Бизнес

АҚШ. Биржа. Инфобизнес: Думан Ерқанатпен сұхбат

Қазақтың болашағынан үміт күттіретін жастары көп. Солардың бірі, АҚШ биржа нарығында үлкен компаниялардың акцияларымен жұмыс істейтін, трейдер әрі инвестор – Думан Ерқанат. АҚШ-та білім алып, жеткен жетістігін бөлісуге, тәжірибесімен алмасуға Қазақстанға келген Думан мырзамен Алматыда жолығып, сұхбат алудың сәті түсті.

Думан Ерқанат кім?

Трейдер әрі инвестор ретінде таныстырғанды жақсы көремін. Осы айтып отырған сала негізінде үлкен тақырыпты қамтиды. Мәселен, инвестор дегенді алсақ, ол түрлі салада инвестиция жасай алады. Мен биржа нарығында (АҚШ-тың) инвестормын. Әлемнің ірі компанияларының акцияларына сауатты трейдинг әрі инвестиция салумен айналысамын. 

2 жылға жуық уақыт болды, қазір осы саланы үйретіп жүрміз. Өзіміздің академиямыз да бар. 

Жетістікке жеткен және жетістікке дейінгі өмірдегі Думан Ерқанаттың ойы қандай?

Менде бірнеше Думан Ерқанат бар. 

Америкаға барғанға дейін ауылда өскен қарапайым қазақтың баласы болдым. Адамның қабілеті оның көрген тәжірибесі арқылы келетінін түсіндім. Себебі сол кездегі Думанның ойлауы, көзқарасы белгілі бір шеңбер ішінде болды. Мақсатым да, жалпы бүкіл болмысым солай болған секілді.

Не себеп?

Оған бірнеше себепті атауға болады. Ол кезде менде ағылшын тілі жетік болған жоқ. Ағылшын тілін меңгерген адам үшін бүкіл әлем ашық деп айта аламын. Бизнес, табыс көзі, қарым-қатынас, жалпы барлық саланың ең үздік деген инструменттерін, ақпараттарын ағылшын тілінде алып, оны пайдалануға болады. 

Америка маған сағат тағуды ғана емес, оған дұрыс қарауды да үйретті. Өмір сүру формасы да өзгерді. 

Үлкен елде жүріп, тек еңбекпен қана, бір орында тұрып қалмай, алға жылжу арқылы ғана адам күнін көре алатынын түсіндім. Ой қуып жүрген жақсы, бірақ оны іске асырмасаң, әр уақытты қадіріне жетіп, темірді қызып тұрған кезінде басып қалмасаң, бәрі бекер. 

Қазақ, ағылшын тіліне жеткісіз. Тағы?

Иә, мен қарым-қатынас құралы ретінде қазақ, ағылшын тілдерін пайдаланымын. Бұдан бөлек моңғол тілін және испан тілін де аздап білемін.

Балалық шағыңыз, студенттік өмір және Америкаға сапарыңыз жайлы айтып берсеңіз.

Мектепті және университеттің бакалавр мамандығын Моңғолияда оқыдым. Бакалавр бітірген соң Америкаға аттандым. Ол кезде жасым 21 еді. Содан бері 8-9 жыл уақытым сол жақта өтті. 

Менің ортамда сіз туған өлкеден келген жастар бар. Солардың дені осы ағылшын тіліне жетік болып келеді. Неге? 

Қазақстанда қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде қарастырып, орыс тілінде қарым-қатынас орнатса, Моңғолияда екінші тіл ретінде ағылшын тілін пайдаланады. 

Өткенде ғана Қуаныш Шонбай мырзаның сұқбаты шықты. Сонда кәсіпкер “Оралмандар мен шымкенттіктердің кәсіп ашуға қабілеті бар” деген ойды айтты. Өзіңіз бар, кәсіпкер Сырымбек Тау, мобилограф Қыран Талабек секілді азаматтар шеттен келген өзіміздің қазақтар.

Сіз ше, шынымен де шеттен келген қазақтың осындай қабілетке ие болуына белгілі бір көзқарас, таным әсер ете ме?

Ол жерде Моңғолияның немесе Қытайдың әсері бар деп айта алмаймын. Мен үйде, ортамда қазақша сөйлесемін. Атам сол елге еңбегі сіңген мұғалім, абыройы бар азамат болды. Содан да болар, біздің үйдегі қазақшамыз жақсы еді. 

