Бизнес

Тойханаларды дүкенге, оқу орталығына, спорт кешеніне айналдырып жатыр

Пандемия жеке кәсіпкерлерге айтарлықтай соққы болды. Әсіресе, тойханалар мен мейрамханалардың жұмысы тұралап қалды.

Алайда, бұл тығырықтан да шығуға болады екен.

Мысалы, Орал қаласындағы тойханалардың 10%-ы басқа бағытта жұмыс жасауға көшкен. Мейрамхана ғимараттары басқа кәсіп нысандарына айналуда немесе жалға берілуде.

Оралдағы «Ақ босаға» мейрамханасы электр тауарларын сататын орталыққа, «Айлуна 2» мейрамханасы киім  дүкеніне, «Той сарайы» тойханасы қосымша білім беру орталығына, «Астана» мейрамханасы азық-түлік супермаркетіне айналған.

««Ақ босаға» тойханасы 11 ай жұмыс істемеді. Халыққа қызмет көрсетпеген соң, табыссыз қалдық. Қызмет көрсетушілердің тең жартысын жұмыстан босатуға тура келді. Қиын болса да, бас аспаз және қалған 50 пайыз қызметкердің 11 ай бойы жалақысын тұрақты төлеп отырдым.  Өйткені сапалы қызмет көрсететін мамандарды табу оңай емес. Жұмыссыз қалған 10 шақты адамға қолдан келген көмегімізді көрсеттік. Қазіргі уақытта тойхананы жауып, өзге кәсіпкерге жалға бердім. Енді тойхана электр техникалық дүкен болып ашылды. Үй тұрмысына қажетті  заттарды осы жерден таба аласыз. 15 шақты адам еңбек етуде. Екінші деңгейдегі банктен алған несиемнің төлемін уақытылы төлеп отырмын. Қалай болғанда да елге келген ауыртпалықты ел-жұртпен бірге көреміз», – дейді кәсіпкер Адият Сыдықов.

Орал қаласындағы Бәйтерек ауданында 250-300 адамға қызмет көрсеткен тойхана да табыссыз қалыпты. Алайда, тойхана иесі қиыншылықтарға қарамастан, той тойлайтын орынды сауда орнына айналдырған. Тойхана ашу кезінде мемлекеттік бағдарлама арқылы жеңілдікпен несие алған кәсіпкер супермаркет жұмысын жолға қояды. Осыдан айтарлықтай табыс тауып жатқаны да рас.

Мейрамхана шығармашылық орталыққа айналған

Зашаған кентіндегі «Той сарайы» мейрамханасынан Оралдағы мектептен тыс жұмыс орталығының Зашаған кенті бөлімшесіне беріліпті.

Бұрын бұл бөлімше №13 мектепке дейінгі ұйымның ескі әрі тар ғимаратында орналасқан болатын. Ата-аналардың сұранысы мен осы аудандағы балалар санының өсу қарқыны ескеріліп, облыс, қала әкімдігінің, білім беру бөлімінің қолдауымен жаңа тойхана орны жалға алынған.

Зашаған кенті бөлімшесіндегі үйірмелерге 790 бала тіркеліпті. Онда шығармашылық, интеллектуалдық, техникалық бағыттарда білім мен тәрбие беріледі. Төменгі қабатта фитнес орталығы орналасқан.

Тойханаларды тағы қандай нысандарға айналдыруға болады?

Қазір ресми органдар тарапынан шағын кәсіпкерліктің бос ғимараттарын басқа бизнес бағытқа ауыстыру немесе жалдау арқылы спортзал, мектептен тыс үйірмелер ашу бағытында зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қазіргі жағдайда мейрамхана, тойхана нысандарының иелеріне басқа кәсіппен айналысу бағыттары ұсынылған. Соның ішінде жұмысы тоқтап тұрған кәсіпкерлік ғимараттарын аумағы 3х4 метрлік сауықтыру және 4х2 метрлік балалар бассейндеріне,  азық-түлік сақтайтын тоңазытқышы бар қоймаларға айналдыру ұсынылуда.

Сонымен қатар Опен-спейс, офис-кеңселерге, оқу орталықтарына, мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс орталықтарына жалға беріп, жабдықтауға болады.

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button