Думан Смақов: Go Viral фестивалінің 5 ерекшелігі
Go Viral Festival & Network – бұл пікір көшбасшылары, жаңашылдар және шығармашылық адамдар арасында қарым-қатынасты нығайтуға, идеялармен бөлісуге және оларға маңызды мәселелерді шешуге, әрі мақсаттарына жетуге көмектесетін, Техас штатының Остин қаласында өтетін SXSW фестивалімен шабыттанған аймақтық бастама.
Go Viral жобасы – әрі фестиваль, әрі жыл бойы өтетін іс-шаралар кешені. Оған Медиа, Бизнес, Мәдениет, Технология салаларындағы АҚШ, Орталық Азия және Шығыс Еуропаның жетекші тренд-сеттерлерінен түрлі презентациялар, воркшоптар, пікірталастар және музыка мен фильмдер, қойылымдар кіреді.
Qadam.asia редакциясы бұл фестиваль туралы былтыр спикер ретінде дәріс оқыған, MediaNet Халықаралық журналистика орталығының жобалар жетекшісі, factcheck.kz сайтының қазақша нұсқасының бас редакторы Думан Смақовпен сұқбаттасқан болатын.
Go Viral фестивалінің 5 ерекшелігін атап өтсеңіз?
Бұл фестивальдің 5 ерекшелігі:
- Еркіндік
- Атмосфера
- Адамдардың қарым-қатынасы. Жалпы коммуникация
- Қолжетімді болуы
- Фестивальдің ауқымы
Бұл фестивальге былтыр спикер ретінде қатысып, дәріс оқыдыңыз. Ойыңызды бөліссеңіз?
2019 жылы Go Viral фестивалі аясында спикер болдым. Фактчекинг және Медиа сауаттылық бойынша маман ретінде қазақ және орыс тілінде дәріс оқыдым. Дәріске көп адам қатысты.
Жалпы фестиваль жыл сайын ең керекті, ең өзекті тақырыптарды қозғайды. Фестивальдің мүмкіндігі көп. Жан-жақты тақырыптарды қамтиды. Бұл жерде адамдардың бір-бірімен танысуы, пікір алмасуына жақсы жағдай жасалған. Басқа жобаларға қарағанда мұның ауқымы өте кең. Бұл жерде тек қазақстандық спикерлер ғана емес, әлемнің әр жерінен келген білікті мамандар дәріс оқиды, сізбен қарым-қатынас орнатады.
Фестиваль жастарға қандай мүмкіндік береді?
Go Viral негізінен жаңа буын жастарына көп көмегін тигізеді. Былтыр спикер ретінде қатысу арқылы түсінгенім, өнер саласы, жаңа медиа саласы, мәдениет, бизнес болсын, тіпті қазіргі IT технология бойынша да түрлі тақырыпта дамуға мүмкіндік алады.
Фестивальдің миссиясы — нетворкингті нығайта түсу және ортақ мәселелердің шешімін ұжымдасып шешу үшін әлеуметтік желілер және технологиялар арқылы тілшілерді, кәсіпкерлерді, АТ-индустриясының өкілдерін, кинематографшылар мен музыканттарды біріктіру. Go Viral фестивалінде музыка, кино және АҚШ, Орталық Азия және Еуропадан келген жетекші трендсеттерлердің баяндамалары мен шеберлік сабақтары болады, олар ғаламдық аудиториямен өзара қатынас құрудың және адамдарды маңызды мәселелердің шешімін табуға ынталандырудың жолдарын үйретеді.
Айта кету керек, Go Viral 2020 фестивалі 9 және 18 қазан аралығында Zoom, YouTube және Facebook платформаларында тікелей эфирде өтеді. Биылғы фестивальдің тақырыбы — ReThink. ReDesign. ReConnect. Фестивальдің бағдарламасымен және спикерлердің биографиясымен goviral.kz сайтында танысуға болады.
Фестивальге goviral.kz арқылы тіркелу тегін. Кейбір шеберлік сабақтарына орын шектеулі екенін ескеруіңізді сұраймыз.
Go Viral Festival 2020 бағдарламасы goviral.kz сайтында.