Моңғолиядағы универистетті жалғыз қазақ болып бітірдім. Ол жерде бәрібір қазақ ортасы болғанымен, саған деген іштей ұлттық статус тұрғысынан алғанда әсер болады. Сол нәрсе бізді озып шығуға, алға, дамуға итермеледі дегім келеді. Мақсатқа ұмтылу, ортамыздан қалып қоймау секілді күш біздің артымызда тұрды. 

Америкаға барған кезде де сондай болды. Ол жақта мен тек азиаттықпын. Ұлты ретінде бөліп қарастыра бермейді. Алайда, АҚШ-та шеттен келгендерге аз да болсын көзқарас басқаша. Олар өздерін биік ұстайды. Ол жақта менің ағам тұрады. Біз бірге түрлі бизнесті істеп көрдік. Мен білім алдым. Осының бәрі маған әсер етті. Тоқтап қалмай, еңбектенуіме осы факторлар көмектесті.

Қазақстанға алғашы рет келуіңіз. Тарихи Отаныңыз жайлы бұрыннан білетін бе едіңіз?

Иә. Бізде Моңғолияда Қазақстанның каналдары болды. Теледидардан жиі қараймыз. Үйдегілер жақсы көреді. АҚШ-та жүрген кезде мен өзімді Моңғолияда туған қазақпын деп таныстырып жатпаймын. “Қазақстаннан” десем болды, бәріне түсінікті. Олар біздің ел туралы біледі, естіген. 

Үйленгенсіз бе? Биржа деп жүріп отбасылық өмірден алыстап кетпейсіз бе?

Бойдақпын. Жалпы махаббат деген нәрсені Құдайға тапсырдым. Оның жазғаны болады. Бір күні менің де басым екеу болады. Мәселе, бастың екеу болуы, санында емес, сапасында. Қандай адамды жар етіп аламын, осы бірінші орында. 

Қазақстанға келгенде сізді ерекше қарсы алды. Америкада ешкім танымас, бірақ өз Отаныңызда екінің бірі сізді тани бастады. Сіз туралы жақсы пікір айтылды. Өзіңізді “жұлдыз” сезінген кезіңіз болды ма?

Жалпы дәл бұлай күтіп алады деп күткен жоқпын. Шкаламен есептегенде 10/0 болды менің ойымда. Ал келген кезде сол нөл 8-ге өсіп кетті. Өзім таңқалдым. Келгеннен кейін телеарналарға шақыру, сұхбат алу секілді жұмыстар көбейді. Бұл да күтпеген оқиғалар. Көшеде танып, амандасып жатса, іштей қуанып қалатын болдым. 

Мұнда маған бәрі ұнайды. Өзімнің қазағым. “Бауыр” деп арқадан қағып, солай шығарып салады. Бауырмашыл, мейірімді адамдардың жүзін күнде көремін. Ал бізде АҚШ-та ондай болған жоқ. Сондықтан болар, Қазақстан маған өте үлкен әсер қалдырды.

Уақыт, сағат туралы айттыңыз. Бізде уақытпен санасу жағы сіз ойлағандай емес екеніне сенімдімін. Алып қалада әр минут қадірін біледі. Бізде олай емес. Бұл сізге қалай әсер етті? Елордамен салыстырғанда, Алматыдағы жұрт асықпайды. Солай тіршілік те жалғасып жатыр. 

Иә, әсер етті. Біздегі уақыт айырмашылығы да бар. Алғашында үйрене алмадым. Бір айдай қиналып жүрдім. Кешігіп қалу немесе кездесуге шақырған адамды күту секілді проблемалар болды. Бұл жақта адамдар шынымен асықпайды. Одан кейін “айта салу”, “істей салу” деген нәрсе бар екен. Осы нәрсені жастардан көп байқадым. Сылтау айтатын жастарды да көрдім. Негізі мұндай Америкада білімі өте төмен жастар арасында жиі кездеседі. Ол жақта “білімді” және “білімсіз” жастар бар. Екіге бөліп қарастырамыз. Олардың арасындағы айырмашылық жер мен көктей. 

Америкада әр уақыттың бағасы бар. Егер сенің бір сағатың 10 $ болса, соған қарай қарым-қатынас болады. Ал 100$ болса, басқаша әсер дегендей. Сен әр өткен минутты қадір тұтасың. Себебі әр минут ақша тұрады. Сылтау айтатындар да көп. Олар үнемі ауысып тұрады. Ал тұрақты жұмыс істеп, уақыттың қадірін білетіндердің де бағасы жоғары болады. 

