильмі үшін түсірілген еді. Осының арқасында фильмнің прокаты бірнеше есеге артқан.

«3М» компаниясы өз өнімдерінің ең мықты әйнектер екеніне қалай сендірді?

«3М» компаниясы Security Glass берік әйнектерінің сатылымын ұлғайту үшін ерекше жарнама ойлап тапқысы келеді. Сөйтіп, Канададағы Ванкувер қаласының көшелеріне ішіне ақша толтырылған шыны стендтер орнатады. Шарты: әйнекті ұрып сындыра алсаңыз, ішіндегі барлық ақшаны аласыз.

Жарнамалық акция кезінде қала тұрғындарының ешқайсысы стендтегі ақшаға қол жеткізе алмайды. Себебі, бұл әйнек барлық соққыны көтере алған еді. Есесіне, Security Glass берік әйнектерінің сатылымы бірден өскен.

Ким Кардашянның «Skims» өнімдерін сатудағы қулығы

Компанияның ресми сайтында адам терісімен түстес 9 түрлі реңдегі колготкалар мен іш киімдер өте аз данамен сатылымға шыққаны жарияланады. Осының арқасында халықты бір дүрліктіріп алмақ болады.

Кимнің командасы бұл жерде сендіру психологиясына негізделген Роберт Чалдинидің дефицит принципін қолданған еді. Бұл дегеніміз – тауар неғұрлым аз және оны алу неғұрлым қиын болса, біз үшін соғұрлым құнды затқа айналады да, сатып алуға асығамыз.

Taxi Stockholm-мен бір жерге барар болсаңыз, жолда тегін психотерапия сеансын қабылдайсыз

Taxi Stockholm клиенттерді тартудың ерекше жолын табады: таксиге отырсаңыз, жол бойы тегін психотерапия сеансы жүргізіледі. Тіптен, такси қызметінің тұтынушылары сайтқа кіріп, өзі қалаған терапевтті таңдай алады. Сеанс үшін жол жүру құны өспейді, ал жүргізуші мен терапевт құпиялылықты сақтауға міндеттеледі.

2014 жылы ұсынылған бұл ерекше қызмет компания үшін өте сәтті қадам болады. Үлкен табысқа кенелген компания бүгінгі күнге дейін сұранысқа ие. Егер қаласаңыз, терапевтсіз тек жүргізушімен бірге сапар шегуге де болады.

Kylie Cosmetics өнімін танымал еткен вирустық челлендж

Кайли Дженнерге тиесілі Kylie Cosmetics бастапқы кезеңде көпшіліктің назарын ерін филлеріне қатысты жанжалмен аударған болатын. Ол филлер қолданылғанын жоққа шығарып, фотосуреттегі эффектті жақсы таңдалған макияжбен түсіндірді.

Ақыры мұнымен ешкімді сендіре алмайтынын түсінген кезде, ол мұны маркетингтік қадам ретінде қолдануға шешім қабылдады. Кайлидің ұйымдастыруымен әлеуметтік желілерде жасөспірімдер вирустық жылдамдықпен тараған «Кайли Дженнердің ерін челленджін» (Kylie Jenner Lip Challenge) бастайды. Осының арқасында оның алғашқы ерін далабы 30 секундтың ішінде сатылған.

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button