Құрсақтағы сәбидің 10 сыры
Қазіргі жетілген жан-жақты зерттеулердің анықтауы бойынша ұрық төртінші айдан бастап сана-сезімге ие болады. Ол жан-жағында не болып жатқанын біледі, сезеді, естиді, өзінше пайымдап түсінеді. Төрт айлық сәби ана құрсағындағы және өзіне жеткен тыстағы өзгерістерге өзінше жауап береді. Егер де оған бір нәрсе ұнамаса, ол дөңбекшиді немесе аяғымен тепкілейді.
Американдық мамандар көп жылдық зерттеуден кейін төрт айдан кейінгі адам ұрығының «сана тізбесін» жасаған. Сол тізбенің он тармағы мынадай:
1.Ұрық дәмдінің дәмін біледі, барлық сәбилер сияқты ол да тәтті нәрсені жақсы көреді. Мысалы, жатырдағы сұйыққа глюкоза айдаса, ол жұтынуын жиілетеді, ал йод ерітіндісін жіберсе керісінше жұтынуын азайтып, сонымен қатар, жиіркеніп тыжырынады.
2.Ұрық тыстан өз денесіне тиген қимылға жауап қайтарады. Мысалы, егер де саусақ оның ерніне тисе соруға әрекет жасайды. Бес айлық сәби егер басын алақанымен сипасаң, басын қозғалтады, ал егер анасының қарнына суық су құйсаң, ол ашуланып, тепкілей бастайды.
3.Ұрық анасының көңіл-күйін қайталайды. Анасының көзі ұйқыға кеткенде ол да қалғиды, анасымен бірге оянады. Анасының көңіл-күйі жақсы, ұйқысы қанған, тыныш болса, ол да тыным алады.
4.Темекі тарту болашақ сәбиге залалды екені жұрттың бәріне белгілі жайт. Бұны да ол жақсы біледі. Оның темекіні жек көретіні сондай, анасы темекі тартпақ түгілі, бір-екі рет соруды ойлағанының өзінде-ақ сәбидің жүрегі жиі-жиі соға бастайды. Бұның себебі – анасы темекі тартқан кезде оған оттегі жетіспейді де, оның тыныштығын қашырады. Бірақ, ол анасының темекі тартқысы келгенін қайдан біледі деген сұрақ туады. Бұны да түсіндіру оп-оңай. Никотин қабылдағысы келген ананың гормональдық жүйесінде өзгеріс пайда болады.
5.Әлі кең дүниенің құшағына енбеген сәби – сөздер мен толық тіркестерді есіне сақтай алады. Мысалы, екі жасар қыздың шешесі қызы кенеттен «дем ал, дем шығар» деп дауыстағанында таң-тамаша қалады. Ал, бұл сөздер болашақ аналарды жетілдіру сабағына барып жүргенде қабылдаған сөздері болатын. Екі жастағы француз қызы ағылшын тілін жақсы түсінген, себебі оның анасы жүкті кезінде Париждің америкалық бір фирмасында жұмыс істеген-ді.
6.Ұрық музыка үнін ести алады. Ол рок әуенін жек көреді. Бірақ Бетховен музыкасын естігенде көңіл күйі көтеріледі, ал Вивальдиді тыңдағанда бей-жай күйге түседі. Жағымды әуен оны ұйқыға бөлейді.
7.Ата-ананың ұрыс-керісі жатырдағы сәбиге никотин мен алкогольден әрі жаман әсер етеді. Осындай ұрыс-керістің кесірінен оның түсіп қалуы да мүмкін.
8.Жатырдағы сәби жарыққа да өзінше жауап қайтарады. Егер де күшті жарықты анасының құрсағына қарай бағыттаса, ол сәби жанын қоярға жер таба алмайды, аударылып түсіп, кірпіктерін тарс жұмып алады.
9.Жарық дүниеге әлі шықпаса да, анасының айтқанын тыңдайды, оның дауыс ырғағымен өзінше жауап қайтарады. Жүрек соғысы қалпына келеді. Сондықтан да дәрігерлер болашақ анаға құрсағындағы сәбимен жиі сөйлесіп тұруға кеңес береді. Дүние есігін ашқаннан кейін шешесімен жатырда жатып көп сөйлескен сәби тыныш, әрі аз жылайтын болып өседі.
10.Анасына сырттан күш түссе, ұрық мұны екі айлық кезінде-ақ сезе қояды. Егер анасының құрсағынан қаттырақ ұрса, ол тығылғандай, жәрдем күткендей күйге енеді.