Осы бір жүйені біздің қоғамға әкелуге бола ма? Бір қазақ біреуге кездесуге келісіп, бірақ сөйлесу сағаты 100$ десе, одан жаман, одан ұятсыз адам болмайды.

Әрине, болады. Дегенмен бұл жүре келе қалыптасатын нәрсе. Америкада қазақ жастары бар. Олар осыған үйренді. Солар осы бір жүйені әкеліп, қалыптастырып, сіңдіріп жіберуі мүмкін. 

Сіз айтқан жастар келе ме? 

Менің сол жақта достарым бар. Олардың келгісі келеді, бірақ ол жақта өмір жібермейді. Ол жақтағы тіршілік, табыс әсер етеді. Жалпы келіп жатқан жастар бар. Студент кезінде Қазақстаннан Америкаға білім алуға немесе жұмыс істеуге баратындар белгілі бір бағдарлама арқылы баратындықтан, оларды сол бағдарлама елге қайта келуге мәжбүрлейді. 

Мен Америкада түрлі ортада болдым. Көп жыл тұрдым. Маған керісінше, Қазақстанға келіп, жаңа мүмкіндіктерді көру қызық болды. Әрі сол мүмкіндіктерді көре алдым. 

Америкаға бет алған, білім алуға аттанған жастар белгілі бір деңгейде шәкіртақы алады. Оларға ақша түсіп тұр. Олар кітап ішіндегі білімді алып, сол бетімен қайта оралады. Ішкі жүйені көріп, қиналып, тәжірибеден өтпейді. Осы олқылық, олардың қайта сол жаққа кетуіне итермелейді. Себебі ол жастарға бірдеңе жетпей тұрғандай көрінеді. Америка қайтадан сол жетпей тұрған нәрсені көруге шақырады.

Жастарға айтар едім, егер Қазақстанда жағдайың жақсы болса, осы жақта қалып, жұмыс істеуге болады. Ал егер жағдай төмен болса, шетелге шығу керек. Ізденіс қажет. 

Елдегі жастар арасындағы жұмыссыздық проблемасын білесіз. Алған білімін тәжірибеден өткізудің орнына, күзетші болып, ауыр жұмыстарды істейді. Бәрі сол нәпақасын табудың қамы. Оңтүстік Кореяға ағылып жатқандарды білесіз. Осы мәселеге шетелде тұрып, қайта елге оралған азамат ретінде қандай пікір білдіресіз?

Кету керек. Білім алу, тәжірибеден өту, өзге елдегі тыныс-тіршілікті көру қажет және қайта оралу керек. 

Шеңбердің ішінде қалып қоюға болмайды. Қазақстанда туған, тұрған жастар сол шеңбердің ішінде жүр. Оның сыртындағы тіршілікті көрмей, баға беруге де болмайды. 

Сервисті алайық. Біздің елде жақсы деген жерлерде ғана сервис мықты дамыған да, орташа жағдайдағы орындарда сервис атымен жоқ. Ол жерде аз ғана айлыққа жұмыс істейтін студенттер, жұмысшылар. Оларға ешкім үйретпейді, талпыныс болмайды. Себебі мотивация жоқ (ақша жоқ). 

Біздің халықтың тәрбиесінде қара шаңыраққа оралу, ата-анаға көмектесу деген мотив бар. Бұл нәрсе сол жастардың елге келуіне, Америкада тапқан табыстарын елдің нарығына салуға әсер етеді. Білім, жаңа көзқарас, жаңа идея әкеледі. 

Америкада шетелден келетін басқа да адамдармен көп араластым. Олардың мықты деген кәсіпкерлері міндетті түрде шетелге шығып, тәжірибе алмасқандар. Жас кезінде болмаса да, орта жасқа келген кезде олар міндетті түрде алып державаларды бетке алады.

Мен де АҚШ-та жүрген кезде қарапайым сатушы болып жұмыс істедім. Ал оған дейін Моңғолияда маркетинг-менеджер болдым. Офисте отырасың, костю-шалбар, көлігің бар. Америкаға келіп, сол абыройдың бәрі ештеңе емес екенін түсінесің. Ол жерде сен биікке ұмтылу үшін еңбек етесің. Сені қайратты болуға, көп еңбектенуге дайындайды. 

Бізде жастар оқу бітіре салып офиске жүгіреді. Білім жоқ болған соң, ол маңызды шешімдерді қабылдай алмайды. Тәжірибе болмаған соң, жүйе бұзылады.

Қазақша Wall Street. Осы жобаңыздың айналасына топтасып жатқан, биржаға қызығушылық танытқан қазақ тілді аудитория көп пе?

