Бизнес

Қауіпсіз төлемдер

Қалтадан емес, қазір картадан ақша ұрлайтын алаяқтар пайда болғаны рас. Олардың құрығына қанша адам түсіп, қомақты соммадан айырылды. Алайда, төлем картасындағы ақшаны қорғау іс жүзінде қиын емес, тек барынша қырағылық таныту жеткілікті. Сондықтан қауіпсіздіктің негізгі ережелерін еске түсірейік.

Карта туралы мәліметті ешқайда сақтамаңыз

Интернеттегі карта туралы деректерді қадағалаңыз. Мысалы, егер сіз интернет-дүкеннен тағы бір тауар сатып алып жатқанда, сізден банк картасының мәліметтерін қайтадан енгізуді сұрамаса, менеджерлермен хабарласыңыз және картаңыз жайлы ақпаратты жоюды сұраңыз, әйтпесе оны жеке мақсатта басқа біреу пайдалануы мүмкін

Интернет төлемдерге шектеу қойыңыз

Шектеу дегенміз – бұл бір күн немесе ай ішінде интернеттен төлем жасағанда жұмсауға болмайтын сома, оны өзіңіз орнатасыз. Сол соммадан артық төлем жасай алмайсыз, бірақ оны банктің қосымшасы арқылы өзгерте аласыз. Шектеу жеке деректер алаяқтардың қолына түскен жағдайда шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.

СМС-банкингті қолданыңыз

Сіздің картаңызбен жүргізілген барлық транзакцияларды растау үшін смс-банкинг қызметін қосуды ұмытпаңыз. Әрбір төлем жасайтын кезде телефон нөміріңізге арнайы код келеді, сол арқылы төлемді растайсыз. Бірақ бөгде адамдарға бұл кодты айтуға болмайды.

Төлем жасайтын сайтқа мән беріңіз

Төлем жасайтын сайттың мекен-жайын міндетті түрде тексеріңіз. Ол «http: / /»  емес, «https: / /» деп басталуы керек. S (secure) әрпі берілетін деректердің шифрленгенін, яғни қорғалғанын білдіреді. Сонымен қатар, сайттың атауына мән беріңіз, кейде алаяқтар компанияның сайтына өте ұқсас жалған сайттар құрастыруы мүмкін.

Күмәнді сілтемелерге өтпеңіз

Сілтемеде алаяқтардың жеке мәліметтеріне қол жеткізуге мүмкіндік беретін зиянды бағдарлама жасырылуы мүмкін.

Құпиясөздер мен кодтарды ешкімге айтпаңыз.

ПИН-кодты телефонда жазып, сақтамаған және картаға жазбаған дұрыс.

Картаның артқы жағындағы үш санды ешкімге айтпаңыз және көрсетпеңіз. Әдетте алаяқтар банк картасынан ақша алуға тырысқанда, өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, қоңырау шалады. Сосын карта жайлы барлық деректерді сұрайды: жарамдылық мерзімі, PIN немесе CVV кодын. Банк қызметкерлеріне тек карта нөмірі жеткілікті, оларға басқа деректер қажет емес, сондықтан артық ақпаратпен бөліспеңіз.

Банкоматқа келгенде абай болыңыз

Құпия сандарды тергенде пернетақтаны қолыңызбен жауып тұрыңыз. Жаныңыздағы бөтен адамдардан алысырақ тұруды сұрауға ұялмаңыз.  

Алаяқтардың тұзағына түспеу үшін осы қарапайым нұсқауларды орындаңыз. Есіңізде болсын, банктік картаңыздың қауіпсіздігі тек сіздің қолыңызда!

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button