Балалардың коронавируспен жаппай ауырып жатқаны оқу жылымен байланысты ма?
Инстаграмда dr_zhumatqyzy парақшасын 83,4 мың адам оқиды. Ана мен бала денсаулығы жөнінде блог жүргізетін дәрігер Гаухар Жұматқызы Qadam.Asia сайтында ең пайдалы кеңестерімен бөлісті. Міндетті түрде блокнотыңызға түртіп алыңыз.
Сіз инстаграмда ана мен бала денсаулығы жайлы блог жүргізесіз. Жалпы, блог жүргізуді қай кезден бастадыңыз? Не түрткі болды?
Блог бастау туралы ой бірінші баламды босанып, үйде отырған кезде келді. Мамандығым жалпы тәжірибелік дәрігер, яғни отбасылық дәрігермін. Медицина бір орында тұрмайтын, күн сайын дамып жатқан ғылым ғой. Декретте болғанда өзімді бір орында тұрып қалғандай, кәсіби түрде шыңдалмай жатқандай сезіндім. Содан, дамиын, ізденейін, бөлісейін деген ойдан осы блог дүниеге келді.
Қазір коронавирус жағдайы балаларда көп тіркеліп жатыр, не себепті деп ойлайсыз?
Коронавирусты инфекцияның балалар арасында көбірек кездесуінің себебін оқу жылымен және жедел респираторлық инфекциялар жиі таралатын күз мезгілімен байланыстырамын. Жалпы, әр ата-ана Кавасакиге ұқсас коронавирусты инфекциядан кейін дамитын мультижүйелік синдром туралы білуі керек: егер коронавирусты инфекциядан кейін балада көз қызару, бөртпелер, іш өту, құсу, іштегі ауырсыну, лимфа түйіндерінің ұлғаюы байқалса, жедел түрде дәрігерге көрсеткен жөн.
Күз маусымы – адамның иммун жүйесінің әлсірейтін уақыты. Балаларды вирустан қалай қорғаймыз? Сіз балаңызды қалай сақтандырасыз?
«Иммунитет әлсірейді немесе күшейеді» деген қате түсінік. Нағыз иммунитет жетіспеушілігі болады, ол өз алдына бөлек, күрделі ауру. Күз-көктем айларының ауа ылғалдылығы, температурасы вирусты инфекциялардың көбеюіне қолайлы мезгіл. Жұғу жолы ауа-тамшылы болған соң да адамдар арасында көп таралады. Сақтану жолдары: адам көп шоғырланатын жерлерге бармау, тұмауға, пневмококкқа қарсы вакциналар, маска тағу, қолды жуу.Балаларымды осы аталған маңызды да қарапайым ережелер арқылы сақтандырамын. Біздегі басты ереже – оқшаулану. Аса қажет болмаса, ешқайда бармаймыз, адам аз жерлерде серуендейміз.
Баланың дәрі қобдишасында болуы тиіс ТОП-10 препарат:
1. Температура түсіруге арналған дәрі: Ибупрофен, Парацетамол
2. Антисептик: Хлоргексидин, Мирамистин
3. Д 3 тамшылары
4. Физиологиялық ерітінді: NaCl 0,9%
5. Аллергияға қарсы дәрі: Зодак, Фенистил
6. Сусыздануға қарсы, іш өткенде, құсқанда: Регидрон, БиоГая
7. Антибактериалды мазь: Бактробан, Левомеколь
8. Күйікке қарсы гель: Апполо
9.Құралдар: термометр, аспиратор, мақта, бинт, бактерицидті пластырь, қайшы
10. Баланың жеке ауруына, жағдайға байланысты препараттар.
Мысалы: іш үнемі қататын болса: Глицерин, Лактулоза свечалары, демалыста күн көзінен қорғайтын крем, аллергиялық реакциялары бар балаға Дексаметазон, Преднизалон, бронхообструкция жиі болса: Небулайзер, т.б.
Аналардың жиі қоятын 3 сұрағы:
І. «Иммунитет көтеруге қандай витамин беремін?»
Иммунитет көтеруге арнайы витамин жоқ.
Иммунитет жүйесі дұрыс жұмыс жасау үшін: құнарлы тамақтану, таза ауа, физикалық белсенділік, қанық ұйқы керек.
+ Д3 витамині профилактикалық дозасын ұмытпаңыз.
ІІ. «Тісі шықпай жатыр, не істеймін?»
Тістің шығуы – әр балада әртүрлі. Бір бала тіспен дүниеге келуі мүмкін, бір баланың тісі 1 жаста шығуы мүмкін. 1,3 жасқа дейін бірде бір тісі шықпаса, онда дәрігердің көмегіне жүгінгеніңіз дұрыс.
ІІІ. Балаға қосымша тамақ беруді неден, қалай бастаймын?
Баланың тағамға қызығушылығы, дайындығы пайда болғаннан кейін, негізгі диапазон 5-7 ай аралығында. Ботқа, көкөніс, ет, жемістен бастасаңыз да, жаңа халықаралық нұсқаулықтарға сай болсын. Менің дәрігер әрі ана ретіндегі ойым, қосымша тамақты көкөніс пюресі немесе ботқадан бастаған жөн.
Жас анаға дәрігер Гаухар Жұматқызынан 5 кеңес:
- Әр бала – жеке тұлға болып саналатындықтан, дамуы, жетілуі әрқалай. Бір бала 9 айында алғашқы қадам жасаса, екінші бала 1,5 жасында жүруі мүмкін. Сондықтан үрейлене бермеңіз.
- Уақыт тез өтеді, зымырайды, дәл қазіргі сәттер қайта келмейді. Баланың уілі, алғашқы былдыры, алғашқы қадамы – барлығы бірінші рет болады. Сол сәттерден ләззат алуға тырысайық. Баламен көбірек уақыт өткізіп, «баламен үйдемін» деген тек сөз ғана болмай, іс жүзінде атқарыңыз, ойнаңыз, сөйлесіңіз.
- Өзіңізге уақыт бөліңіз. Мінсіз болуға, бәріне үлгеруге ұмтылмаңыз. Шаршаған уақытта нәзік жаратылыс екенімізді ойлайық. Үнемі көңілді болып, басқа адамдардың көңіліне қарап жүруге міндетті емессіз. Сезімге, эмоцияға ерік беруге, ренжуге, мұңаюға болады (әрине, орнымен).
- Бақытты бала бақытты отбасында өседі. Отбасындағы атмосфера, қарым-қатынас дұрыс болсын.
- Барлық ата-ана бала ауырған кезде уайымдауы заңды, бірақ шектен тыс уайым, қорқыныш тек зиян келтіреді. Балаға салмақты, сенімді, кез-келген ситуацияда өзін ұстай білетін ересек, сауатты ата-ана керек.