Неліктен адамзат балық жеуден бас тартып, медузаға көшуі керек?
Бүгінгі күні халықаралық Қызыл кітапқа жойылу алдында тұрған тіршілік иелерінің 32 000 түрі енген. Бұл тек ғылымға белгілі құстар, сүтқоректілер мен балықтар ғана, іс жүзіне келгенде одан да көп түрге қауіп төніп тұрған болуы мүмкін. Адамзат жойылып кету қаупі төнген түрлерді анықтап, қолдан келгенше сақтап қалуға тырысады. Бірақ біз жердегі сүтқоректілер мен құстарға көп көңіл бөлеміз де, балық пен басқа да су тұрғындарын ұмытып кететін сияқтымыз.
Жақында австралиялық ғалымдар көптеген елдердің дүкендерінде теңіз жануарларының жойылып бара жатқан түрлерінен жасалған өнімдер сатылатындығын анықтаған. «Егер бұған дер кезінде тиым салмасақ, жер бетіндегі табиғаттың алуан түрлілігінен айырылып қалуымыз мүмкін» деп дабыл қақты. Олар балықтар мен басқа да теңіз өнімдерінің орнына медуза жеуді ұсынып отыр.
Бірақ медузаны қалай жеуге болады?
Австралиялық ғалымдардың бұл ерекше ұсынысы Science Alert ғылыми журналында жарияланған. Квинсленд штатының зерттеушілері 2006-2014 жылдар аралығында жойылып кетудің алдында тұрған, бірақ сонда да адамдардың азығына айналып жүрген теңіз жануарларының 100 түрін анықтаған. Олардың 11 түрі жақын арада шынымен де жоғалып кететін түр боп саналады және заңды түрде ауланып, дүкендердің сөрелерінен түспей тұр.
Адамзат онсыз да жүнді мамонттарды, додо құстарын, теңіз сиырларын және басқа да көптеген жануарларды жойып жіберді. Көп ұзамай, галиотистерді, жеуге жарайтын мидияларды және мангр шаяндарын да сақтай алмай қалуымыз мүмкін. Бұлардың бәрін адамдар тағамда қолданады. Әсіресе, галиотистерді Қытай мен Жапония тұрғындары сүйіп жейді, ал оның қабыршақтарынан түрлі әшекей бұйымдар әзірленеді.
Көптеген елдерде жойылып бара жатқан түрлерді аулауға және сатуға тиым салынған. Мәселен, Вашингтон мен Орегон штаттарында галиотистерді аулауға заңмен шектеу қойған. Бірақ заң бұзғандарды анықтау өте қиын, өйткені дүкенде сатылатын тауардың жапсырмасында өнімнің нақты құрамы жазылмай, «теңіз балығы» деген атаумен ғана беріледі. Егер өнім өндірушілерге өндірісте қолданылатын теңіз өнімдерінің түрлерін көрсету міндеттелсе, заң бұзушылықтар да аз болар еді.
Австралиялық ғалымдар аулауға тиым салынған теңіз өнімдерін медузадан жасалған өнімдермен алмастыруға болады деп санайды. Дәл қазіргі уақытта медуза қауіп-қатер алдында тұрған тіршілік иесіне жатпайды. Ал одан дәмді тағамдар әзірлеп үйреніп алса да болады. 2018 жылы Данияда алғаш рет медуза қытырлақтарын дайындап шығарған. Медузада ешқандай дәм жоқ, бірақ түрлі дәмдеуіштер қосып тәбет ашарлық дүние жасау әбден мүмкін деп отыр зерттеушілер. Әрі медуза қытырлақтары магнийге, темірге және B12 витаминіне бай екендігін де атап өткен. Медузадан әзірленген астың көмірсуы аз, сондықтан диеталық ас боларына сендіріп отыр.