Біздің шимайымыз нені білдіруі мүмкін?
Қағазды ешқандай мақсатсыз шимайлап отырғанда, сол шимайымызды жай ғана мағынасыз жазулар мен кескіндер деп ойлаймыз. Шын мәнісінде, олай емес. Мағынасыз көрінетін шимайлар да біздің бейсанамызда боп жатқан ойлар мен проблемаларымызды ашып көрсетуі мүмкін.
Сіз қағазды шимайлаған кезде қандай кескіндер пайда болады? Әлде атыңызды қайталап жазып, қол қойғанды ұнатасыз ба? Сіздің шимайыңыздың не мағына беретінін көрейік.
Спираль, шеңбер, толқынды сызықтар
Өз уайым-қайғысына ғана алаңдайтын адамдар, әдетте, осындай фигураларды сызады. Оларды басқалардың проблемалары қызықтырмайды. Олардың жанашырлық сезімін ояту қиын. Адамдардың жылап келіп, мұң шаққанын ұната бермейді.
Гүл, күн, гүлдесте
Осыған ұқсас дүниелердің суретін салатын әдеті бар адам үнемі біреумен тілдесуге, сырласуға мұқтаж жан болуы мүмкін. Мұндай адамдар нағыз достықты, адал махаббатты қалайды.
Тор
Дәптердің бетіне тор құратын жандар жұмсақ мінезді, ебедейсіз келеді. Олар ренішті тез ұмытады, біреуді жылдам кешіреді. Өздерінің ашулы екенін көрсете бермейді. Айналасындағылардың бәріне қамқор боп жүреді. Оның жақсылығын бағаламаса, стресске түсіп, қатты қиналады.
Жүрек
Жүректің суретін салғанды жақсы көретіндер адамдардың бәрін құшақтап, өзінің махаббатына бөлеп тастағысы келеді. Кейбіреулері барынша ұстамды болуға тырысуы мүмкін. Бірақ олар үшін сезімін іште сақтау қиын.
Адам
Адамның кескінін сызуға құмар адамдарға көп үміт арта беруге болмайды. Оларға жауапкершілік алу өте қиын. Бастаған ісін соңына дейін жеткізуге тырыспайды. Оларды біреу бақылап, үнемі қамшылап отыру керек.
Геометриялық фигура
Айқын мақсаттары, берік сенімдері бар адамдар геометриялық фигуралар сызады. Олар өмірден нені қалайтынын және оған қалай жетуге болатындығын жақсы біледі. Оларды мақсатынан айныту өте қиын.
Жұлдыз
Жұлдыз салу амбицияны, мотивацияны және сенімділікті білдіреді. Кішкентай жұлдызшалардың тізбегі оптимизмнің белгісі. Ал бір ғана үлкен жұлдыз жалғыз ғана үлкен мақсаты бар адамдарға тән. Біркелкі салынған жұлдыздар жанкештілікті, қайсарлықты білдірсе, бейберекет орналасқан ассиметриялы жұлдыздар шоғыры – нағыз ойшылдардың шимайы.
Құстар, көбелектер, т.б. ұшатын тіршілік иелері
Бұл ештеңеге байланбай, еркін болғысы келетін адамның қалауынан туған шимай. Екінші жағынан күрделі бір жобаның әсерінен стрессті сезініп жүргеніңізді де білдіруі мүмкін.