Ресей инвесторы Солтүстік Қазақстанда фармзауыт салмақ
Ресей инвесторлары Қызылжар қаласында фармацевтика зауытын салуға ниетті. Bright Way Group компаниясының өкілдері Ресейдің Қорған қаласында іссапармен барған Солтүстік Қазақстан облысының әкімімен кездесуде айтты.
KAZAKH INVEST ұлттық компаниясының баспасөз қызметінің мәліметінше, инвестициялық жоба «Qyzyzljar» экономикалық аймағында салынбақ.
«Алдағы бес жылдың сұранысы мен болжамын ескере келе, дәрі-дәрмекке деген сұраныстың артатынын байқадық. Сондықтан Қазақстанмен өндірістік серіктестік орнатайық деген ойға келдік. Бізге қазақстан үкіметінің ұсынып отырған жеңілдіктері ұнады. Жобаны жүзеге асыруға қолайлы орта деп танимыз. Зауытты қазақстандық компаниямен бірігіп саламыз«, – дейді Bright Way Group директорлар кеңесінің төрағасы Людмила Щербакова.
Алдын ала болжамға қарағанда, көрші елдің инвесторлары бұл жобаға 30 млн доллар қаржы құймақ. Жылына 150 млн ампул, 1 млрд таблетка және 200 млн капсула шығарады.
Инвестормен келіссөз былтыр басталған. Соңғы екі айда белсенді келіссөз жүргізген.
Айта кеткен жөн, «Велфарм» ЖШС – Bright Way Group фармхолдингінің негізінде құрылған толық циклді фарматевтикалық өндіріс. 80-нан астам препарат шығарады. Тағы 50 препаратты сынақтан өткізіп жатыр. Былтырғы табысы 6,3 млрд рубль болған.