Балаға аяқ киім таңдау, кәсіп бастау жолы, миссия – кәсіпкермен сұқбат
Бастаған кәсібіңіз, ең алдымен, қоғамға пайдалы іс болуы керек. Жүрегіңізде бір миссия, арман болсын. Ал ақша – сол миссияға жетуге ұмтылудың жемісі ғана. Жанама әсері іспеттес.
Осылай дейді Бала аяқ киімі саласында брендтік бизнес бастаған қазақстандық кәсіпкер, маркетолог Нұрболат Тілеу. Кейіпкерімізден балаға дұрыс аяқ киім таңдау мен бизнес ашудың жолдарын сұрап сұқбат алдық. Соны назарыңызға ұсынамыз.
– Маркетинг саласында жүріп кәсіпке ауысқан екенсіз. Түркияның Vicco брендін елге енгіздіңіз. Неге аяқ киім саласына келдіңіз?
– Негізі кәсіп бастаудың көптен бері ойлап жүргенмін. Алғашында әлеуметтік желіде парақша ашып, жұбайым екеуіміз Aliexpress-тен балалар аяқ киімін алып сатып жүрдік. Сауда жақсы жүрді. Баланың жаялығы мен жөргегіне ұқсатып торт жасадық. Оны да алушылар көп болды. Яғни, кәсіби бизнеске келмей тұрып, шағын кәсіпкерліктен өттік.
Бірақ аяқ киім саласына толық өтуге, сізге өтірік, маған шын, өзімнің кішкентай ұлым себеп болды. Бірде Ташкентте тұратын досым Алматыға келіп, ұлыма Vicco шығарған аяқ киімді сыйлап кетті. Алматының климатына қалай шыдайды екен, соны көрейік деді досым. Менде де ой жоқ. Ұлым аяқ киімді жаздай киіп шықты. Күзде шешкісі келмейді. Қайта-қайта ана аяқ киімді сұрай береді. Сонда ғана баланың сапалы, дұрыс аяқ киімге бауыр басып қалатынын түсіндім, көзіммен көрдім.
Содан неге қазақстандық балаларға денсаулығына пайдалы аяқ киім әкелмеске деген ой келді. Одан бұрын мені қызықтырған бір дүние бар-тұғын. Ол – клиентпен жұмыс. Шындап келгенде, тұтынушыға бір нәрсені сатып жіберу өте оңай. Қиыны сол – сатып алған клиентті өзіңе қайтадан қайтару. Ол сенің тұрақты сатып алушыңа айналуы керек. Міне, мені қызықтырғаны осы. Клиентті қайтару үшін не істеу керек, қандай амал қолдануға болады дегенге бас қатырдым. SMS, акция, жеңілдік, клиентпен қарым-қатынас, білім жинау, ақпаратты беру – осының бәрі еліктіріп әкетті.
Содан пандемияның алдында осы брендтің франшизасын алып, Қазақстанда ресми өкілі ретінде жұмыс бастадық.
– Бір сөзіңізде «қазір ортопедиялық бала аяқ киімі деп сатып жүргендердің көбі – көзбояушылық, дайын аяқ киімнің ортопедияға қатысы жоқ» дегеніңіз бар. Соны толығырақ түсіндіріп беріңізші…
– Иә, ол рас. Ортопедиялық балалар аяқ киімі дегеніміз – арнайы медициналық нұсқама арқылы дайындалатын, аяғында патологиясы бар балаларға индивидуалды тігілетін аяқ киім. Яғни, дайын, зауыттан шығып қойған аяқ киімнің ортопедиялық аяқ киім болуы әсте мүмкін емес. Ол – коммерциялық аяқ киім. Сатушылардың көбі клиент тартып, сатылымды арттыру үшін осындай амалдарға барады. Мүмкін, кейбірі ортопедиялық аяқ киімнің не екенін өздері де білмес. Мұндай аяқ киімдердің фабрикалық атауы – анатомиялық-профилактикалық аяқ киімдер. Ондай атауды түсіндіріп жатпас үшін, маркетингке беріліп, ортопедиялық дей салар, кім біледі.
