Қайта өңделген қоқыстан сәнді киімдер тігетін отандық бренд (фото)
БҰҰ Табиғатты қорғау комитетінің есептерінен белгілі болғандай, жер бетінде жыл сайын миллион құс, жүз мыңдаған теңіз сүтқоректілері және көптеген балықтар пластикалық қалдықтардың салдарынан өлім құшады. Әлемдік мұхитқа жыл сайын миллиондаған тонна қоқыс төгіледі, оның көп бөлігі пластиктен тұрады. Тынық мұхитында қазірдің өзінде пластик пен басқа да қалдықтардан қоқыс аралы (Eastern Garbage Patch) түзілген. Бұл арал АҚШ-тың территориясынан да үлкен.
Мұндай экологиялық проблемамен күресудің бірден бір жолы – пластикті қайта өңдеуден өткізу. Дүниежүзілік мұхиттың фаунасына қамқорлық жасаудан бөлек, пластикті қайта өңдеудің көптеген себептері бар, мысалы, энергияны үнемдеу және парниктік газдар шығарындыларын азайту.
Бір жылда біз қанша пластикалық бөтелкені қоқысқа тастаймыз? Тіпті санаудың өзі қиын. Әдетте қолданып болған соң қоқысқа лақтыратын зәйтүн майының немесе минералды судың бөтелкелері полиэтилентерефталаттан жасалған. Одан тоқыма бұйымдарын, киімдер, қаптама маталар жасауға болады. Олардың матасы жұмарланбайды, берік, тозуға төзімді болады. Сондай-ақ полиэтилентерефталаттан техникаға қажетті арқан, таспалар, сүзгі маталар, т.б. заттарды да жасайды.
Жер шарындағы экологиялық жағдайларға бей-жай қарамайтын бір топ жас Pieper командасы болып құрылып, өздерінің стартап жобаларын іске асыруда. Олардың отандық «Pieper» эко-бренді экологиялық проблемаларға негізделген. Бұл брендтің ерекшелігі – киімдер қайта өңделген пластиктен тігіледі.
Бұл жастар Қазақстандағы қалдықтарды сұрыптау бойынша жағдайды жақсы жаққа өзгертуге болатынын дәлелдеу үшін құлшыныс танытуда. Жас кәсіпкерлер жасыл бизнесті дамытып, қайта өңделген материалдардан сәнді киімдер мен аксессуарлар өндіруді қолға алып отыр. Олардың айтуынша, бір футболканы тігу үшін 4-5 пластик бөтелке керек екен. Бұл дегеніңіз, сіздің екі күнде ішкен суыңыздың бөтелкесі қоқысқа емес, бір футболканы тігуге кетеді дегенді білдіреді.
Pieper командасы қоғамдағы екі проблеманы шешіп отыр. Оның біріншісі, экологиялық проблема болса, екіншісі жұмыссыздық проблемасы. Pieper киімдерін тігу үшін жұмыссыз жүрген қаншама әйелдер тігінші ретінде жұмысқа алынған.
Pieper брендінің алғашқы киімдер легі тігіліп, сатылымға шықты, енді стартап жобаның ары қарай өркендеуі үшін Smart Time краудфандиң алаңында қайырымды жандар өз еріктерімен қаржылай қолдау көрсетіп жатыр. Жиналған ақшаға жас кәсіпкерлер брендтің жаңа коллекциясын жасауды жоспарлап отыр. Оған, шамамен, 3 000 000 теңге қажет екен. Қаржы жинау 30 сәуірге дейін жалғасын таппақ.
Esentai Mall сауда орталығынан Pieper брендінің дүкені ашылған. Сол жерден ең сәнді киімді таңдап кисеңіз болады.