Вакцина үнді штамынан қорғай ма? – Алмаз Шарман жауап берді
Қазір әлемге коронавирустың «Дельта» штамы қауіп төндіріп тұр. Мамандар үнді штамының қаупі қытайда тараған коронавирустан да асып түсуі мүмкін деседі. Оған себеп – штамның жылдам тарап жатқаны.
Ендігі сауал үнді штамына қазіргі вакциналар ем бола ала ма? Қай вакцинаның мүмкіндігі жоғары? Бұл сауалдарға қазақстандық профессор, иммунолог, Америка денсаулық сақтау қауымдастығының мүшесі Алмаз Шарман жауап берген екен.
Профессордың айтуынша, вакцинаның кейбірі үнді штамынан қорғаса, енді бірі қорғай алмайды. Мәселен, AstraZeneca және Pfizer вакцинасының дельта штам мен коронавирустың басқа штамдарына қарсы күш-қуаты жетерлік.
«Ұлыбританияда жүргізілген зерттеудің арқасында AstraZeneca вакцинасының екі дозасы да дельта-штамнан қорғай алатыны белгілі болды. Вакцинаның бірінші дозасы дельта штамнан көп қорғай алмайды. Ал қос дозасын алғандардың иммунитеті тұрақты. Айтпақтай, «Спутник V» вакцинасының да дельта штамға қарсы күш-қуаты жетеді», – дейді Алмаз Шарман.
Профессордың айтуынша, өкінішке қарай, Sinovac пен Sinopharm сынды қытай вакцинасы дельта-штамнан қорғай алмайды. Бұған Моңғолия мен Сейшаль аралы, Қытайдың Гуанчжоу аралында үнді штамына шалдығушылардың көбеюі дәлел .
«Қытайдың аталмыш вакцинасы Қазақстанда CoronaVac және Hyat-Vac деген брендпен келген. Олардың да дельта штамға әлсіз. Қазақстандық QazVac вакцинасы да инактивациялық вакцинаға жататындықтан, бұл штамға қауқарсыз», – дейді дәрігер.
Ал «дельта штамға қауқарсыз вакцинаны алған жандарға қандай кеңес беруге болады?» дегенге профессор вакцинаны араластырып алу керек деп жауап берді.
«Қазір вакциналарды араластырып салу тенденцияға айналып барады. Бірнеше вакцинаның компонентін алу арқылы иммунитетті жақсартуға болады. Иммунологияда бұл феномен Mix & Match деп аталады. Сондықтан бір вакцинаны емес, екі-үш вакцинаны салдыру арқылы коронавирустың штамдарына қарсы тұруға болады. Мәселен, жақында Германия канцлері Ангела Меркель бірінші дозаға AstraZeneca вакцинасын алып, екінші дозаға Moderna-ны алды. Мұндай вакцина дельта-вирусқа жақсы ем», – дейді Алмаз Шарман.