Алматыға бүгін қытай вакцинасы келуі керек
Алматы дәрігерлері қытайдың Hayat-Vax вакцинасының келуін күтіп отыр. Бұл жайлы Zakon.kz хабарлады.
Алматы қаласының Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметі хабарлағандай, 30 сәуір күні Біріккен Араб әмірлігінен қытайдың Hayat-Vax вакцинасы 30 мың доза әкелінмек. Оны тасымалдайтын – СҚ «Фармация» компаниясы. Вакцина қоймаға түскеннен кейін, басқарма қызметкерлері оны жан-жаққа таратады.
Бұған дейін Алматыға «Спутник V» вакцинасын 57 895 доза әкелінген еді. Ал қазақстандық QazVac вакцинасы әлі келмеді.
Hayat-Vax екпесін жасаған – Бейжің Биологиялық өнім институты. Қытай технологиямен бұл вакцинаны жасап шыққан Біріккен Араб әмірлігі. Екі ел 2021 жылы 28 наурызда бірлесіп вакцина шығаруға келіскен.
Айта кеткен жөн, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры аталмыш қытай вакцинасының 1 млн дозасын сатып алған еді. Бұл вакцина алдымен қор қызметкерлеріне салынып, қалғаны екпе салдырғысы келгендерге беріледі.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, жалпы аталмыш вакцинаның 400 мың дозасы сәуір айының соңына дейін жеткізіледі де, қалған 600 мың дозасы мамырда жеткізілмек.