Ғалымдар семіздікпен күресетін жаңа дәрі ойлап тапты
Қант диабетіне қарсы қолданылатын препарат артық салмақпен күресуде көмектесетіні дәлелденген.
Лондондағы Семіруді зерттеу орталығының ғалымдары қант диабетіне қарсы дәрілік Семаглутидті сынақтан сәтті өткізіп, оның адамдарға артық салмақтан арылуға көмектесетінін анықтады. Бұл жайлы ВВС хабарлаған болатын.
Мамандар жүргізген эксперимент 68 аптаға созылған. Оған 16 елден семіздікпен ауыратын екі мыңнан астам адам қатысыпты. Еріктілердің жартысы аптасына бір рет Семаглутид инъекциясын, қалған жартысы плацебо инъекциясын қабылдаған.
Бір жарым жылдан кейін қатысушылар орта есеппен 15 кг салмақ тастады, ал плацебо қабылдағандар тек 2 кг жоғалтқан. Мұндай нәтижеге, ғалымдардың пікірінше, бұрын хирургиялық араласу нәтижесінде ғана қол жеткізу мүмкін болған.
Семаглутидті ұзақ уақыт қолдану қауіпсіз деп танылды. Жанама әсерлерінен тек диарея мен жүрек айнуы байқалған, бірақ симптомдар тез жоғалып кетті. Сонымен қатар, қатысушылар денсаулығын жақсартып, қан қысымын қалыпқа келтірді, қант диабеті мен жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін азайтты.
Енді ғалымдарға Семаглутидтің әсері ұзаққа созылатынына және жоғалған килограммдар жақын арада қайтып «оралмайтындығына» көз жеткізу ғана қалды. Препарат бүкіл әлем бойынша семіздікпен күресу үшін белсенді қолданылады деп күтілуде.