Бірақ біз бұл бағыттың дұрыс емес екенін түсіндік. Сондықтан «анатомиялық ұлтарағы бар профилактикалық аяқ киім» деген түсінікті «балаға арналған дұрыс аяқ киім» немесе «дұрыс балалар аяқ киімі» деген атауға ауыстырдық. Өйткені анатомия, профилактика дегенді тұтынушыға түсіндіру қиын.
– Сонымен, «балаға арналған дұрыс аяқ киім» деген не?
– Ең алдымен, баланың киетін аяқ киімі жеңіл болуы тиіс. Өйткені бала өте белсенді, көп жүгіреді, көп қозғалады. Табаны мен тізесіне, тірсегіне күш түспегені абзал. Ал ортопедиялық аяқ киім керісінше ауырлау келеді.
Екіншіден, аяқ киімнің табаны жұмсақ, майысқақ болғаны жөн. Сонда баланың анатомиялық қимыл-қозғалысына зияны тимейді.
Үшіншіден, ұлтарағы да жұмсақ, иілгіш, алып-салынатындай болсын. Жұмсақ ұлтарақ баланың табанын дәл қабылдап, соның формасына ыңғайланып тұра қалады. Осының бәрі «дұрыс балалар аяқ киімі» дегенге саяды.
Бала туғанынан майтабан, жалпақ табан болады. Тәй-тәй басып, жүре келе табаны дұрысталады. Ал анатомиялық аяқ киім табанды тез дұрысталуға, баланың аяқты дұрыс басуына, қисық баспауына көмектеседі.
Бір жылдық түсіндіру жұмысының арқасында ата-аналар да ұғына бастады. Кейбірі бұрыннан біледі екен. Ортопед мамандармен бірге олар да бізге ортопедиялық аяқ киімнің бөлек болатынын түсіндіргенімізге алғысын білдіріп жатады.
Қазір кейбір дүкендер де «ортопедиялық аяқ киім» дегенді алып тастап, оның орнына «анатомиялық аяқ киім» немесе дәл біз сияқты «балаларға арналған дұрыс аяқ киім» деген түсінікті қолдана бастады.
– Балаға аяқ киім таңдарға ата-анаға тағы қандай кеңес бересіз?
– Кеңес емес, кейбір нюанстары айта кеткен жөн. Қазақстанда киім өлшемінің екі сеткасы бар. Бірі – қытай өлшемі. Оған Қытай, Ресей, Беларусь елінде шығарылған аяқ киімдер жатады. Екіншісі – еуропа өлшемі. Оған Еуропа мен Түркияда шығарылған киімдер жатады. Екеуінің өлшемі екі түрлі, бір-біріне келмейді. Сондықтан аяқ киімнің өлшемін сұрарда оның қай өлшем екенін біліп алу керек.
«Теріден, табиғи, таза теріден тігілген аяқ киім бар ма?» деп келетін ата-ана көп. «Неге?» деп сұрасаңыз, «тері ауа өткізеді, көпке шыдайды» дейді. Қазір аяқ киім тігуге арналған материалдың бәрі ауа өткізеді. Текстиль, экотері дейсіз бе – бәрі соған арналған. Бала бір аяқ киімді бір-ақ маусым киеді. Одан кейін аяғы өсіп кетеді де киюге жарамай қалады. Ал теріден жасалған аяқ киім қымбат әрі оған көп күтім керек. Одан да арзанырақ материалдан жасалған аяқ киім алған – ақылға қонымдырақ. Әрі текстиль мен экотеріден тігілген аяқ киімге күтім қажет емес.
