Бизнес

19 жастағы Ғалияның кәсібіне қолдау керек

Жастар – өмірдегі кез келген өзгерістерге жылдам бейімделетін және оның пайдалы жақтарын тиімді қабылдайтын қоғамның ең белсенді бөлігі. Сондықтан басқа жастағы топтарға қарағанда жастардың кәсіп жасауға әлеуеті де, қабілеті де әлдеқайда жоғары деп айтуға болады.

Жастар бизнесін қолдау – аймақтағы шағын бизнестің дамуына тікелей әсер етеді әрі елдің экономика тұрғысынан ілгері жылжуына себеп болады.  Алайда, бизнеске жаңадан қадам басқан жастар үлкен қиындықтарға тап болып жатады. Бұл проблемалар көбінесе бизнесті ашудағы қаржылық қиындықтармен байланысты.

Жастардың идеяларын іске асыруға көмектесетін Smart Time краудфандинг алаңында Ғалия Жалғасованың стартап жобасына қаржы жинау басталып кеткен. Ғалия небәрі 19 жастағы студент болса да, өзінің кәсібін ашып, жанына серіктестерін жинап үлгерген. Ғалияның тігін фабрикасынан эко-сөмке, маска, алжапқыштар, орамалдар, косметикаға арналған сөмке, т.б. көптеген қажетті дүниелер шығады. Командасында 6 тігінші, 2 баспагер жұмыс істейді. Ғалия серіктестерімен бірге төрт жыл бойы осы бизнестің қабырғасын қалап келе жатыр.

Ғалия Жалғасова

Фабриканың амбициялары жоғары болғандықтан, сапалы өнім шығару үшін техникалық тұрғыдан қажеттіліктері бар. Мәселен, эко-сөмкелердің иыққа асатын бөлігін автоматты түрде тігетін тігін машинасы 700 мың теңге тұрады екен. Осыған орай, Smart Time краудфандинг алаңында қажетті соманы жинау үшін адамдар қаржылай көмек көрсетуде. Бұл 31 қаңтарға дейін жалғасады.

Неге Ғалияның бизнесін қолдау керек?

Эко-сөмкелер планетаны құтқарады

Қоқысқа тасталған пластик пакеттің ыдырауына, шамамен, 400 жыл уақыт керек. Бұл дегеніңіз, 400 жыл бойы қоқыс қалпында тұра береді деген сөз. Ал 400 жылда біз тастаған пластиктің денсаулыққа келтірер зиянын 16-шы ұрпағымызға дейін көретінін ойлаудың өзі қорқынышты.

Орта есеппен алғанда, бір отбасы аптасына 3-5 пакет тамақ сатып алады екен, оған киім дүкендері мен басқа да ұсақ-түйек сатып алатын дүкендерден арқалап шығатын пакеттер санын да қосуды ұмытпайық.

Бір аптада бір отбасыға, шамамен, 10 пакет қажет болады делік. Бұл айына 40 пакет, жылына 480 пакет! Сонда он жылда – 4800 пакет тек бір жанұяның қажетіне кетеді. Бұл пластик пакеттен тау соғуға болады дегенді білдіреді! Сондықтан бұған балама ретінде Ғалияның эко-сөмкелерін қолдануға кеңес берер едік.

Себебі:

–   қоқысқа тасталған пластик пакеттерді жыл сайын жүздеген теңіз жануарлары жұтып өледі;

–   пакеттерді өртеп жоюға болмайды, одан адам денсаулығына зиянды заттар бөлінеді;

–   пакеттер қайта өңделмейді, өйткені оның құны жаңа пакетті шығарғаннан да жоғары;

–   пластик пакетті мұнайдан өндіреді, бұл отын қорын тұтыну боп табылады.

Эко-сөмкелер арзанға түседі

Қазір көптеген сауда дүкендеріне барғанда пакет үшін 5 теңге төлейсіз. Жоғарыдағы есеппен бір жылда 480 пакетке 2400 теңгеңіз кетеді. Сол 2400 теңгеге бір сапалы эко-сөмке сатып алсаңыз, оны бірнеше жыл ұстайсыз.

Эко-сөмке трендте

Қазір жастар эко-сөмкені образды толықтыратын аксессуар ретінде пайдаланады. Эко-сөмкелерді осы ғасырдың басты трендтерінің бірі десе де болады.

Өзіңіз қалаған дизайнда жасата аласыз

Ғалияның эко-сөмке шығаратын фабрикасынан өзіңіз қалаған түсте, дизайнда түрлі сөмкелер таба аласыз, сонымен бірге, өз атыңызды, суретіңізді қойдырып та тапсырыс бере аласыз.

Ең бастысы, ерте есейіп, іске араласқан жастардың қоғамға да, табиғатқа да пайдасын тигізетін кәсібіне қолдау білдіріп, осындай игі іске атсалысу да – адамгершілік парыздарымыздың бірі. Ал Ғалия алғыс ретінде өзі тіккен эко-сөмкесін сыйлайтын көрінеді.

Қолдау көрсету үшін осы сілтемеге басыңыз: Start – Time

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button