Бизнес

Кәсіпкерлердің басын қосып, ұлттық құндылықты насихаттап жүрген Алмаспен сұқбат

Ұлттық құндылық туралы айту бір бөлек, сол мүдде жолына қызмет істеу, әрекет жасау әркімнің қолынан келе бермейді. 27 жасында бас болып осы істе өзін көрсете білген әрі үлкен бір ортаның басын қосып, игі бастамалардың көшінде жүрген Алмас Нұрланұлымен сұқбаттастық.

Алмас Нұрланұлы кеше ғана «Көрісу күніне» орай үлкен шара өткізді. Оның ерекшелігі еліміздегі белгілі азаматтар, кәсіпкерлер мен блогерлер және басқа да саланың көшбасшылары ұлттық киім киіп, бір жерде дастархандас болды. Алмастың да мақсаты жастар мен кәсіпкерлер арасында дәнекер болу. Қазіргі тілмен айтқан кезде нетворкер Алмастың айтары бар…

Qadam: Неге Алмас нетворкинг?

Мектеп қабырғасынан бастап белсенді болдым. Университетті екі рет ауыстырып барып, өзімде тапқандай болдым. Ашып айтқанда, университет қабырғасында жүріп дебатпен айналыстым. Ал дебатқа деген қызығушылық мектепте басталған. Кейін келе дебаттың іскерлік ортада негізгі құрал бола алатынын түсіндім. Қарым-қатынас оранту, өз ойыңды айту және өзгені тыңдай білу деген өнерді сонда жүріп меңгердім.

Электр мамандығын бойынша білім алдым. Бұл салада да жұмыс істеп көрдім. Алайда уақыт өте келе өзімде басқа арнадан көретінімді сездім. Себебі адамдармен байланыс орнату, олармен коммуникация жасау маған ұнайтын.

Qadam: Бәрі қалай басталып еді?

Дебатта жүріп, кейін ең бірінші ораторлық мектеп аштым. Айналамдағы адамдар менің осы шешендік өнерде бақ сынап көруімді айтты. Себебі халық алдында сөйлеуде ұяңдық не ұялу деген түсінік менде болған жоқ. Ашық едім.

Ораторлық мектепті екі адам болып аштық, кейін ол азаматтан толық өзіме сұрап алдым. Әлемдегі пандемия басталып, елде карантин орнағанға дейін осы ораторлық мектепті жүргіздім. Табыс көзі де сол жақтан келді. Карантин кезінде бір-екі рет онлайн сабақтар ұйымдастырдық. Бірақ тоқтатуға тура келді. Өйткені мен өзімді бұл салада көре алмадым. Бәрі шынайы емес секілді көрінді.

Бір-бірімен байланысып жатқан осы салардың арасынан маған нетворкинг жағы ұнай бастады. Өзімді осы жақтан сынап көргім келді. Оқырмандар арасында сауалнама жүргіздім. Маған көбі «сенен оратор шықпайды, осы нетворкинг саласы сенікі» деген секілді ұсыныстар айтты.

Дәл осылай Алмас Нұрланұлы деген парақша «Алмас нетворкинг» деген аккаунтқа ауысып кетті (күлді).

Qadam: Нетворкинг деген не және бұл салаға қашан келдің?

Нетворкинг – керек адамдарды бір-бірімен байланыстыру. Кез келген адамның тілін табуға тырысу.

Карантин бәрін өзгертті. Осы салаға келуі ме де әсер еткен сол бәрімізді үйге қамап, ойлануға әкелген пандемия…

Ең бірінші бастаған жобамның аты – «Алтын көпір». Бұл мен үшін ең сәтті шыққан жобалардың бірі. «Алтын көпір» – нағыз нетворкинг алаңы.

Жоба 4 рет ұйымдастырылды. Айына бір рет өткіздік. Ең бірінші 10 қыркүйекте бастадық. Онда кәсіпкерлер, блогерлер болды. Бір рет қана ұйымдастырамын деген ойымды сұранысты бұзды. Екінші кезең еуро стильде өтті. Үшінші кезеңге белгілі кәсіпкер Сырымбек Тау мырза идея тастаған болатын. Ол «Алтын көпірді» саяхат форматында ұйымдастыруды ұсынды. Мен қабылдадым. Дәл осылай жалғасын тапты.

Qadam: «Алтын көпірдің» мақсаты қандай еді?