Тағы бір айта кетерлігі – балаға үлкенірек аяқ киім алмаңыз. Келесі жылы киеді деп қаржы үнемдеген дұрыс, әрине. Бірақ баланың аяғын бұзып алсаңыз, одан да қиын емес пе. Аяқ киімді үлкенінен алып кішісіне беріп те қажет емес. Өйткені ұлтарағы бөлек, табаны тапталып, амортизаторы басылып қалғанды киіп қажеті қанша.
– Балалар өзі аяқ киім таңдай ма?
– Иә. Қазіргінің балалары сондай деуге келмейді. Баланың бәрі бірдей. Біздің заманда жоқшылық болды. Содан бізде таңдау болмады. Әйтпесе, қазіргідей баршылықта өссек, біз де киім таңдар едік.
Балаға киім таңдатудың пайдалы жақтары бар. Мәселен, бала өзі таңдаған аяқ киімді іштей жақсы көреді де, аяғынан тастамайды. Тозғанша киеді. Кейде анасы таңдап берген аяқ киімді бала кимей қоятын сәттер бар. Ол оның ұнатпағанын білдіреді. Сондықтан кейде ата-аналар дүкенге келіп алып, баласына аяқ киім таңдатып жатады. Бұл құптарлық іс деп ойлаймын.
– Кәсіп бастағысы кеп жүрген жандарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Мен енді ғана кәсіп бастаған адаммын. Біреуге кеңес беруге әлі ерте. Моральды құқығым да жоқ. Бірақ бастан кешкенімді, түйген ойымды айтар едім.
Ең алдымен, бастар ісің қоғамға пайдалы болса, өзіңе де, өзгеге де жақсы. Кәсібің өрге домалайды екен. Кейде іштей үлкен миссия да керек. Үлес қосу, көмектесу деген сынды. Мәселен, мен «ата-аналарға баласына дұрыс аяқ киім таңдауға көмектесуім керек» деген алдыма мақсат қойдым. Кейде дүкенге келген клиентке сұраған затын тауып бере алмайтын кездер болады. Сол кезде ол кісі іздеген аяқ киімді ғаламтордағы өзге дүкендерден, компаниялардан іздеп тауып беремін. «Сізге түкте пайдасы жоқ, неге олай істейсіз» дейді. Иә, маған пайдасы жоқ, мен одан табыс тапқаным жоқ. Бірақ өзімнің миссиямды – ата-анаға көмектесу деген мақсатымды орындадым ғой. Маған керегі – сол. Ал табыс – соның жанама әсері ғана.
Кәсіби білім бәрібір қажет. Есеп-қисап жүргізу, баға қою, келісімшарт жасау, жалға алу, қаржыны есептеу – осының бәрін білу керек екен. Сол үшін бизнес курстарды оқыдым. Әйелім екеуіміз кезек-кезек оқыдық.
– Түркияның аяқ киімдері біздің климатқа келе ме?
– Түркияның климатына біздің елдің оңтүстік жақтары – Шымкент, Тараз, Қызылорда келеді. Біздің аяқ киімдер еліміздің қай өңірінде болса да киюге келеді. Тек кейбірі солтүстік өңірлерге келмеуі мүмкін.
Сондықтан біз қазір Түркиядағы бас кеңсемен Қазақстанның ауа-райына лайық аяқ киімдерді тігу бойынша келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Түркиядан технологтар әкеліп, Алматы мен елорданы көрсеттік. Олар қандай киім керек екенін түсінді. Қазір Қазақстанға лайықтап бөлек линейка тікпек.
– Ортопед мамандармен байланыс орнаттыңыздар ма?
– Бұл – біздің алдағы мақсатымыз. Ортопед мамандармен тығыз жұмыс істегіміз келеді. Әзірше, Инстаграмдағы парақшамызда мамандармен кеңес деген арнайы айдар ашып, ата-аналардың сауатын ашу үшін кеңес жүргізіп жатырмыз. Бұған дейін балалар психологы, ортопед маман, көз дәрігерін шақырдық.
– Әңгімеңізге көп рақмет! Ісіңіз жүрсін!