Физиканы түсінуге көмектесетін ТОП-9 кітап
Qadam.Asia сайты белгілі бір сала бойынша білімін кеңейткісі келетін жандарға арнап ең қызықты кітаптар тізімін ұсынатын болады. Бұл материалда сіз физиканы түсінуге көмектесетін ТОП-9 кітаппен танысасыз.
КЛИФФОРД ПИКОВЕР «ҰЛЫ ФИЗИКА»
Клиффорд Пиковер – белгілі ғалым, ғылымды танымал етушілердің бірі. Оның «Ұлы физика» кітабы – өткен ғасырлардағы ойшылдардан бастап, қазіргі замандастарымызға дейінгі көрнекті ғалымдардың ұлы ашылулары туралы тамаша эсселер жинағынан тұрады. Мұнда Пифагор, Максвелл, Эйнштейн, Хокинг және басқа да тұлғалардың еңбектері қамтылған. Бұл керемет суреттермен безендірілген кітап адамзаттың ұлы ойшылдарының ғасырлар бойы іздеген ең маңызды мәселелеріне: әлем қалай құрылған, оның өткені мен болашағы қандай және адамдар онда қандай орын алады деген сұрақтарға қызығушылық танытқандарға арналады.
«ФЕЙНМАН ДӘРІСТЕРІ»
Әдетте, бұл курс ойлау өрісінің аясын кеңейтетін және физика түсінігін тереңдететін қосымша әдебиет ретінде ұсынылады. Сондай-ақ, мұны, керісінше, физиканы тым терең зерттегісі келмейтіндерге де оқыса болады. Физиканың ғылым ретіндегі негізгі принциптерімен ғана танысып, оны математикалық аппарат деңгейінде емес, жалпы түсіну деңгейінде меңгергісі келетіндерге де арналатынын ескертеміз.
СТИВЕН ХОКИНГТІҢ СЕРИЯЛЫ КІТАПТАРЫ
Қатты оқымыстыларға, қарапайым оқымыстыларға, жартылай оқымыстыларға, сондай-ақ гуманитарийлерге де оқуға ұсынамыз.
«ҚЫЗЫҚТЫ ФИЗИКА»
Көпшілігі физикамен таныстығын осы танымдық кітаптан бастағаны белгілі. Кітап оқушыларға арналғанымен, кез келген жаста оқуға болатын өте пайдалы, қызықты кітап.
ЛЕОНАРД САССКИНД, ДЖОРДЖ ГРАБОВСКИ «ТЕОРИЯЛЫҚ МИНИМУМ»
Әйгілі америкалық ғалымдар Леонард Сасскинд пен Джордж Грабовски ізденуші ойшылдар үшін математика мен физика бойынша кіріспе курсын стандартпен шектелмейтін айрықша форматта ұсынады. Физика заңдарын теңдеулер мен формулаларсыз түсіндіруге тырысатын басқа танымал ғылыми кітаптардан айырмашылығы – авторлар оқырманға жаратылыстану ғылымдарының классикалық негіздерін үйретеді.
«Д.В.СИВУХИННІҢ ЖАЛПЫ ФИЗИКА КУРСЫ»
Емтиханға дайындалып жүрсіз бе? Онда бұл кітап міндетті түрде қажетіңізге жарайды! Бұл кітап көптеген елдерде кеңінен танымал 5 томдық физика курсынан тұрады. Кітап автордың Мәскеу физика-техникалық институтының студенттеріне бірнеше жылдар бойы оқыған дәрістері негізінде жазылған. Физиканың негізгі заңдары мен ұғымдарының мағынасын, мазмұнын анықтауға, студенттердің физикалық ойлау дағдыларын дамытуға және нақты міндеттерді қойып, тапсырмаларды шешуге бағытталған.
«И.В.САВЕЛЬЕВТІҢ ЖАЛПЫ ФИЗИКА КУРСЫ»
Біз физика пәндерін оқу үшін Ресейдің жетекші университеттері ұсынған оқулықтармен таныстыруды жалғастырамыз. Егер Д.В.Сивухиннің физикадан жалпы курсы сізге тым күрделі болып көрінсе, онда И.В.Савельевтің курсына назар аударыңыз. Жетекші оқу орындарының физикалық факультеттерінде бұл кітаптар әдебиеттер тізімінде әрдайым кездеседі және қосымша әдебиеттер ретінде міндетті түрде ұсынылады. Күрделі тақырыпты зерттеуді осы кітаптан бастап, содан кейін Сивухиндегі толық сипаттамамен таныссаңыз болады.
«БЕРКЛЕЕВТІҢ ЖАЛПЫ ФИЗИКА КУРСЫ»
Ағылшын тілінен аударылған жалпы физика курсына арналған танымал 2 кітап бар: оның бірі жоғарыда айтылған Фейнман дәрістері және екіншісі Берклеев курсы. Осы кітаптар кітапханаңызда міндетті түрде болу керек.
Берклеевтің жалпы физика курсы сіз білетін басқа жалпы физика курстарынан біршама ерекшеленеді. Бұл кітап бірінші дәрежелі физик-теоретиктерді даярлау үшін арнайы жазылған, сондықтан математикалық және психологиялық алғашқы дайындықты қажет етеді. Бұл оқулықтың материалдарын ұзақ әрі мұқият зерделеуге дайын болуыңыз керек. Екінші жағынан, егер сіз университеттің негізгі бағдарламасын сәтті меңгеретін болсаңыз, онда осы курстың кітаптары сіздің біліміңіз бен пән туралы түсінігіңізді тереңдетуге мүмкіндік береді. Берклеев курсының кітаптарын әдетте біздің физикалық факультеттерде қосымша әдебиет ретінде ұсынады.
ЭЙНШТЕЙННІҢ КІТАПТАРЫ
Альберт Эйнштейн – тек ғылыми еңбектердің ғана емес, сонымен бірге, өзі ашқан жаңалықтардың теориясын түсіндіретін бірқатар мақалалардың да авторы. Егер салыстырмалылық теориясымен тереңірек танысқыңыз келсе, автордың мақалалары мен еңбектерін бір қарап шығыңыз.