Шығыны көп адамдарға арналған пайдалы лайфхак: Алты құмыра әдісі
Шығыны көп адамдарға әрі отбасылық бюджетті дұрыс жұмсауға арналған пайдалы лайфхак – алты құмыра әдісі. Бірақ бұл үшін құмыра іздеп дүкенге барудың қажеті жоқ: кәдімгі алты конверт, алты банка, алты сандықша, қайсысы болса да жарай береді.
Ең маңыздысы – жұмсалатын шығындарыңызды белгілі бір мөлшерлерге шартты түрде бөліп, кірісіңізді сауатты басқара білу. Әдістің атауында құмыра болғандықтан, біз осы сөзді пайдалануды жөн санадық.
Әрбір құмыра шығындарыңыздың белгілі бір бөлігіне жауап береді
Бірінші құмыра
Бірінші құмыраға бюджетіңіздің жартысынан сәл артығын, нақты айтқанда 55%-ын салыңыз. Бұл ақша ең қажетті деген жағдайларға – коммуналдық төлемдерге, азық-түлікке, киімге, аяқ киімге, дәрі-дәрмекке және басқа да тұрмыстық шығындарға қажет.
Екінші құмыра
Екіншісі сізді рахатқа бөлейтін құмыра, себебі сіз оған сауық-сайранға арналған ақшаны – бюджетіңіздің 10%-ын саласыз. Өмір ұсақ-түйектен тұрады, ал киноға, театрға немесе мейрамханаға бару – әрқашан да көңілді көтеретін нәрселер. Жақсы демала алмайтын адам, жақсы жұмыс істей де алмайды!
Үшінші құмыра
Үшінші құмыра ақшаны жинақтауға арналған. Кез келген кірісіңіздің 10%-ын болашаққа сақтаңыз. Бұл құмыраның банктік салым түрінде болғаны жөн, сол кезде сіз ақшаңызды жинақтап қана қоймай, оны көбейте де аласыз. Бірақ бұл қаражатыңызды ешқашан да жұмсамаңыз. Өзіңіз үшін сондай тәртіп орнатыңыз да, соны қатаң сақтауға тырысыңыз.
Төртінші құмыра
Ал егер қиын-қыстау күн туса ше? Біріншіден, мүмкіндігінше жақсылыққа жорып, жаман ойдан алыс болған жөн. Екіншіден, ол үшін бюджетіңіздің 10%-ын салатын төртінші құмыраңыз бар. Бұл сіздің көзделмеген шығындарыңызға, ірі заттарды сатып алуға арналған қаражатыңыз, былайша айтқанда ол сіздің қосалқы қорыңыз. Қаржылай қосалқы қор кез келген отбасына қажет, ол «қаржылық» құлдыраудан қорғап, түрлі қиыншылықтардан сақтайды. Банкте еркін толтырып, кез келген уақытта ала алатын екінші салымды ашсаңыз да болады. Қолайлы әрі қауіпсіз, солай емес пе?
Есте сақтаңыз:
Егер сіздің бағасы қымбаттау бір затты алғыңыз келсе, осы оймен бір түнеп шыққаныңыз жөн. Қаржы консультанттары да сондай кеңес береді, себебі бір мезеттік қажеттілік қымбатқа соғуы мүмкін. Мысалы, белгілі бір уақыт өткеннен кейін сол заттың расында керек не керек еместігіне көз жеткізесіз. Осылайша қажетсіз нәрсені алмауыңыз мүмкін.
Бесінші құмыра
Бесінші құмыра білімге арналған. Оған бюджетіңіздің 10%-ын сала отырып, сіз өзіңізді дамытуға және балаларыңыздың білім алуына инвестиция құясыз. Балаларыңызға арнап ай сайын толтырып отыратын білім депозитін ашсаңыз да болады. Оған репетиторлардың қызметіне арналған, тіл курстарының, спорттық секциялардың, үйірмелердің ақысы, кітаптар, спортқа арналған аксессуарлар, мектеп құралдарын және т.б. сатып алу кіреді.
Алтыншы құмыра
Ең соңғы алтыншы құмыра мейрамдарға, тойларға жұмсалатын шығындарға арналған. Оған бюджетіңіздің 5%-ын салуға болады және ол өзіңізге және жақындарыңызға сыйлық, киім, үйлену тойларына, туған күндерге аксессуарлар алу шығандарынан, мысалы осындай салтанатты шаралар үшін сұлулық немесе SPA салондарға бару шығындарынан тұрады.
Осындай тәртіп болған кезде тіпті шектен тыс шопоголиктердің (сатып алуға психологиялық тәуелділік) өзі шығындарын шектей алады. Кәсіпкерлер «Көп ақша табатын емес, көп ақша үнемдейтін адамдар – бай» деп бекер айтпайды. Осындай қағиданы сақтай отырып, отбасылық бюджетті сауатты басқаруға болады.
«Qadam.asia»