Өте көп. Биржаға қызығып келіп жатқан жастар да, орта буын өкілдері де бар. Олар ең бірінші табыс табу және орта қалыптастыруға жиі келеді. Біз бұл жерде тек білім беріп, табыс табуға әрекет етіп жатқан жоқпыз. Біз бір орта қалыптастырып жатырмыз. Ол жерде күнделікті әлемдегі жаңалықтарды, Америкадағы, дүниежүзіндегі мәселені талқылаймыз. Экономика, биржадағы ақпараттарды бөлісеміз. Бізде 100 % ақпарат ағылшын тілінен алынады. 

Біздің команда әлемнің 15 мемлекетімен жұмыс істейді. 19-35 жас арасындағы аудиторияның үлесі көп. Үлкен потеницал көрініп тұрғандықтан, алда үлкен жоспарлар да бар. 

Білім алуға, табыс табуға келгендердің ішінде қазір 100$ салып, кешке 1000$ алғым келеді дегендер болды ма? 

Болды. Дәл бір күнде болмаса да, тез табыс табуды көздегендер бар. Осы жағынан келгенде, жиі айтатын бір кеңесім бар: тез нәтиже көрсету, тез көп табыс табу бұл теріс түсінік. Оны зерттеп те көрдім. 

Біз көшпенді халықтың ұрпағымыз. Біз не нәрсені жақсы көрсек, соны ала салуға асығамыз. Мәселен, бір жүйрік ат ұнай ма, орнынан осынша қой беріп, сол атты ала салуды көздейміз немесе бір аруды ұнатып қалсақ, оны тездетіп атастырып алуға асығамыз. Осы бір қасиет бізде әлі сақталған. 

Жеңіл ақша деген жоқ нәрсе. Біз сол жеңіл ақшаны алуға құмармыз. Дәлел ретінде ломбард, қарызға ақша беру, құмар ойындарын қарауға болады. Ең бай адам деген У. Баффеттің өзі жылына 25-30% ғана табыс табады. Тек білім мен еңбек бітті.

Жеңіл ақша дегенді айттыңыз, инфобизнеске деген ойыңыз қандай? Журналист ретінде зерттеу жасау үшін бірнеше инфобизнес ортада, конференцияларда болдым. Негізінен көбі ауаны сатады. 

Инфобизнестің екі жағы бар. Жақсы әрі жаман деп қарау керек. Ауа сататындарды өзім де жиі байқап жүрмін. Бұл жерде бізге сүзгі керек. Ал ол сүзгіні тек білім ғана қалыптастырады. АҚШ бұл дәуірді артқа тастады. Бізге енді келді. Кезінде Америкада инфобизнестің неше түрі болған. Қазір оларға ауаны сату қиындау. 

Инфобизнестің жақсы жағы да бар. Егер сатып жатқан өнім сапалы болса, ол жерден білім алуға, пайдаға асыруға болады. Менің де курс арқылы адамдарды оқыту бірден келген жоқ. Бір жігіт (қазақ) ұсыныс жасады. Осы саланы үйретуге байланысты. Кейін оның достары, достарының достары келе бастады. Менің бос уақытым көп болған соң, неге үйретіп, қазақша ақпарат бермеске деп ойладым. Осылай бәрі басталған болатын. Ол жерде еңбек, менің қателіктерден алған сабағым, шығыным бар. Ал мен үйретуші ретінде, сапалы білімді беруші адам ретінде, уақытыма кеткен, білімімді бөлісуге кеткен энергияма ақымды алсам, бәрі дұрыс деп есептеймін. 

Жас кәсіпкерлерге кеңесіңіз?

Жәнібек деген досыңыздың жаңадан ашайын деп жатқан кебаб мейрамханасына ақша салғанша, әлемнің ең қымбат компанияларының акциясын сатып алуға, соларға инвестиция жасауға асығыңыз. 

Онлайн кәсіп әлі дамиды. Әлі бұл салада үлкен өзгерістер болады. Пандемия жаңа бір дәуірдің есігін ашты. Жастар осыған қарай бет алу керек. IT саласына, жаңа бағдарламаларды игеруге тырысқан дұрыс. Егер назарды осы бағытқа салсақ, алдағы 10-15 жылда Қазақстанда басқа бір жаңа қырынан көреміз деп есептеймін. 

Сұхбатыңызға рақмет!

Марғұлан АҚАН

”Qadam.asia”

Ұқсас мақалалар

Back to top button