Беттегі, денедегі ісіктен арылудың тиімді әдістері
Беттің ісінуі, артық салмақ пен целлюлиттің пайда болуы лимфа жүйесі жұмысының нашарлауын білдіреді. Мұндай жағдайда бойымыздағы сұйықтық дұрыс айналмайды, ағзадағы шлактар мен токсиндер дұрыс шығарылмайды. Нәтижесінде, адам тез шаршап, жиі ауырады, терісі бөртіп, өз реңін жоғалта бастайды.
Дәрігерлер ісінуді болдырмау үшін көбірек қозғалып, су ішуге кеңес береді. Сондай-ақ қарапайым жаттығуларды орындап жүрген жөн. Жаттығулар тамырлардағы қан айналымын қалыпқа келтіріп, аяқтағы шаршау мен ауырлық сезімін басады.
Лимфа жүйесінің асқынуы
Лимфа жүйесінің негізгі міндеті – адам қанын тазартып, токсиндерді сыртқа шығарып, вирустар мен бактерияларға қарсы антидене түзу болып табылады. Ол иммунитет қалыптастырады, ағзамыздағы су мөлшерін реттейді. Егер лимфада асқынулар болса, онда:
- бет ісініп тұрады;
- қара суға да семіріп кетесіз;
- мойындағы, қолтықтағы, шаптағы лимфа түйіндері қабынады;
- лимфа жүйесіндегі бұзылыстардың белгісі беттегі қызарулар, бөртпелер, ерте әжім түсу арқылы білінеді.
Егер тұрақты түрде бетті тазалау нәтиже бермесе, диетада жүрсеңіз де салмақ азаймаса, лимфа жүйесіне арналған кешенді жаттығуды жасап көріңіз.
Кешенді жаттығуды орындауға қарсы көрсеткіштер:
- қант диабеті;
- онкологиялық аурулар;
- тромбофлебит;
- жүрек–қан тамыры жүйесінің аурулары;
- бүйрек дисфунциясы;
- ЖРВИ немесе жоғары температурадағы тұмау;
- етеккір кезі.
Өзіңіздің әл-ауқатыңызды дәрі-дәрмексіз жақсарту үшін, гипертонияның, стресстің, ұйқысыздықтың бастапқы кезеңінде осы жаттығуларды орындап жүріңіз.
Лимфаны таратуға арналған тиімді жаттығулар
Лимфадренажды кешенді жаттығуды таңертең оянғаннан кейін жасаған жақсы. Қарапайым жаттығулардан бастаңыз, содан кейін контрасты душқа немесе кәдімгі душқа ауысыңыз. Күндіз бірыңғай отырып жұмыс жасағанда, Микулин әдісі арқылы аяқтың шаршағанын басуға болады. Бұл тамырлардағы варикоздың дамуына жол бермейді.
Бұғана массажы
Еденде немесе тегіс жерде жатып, арқаңызды түзеп, босаңсу керек. Қолыңызды кеудеге қойып, айқастырыңыз, саусақтарыңызбен бұғанаңызды ұстауға тырысыңыз. Дем шығарған кезде тек шынтағыңызды көтеріңіз, сонымен бірге лимфа түйіндері орналасқан жерлерді басыңыз. Массажды 15 рет қайталаңыз.
«Жапон толқыны» жаттығуы
Жаттығу аяқтардағы ісінуді кетіруге көмектеседі, ас қорытуды жылдамдатады және күш береді. Орындау үшін ыңғайлы отырыңыз, тізеңізді бүгіңіз. 30 секунд ішінде тегіс жерге жатып, қолдарыңыз бен аяқтарыңызды жоғары көтеріп, босаңсытып, ақырын шайқаңыз. Қозғалыс дірілге ұқсас болуы керек. Уақытты біртіндеп 3 минутқа дейін көбейтіңіз.
«Құрбақа» жаттығуы
Жұмыстан келгеннен кейін бір жеңілдеп, лимфа жүйесіне пайдалы «құрбақа» жаттығуын жасап көріңіз. Қатты жерге отырып, аяқтарыңызды өзіңізге қарай тартыңыз, тізені бүгіп, табанды қабыстырыңыз. Қолдарыңызды санның ішкі жағына қойыңыз да, ақырындап серіппе қалпына келтіріңіз. Бірқалыпты тыныс алуды қадағалап отырыңыз, ауырсынулар болмауы керек.