Тісті сау сақтаудың қазақы әдісі
Адамның ас қорыту жүйесінде ауыздың, әсіресе, тістің алатын орны ерекше. Ас қорыту асқазаннан емес, ауыздан басталады.
Осы тісіміздің аман-саулығын күтіп сақтауымыз керек. Тіс ауызға түскен тағамды ұсақтап, сілекей-шырымен шылап асқазанға жібереді. Егер тіс құрт жеген не зақымданған болса, асты дұрыс ұнтақтай алмайды. Ал бүтін кеткен ас асқазанды ауыртатыны, оның қорытуын қиындатаныны түсінікті.
Бұлай күрделі қорытылған тамақ басқа дене мүшелеріне де ауырлық түсіреді. Тіс ауруына байланысты тамақты ішіп-жеудің маңызы бұзылады, нерв-сезім жүйелері нашарлап демалыс-ұйқыңыздан мән кетеді.
Медицина саласында ауырған тісті емдейді, тазалайды. Жоқ тістің орнына темірден, сүйектен тіс салып толтырады немесе пластмастан протез салып тістің орнын түгендейді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) кейінгі ұрпақтарына «тістеріңді ертемен масиқпен тазалаңдар» деп өсиет қалдырғанын еске түсірейік.
Ерте кезде Орта Азияда тіс ауры сирек болғанға ұқсайды. Мұны орыс ғалымдары қазақтардың сүт өнімінен айранды ашыту, қайнату, сүзбе арқылы жасалған құртты жиі жеген деп түсіндіреді.
Құнарлы құрт – адам ағзасына қажет пайдалы тағамның бірі. Әсіресе, құрт – кальций мен фосфордың көзі саналады. Кальций – тіс эмаліне ең қажет минерал.
Құрғатылған сүтте ақуыз көбейетіндіктен, құрттың құрамында да адамға ең керек ақуыз болады.
Құрт әсіресе баланың тісінің дұрыс қалыптасуы мен қатаюына пайдалы мол. Тісі енді шығып келе жатқан баланың иегін қатайтады. Кепкен құртты мүжіген баланың тісі сау, сүйегі берік болады.
Қазақтың құртты жазда қайнатып, қысқа сақтайтынын бәріміз білеміз. Әсіресе орталық және шығыстың қазақтары құртты жұмсақтай емес, қатты күйде дайындап сақтайды. Мұндай құрттың бойынан пайдалы қасиеттері жоғалмайды. Көктемге таман адам ағзасы әлсіреген, дәруменге сусаған кезде жеп, авитаминоздың алдын алуға болады. Құртты тұзды, ағзадаға тұзды көбейтіп жібереді дегендерге уәж мынау. Халқымыз құртты көктем мен жазда жейді. Ал ол кезде адам көп терлейді де, денедегі тұз сонымен сыртқа шығып кетеді.
Қазақтың тісті аман сақтауда қолданған тағы бір тәсілі бар. Ол – тіс шұқуға арша бұтағын қолданғаны. Аршадан арнайы тіс шұқығыш жасап соны қолданған. Аршаның кішкентай ғана жіңішке бұтағының өзі ұзақ уақыт бойы арша иісі мен фитонцидтің қасиетін жоғалтпайды. Әрі тістің қызыл иегіне пайдалы көрінеді.