Мақсаты – үлкен кәсіпкерлер мен жас кәсіпкерлер арасында қарым-қатынас орнату. Бір-бірімен байланысып, ақыл-кеңес сұрауларына жағдай жасау еді.

Осы жобаның арқасында 200-ден аса блогерлер, кәсіпкерлер бір-бірімен жақын танысты. Тіпті серіктес болғандар, қолдау көрсетіп, бір-бірінің жобасына демеу болғандар да бар.

Қазақта білесіз, дастархан басында бәрі тең. Ол жерде бай болсын, кедей болсын қарамайды. Өйткені «астан үлкен емессің» дейтін сөз бар. Сондықтан болар, үлкен кәсіпкерлер мен кәсіпке енді келіп жатқан буын арасында байланыс орнады.

Qadam: «Алмастың туған күні ерекше өтті» деген оқырмандардың пікірлерін көзіміз шалды. Ол қандай туған күн еді?

Туған күнді атап өту немесе оны үлкен қылып ұйымдастыру ойда жоқ еді. Тек бір идея келді. Ол идея осы «Алтын көпірді» ұйымдастырып жүріп келді деуге болады. Ең бірінші туған күнді еуро стильде өткіздім. Бәрі костюм-шалбар киіп, сәнденіп келді. Бұл бір жыл бұрын болған. Кейін командамен ақылдасып, туған күнді тағы да бір ерекше форматта өткізуді жөн көрдік. Нақтырақ айтсам, этно стильге қызықтым. Туған күнге шақырған адамдардың ішінде кәсіпкерлер, блогерлер, елімізге танымал адамдар болды. Бәріне талап бірдей: қазақтың ұлттық киімін киіп келу.

Шынымды айтсам, туған күнімді ұмытып кеттім. Себебі сол жердегі көрініс, ұлттық киім киген жастарды көріп қуандым. Сырттай сүйсініп тұрдым. Бұл маған ғана емес, сол кешке келген әр қонаққа ерекше әсер қалдырды.

Қазақ бұрын ащы тағамдар жемеген…

Байқайсыз ба, қазақтар бұрын ащы тағамдарды пайдаланбаған. Онда ол қайдан келді? Осы сұраққа жауап іздесек, өзге ұлт өкілдерінің сериалдары, фильмдері, мәдениеті әсер еткенін көреміз. Мәселен, түрік сериалдар, дорамалар секілді түрлі мәдени құндылықтар бізге сіңіп кетті. Олардың идеологиясы бізге жетті. Ал өзіміздің көшпенді салтымыз ше? Біздің мәдениетіміз қайда? Осы сұрақтар мазалаған соң, жас болсақ та, бір бастама бастайық деген оймен осылай әрекетке көштік.

Идеологияның артында үлкен бизнес тұр

Өзге ұлт өкілдерінің мәдениеті арқылы тек кино не сериалдар келген жоқ. Қазір қай қаланы алып қарасаңыз да, олардың саудасы жүріп тұр. Киім сататын дүкендері, тағам өнімдері, мейрамханалары күн сайын ашылмаса, азайып жатқан жоқ.

Qadam: Біздің ұлттық киімдерді заманауи стилге алып келу үшін не істеу керек немесе өзің қандай жоба дайындап жатсың?

Әрине, бұл біздің алға қойып отырған мақсаттың бірі. Қазір көшеде ешкім ұлттық киім киіп жүрмейді. Себебі ол ыңғайсыз немесе адамдардың көзі үйренбегендіктен, қабылдай алмайды. Алайда, бұл нәрсені әкелуге болады. Мәселен, қарапайым күнделікті киетін киімге оюлы-өрнек салу. Кішкентай болса да, бір оюдың түрін пайдаланып, киіміне сән ретінде тігіп алса, сонымен көшеде жүрсе, адамдардың алдымен көзі үйренер еді.

Бізге бірігу керек!

Бізге тек ұран астында емес, кәсіп саласында бірігу керек. Үлкендер жастарға ақыл-кеңес айтса, дастархан басында бәрі тең дәрежеде сөйлесіп, бір-бірімен байланыс орнатқан кезде барып нәтижеге жетуге болады. Менің әр жерде айтып жүретінім бар: бізге бірігу керек!

Қазір әр жерде шашырап жүрміз. Әркім өзінің мүддесін күйіттеп жүр. Ал біріксек, бір жобаға жұмылмасақ та, бір идеяға топтасып өз көмегімізді берсек, бізден де жақсы дүниелер шығаруға болады.

Сұқбатыңа рақмет!

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button