Денсаулық & Психология

Вакцинациялауға қатысты барлық сұраққа жауап

Вакцинациялау барлық адамға керек пе? Вакцина салдыру мәжбүрлі түрде бола ма? Одан бас тарта аламыз ба? Вакцина қауіпті емес пе? Балаларға екпе салына ма? Вакциналау қалай жүргізіледі және қанша тұрады?

Вакцинаға қатысты көпшілікті толғандырған осы сынды сауалдар көп. Әлеуметтік желілер арқылы халықты үрейлендіретін түрлі фейк ақпараттар да қаптап кетті.

«Qadam.asia» бүгін вакцинацияға қатысты барлық сұраққа жауап беруге тырысады.

Қазақстан қандай вакцинаны таңдап алды?

Бірнеше күннен кейін, яғни 1 ақпаннан бастап Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинация басталады деп жоспарлануда. Вакцинациялау үшін ресейлік «Спутник V» вакцинасы таңдап алынды. Бұл вакцинаны кейде Гам-КОВИД-Вак деп те атайды.

Бұл вакцина қауіпті емес пе?

Гам-КОВИД-Вак («Спутник V») вакцинасы Ресей Федерациясында мемлекеттік тіркеуден өткізілген. Бұл вакцинаны осыған дейін бірнеше ай бойы халықтың осал топтарын иммундауға қолданып келген. «Спутник V» вакцинасын сатып алуға 50-ге жуық мемлекеттен өтініш келіп түскен. Беларусь, Аргентина, Сербия сынды елдер қазір осы вакцинаны сәтті қолдануда.

Ресейде шығарылған Гам-КОВИД-Вак («Спутник V») вакцинасы 1 ақпаннан бастап салынады. Ал, 15 ақпаннан бастап Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілген Гам-КОВИД-Вак вакцинасы қосылады.

2021 жылдың 2 тоқсанынан бастап отандық – QazCovid-In препаратын қосу жоспарланып отыр. Қарағандыда өндірілген Гам-КОВИД-Вак вакцинасы тек Қазақстанда қолдануға пайдаланылады.

Қазір ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Sinovac», «Sinopharm» (Қытай), «Phizer» (АҚШ) сынды коронавирус инфекциясына қарсы вакцина өндіруші бірқатар мемлекетпен келіссөз жүргізуде.

Вакцина салдыру мәжбүрлі түрде бола ма?

Сізді вакцина салдыр деп мәжбүрлеуге ешкімнің құқығы жоқ. Қазақстанда вакцинация ерікті түрде салынады. Кез келген медициналық ем-шара, оның ішінде вакциналау да сол адамның келісімімен жүргізіледі.

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 77-бабына сәйкес кез келген медициналық процедура, оның ішінде вакцинация вакцинацияланған адамның саналы келісімімен ғана жүзеге асырылады.

Вакциналаудан бас тартқан адам әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тартылмайды. Қысым жасау – заңсыз.

Алайда, көптеген сарапшылар өзіңіздің және отбасыңыздың қауіпсіздігі үшін вакцина салдыруға кеңес береді.

Вакцина салдыру қанша тұрады?

Халықтың осал топтарына коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация тегін ұсынылады.

Вакцинация кезең-кезеңімен жүргізіледі

Вакцинация вакцина жеткізілуіне байланысты кезең-кезеңімен жүргізілетін болады.

Бірінші кезеңде:

  • КВИ жұқтыру және тарату тәуекелі жоғары халықтың осал тобы;
  • Иммундауға жататын халықтың осал тобы;
  • Жұқпалы аурулар аурухана медқызметкерлері;
  • Жедел медициналық көмек қызметкерлері;
  • Жансақтау бөлімі қызметкерлері;
  • Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету қызметкерлері;
  • Ауруханаға қабылдау бөлімі медқызметкерлері;
  • Санэпидқызмет мамандары.

Екінші кезеңде:

  • Жалпы білім беретін мектеп мұғалімдері;
  • ЖОО педагогтары;
  • I кезеңге кірмеген медқызмет мамандары.

Үшінші кезеңде:  

  • Мектеп-интернат педагогтары;
  • Мектепке дейінгі мекеме педагогтары;
  • Студенттер;
  • Созылмалы ауруы бар адамдар.

Сонымен қатар,  Төтенше жағдайлар министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мемлекеттік күзет қызметі қызметкерлерін де вакцинациялау жоспарланып отыр.

COVID-19 жұқтырып, аурудан жазылғандарға вакцинация қажет пе?

Қазіргі уақытта КВИ-ге шалдыққандарды вакцинациялау мәселесі талқыланып жатыр. Айта кету керек, бірқатар әлемдік мәліметке сәйкес, аурудан жазылғаннан кейінгі антиденелер 3-6 айдан кейін жоғалады, содан кейін адам қайтадан вирус жұқтыруы мүмкін.

Қалай болғанда да, коронавируспен ауырып жазылғаннан соң екпе 6 айдан ерте жүргізілмеуі қажет.

Вакцинаны 21 күндік аралықпен екі кезеңмен енгізу керек. Бірінші доза антиденелердің аз мөлшерін өндіруге байланысты қысқа қорғаныс әсерін береді. Екінші доза біріншісінің әсерін күшейтеді және нығайтады, адам организміндегі антиденелер саны артады.

Балаларға вакцина салына ма?

«Спутник V» вакцинасын 18 жасқа дейінгі балаларға қолдануға болмайды. Тек кәмелетке толған адам  ала алады.

Вакцинаның жанама әсері болуы мүмкін бе?

Қарсы көрсеткіштерді анықтау үшін вакцинаның көрсетілімдері, қарсы көрсетілімдері, иммунизациядан кейінгі ықтимал көрінісі, вакцинаны енгізу, сақтау және тасымалдау шарттары туралы толық мәліметтері бар вакцина нұсқаулығы талап етіледі.

Сондықтан қарсы көрсеткіштерін қазір тізіп шығу мүмкін емес. Адамның ағзасы кез келген вакцинаны енгізуде иммунитетті қалыптастырады, иммундаудан кейін дене қызуы аздап көтеріледі, егілген жер қызарып ісінуі мүмкін.

Коронавирусқа қарсы вакцинаға аллергиялық реакция болуы мүмкін бе?

Вакцинаны салмас бұрын адамның аллергиясы бар-жоғы анықталады. Егер ауыр аллергиялық сырқаты болса, вакцина салудан бас тартады.

Бұл ретте аллергиялық реакцияны болжау мүмкін емес, себебі әрбір адамның ағзасы әртүрлі. Дер кезінде мән беру үшін вакциналаудан кейін 30 минут (медициналық мекемеде) дәрігердің бақылауында болуы керек: дәл осы аралықта вакцинаға аллергиялық реакция болуы мүмкін.

Одан кейін 3 күн бойы тіркелген жері бойынша учаскелік дәрігерлердің бақылауына алынады.

Вакцина алған әр адамның қолына вакцинаның ықтимал кері әсерлері көрсетілген және мұндай әсер орын алған жағдайда хабарласа алатын байланыс нөмірлері бар жадынама беріледі.

Электронды вакцинация паспорты дегеніміз не?

Ол вакцинаның медициналық тарихы. Бұл, вакцина қабылдайтын халықты бақылау, мониторингілеу және үздіксіз қарау үшін денсаулық сақтау саласындағы негізгі модуль.

Электронды вакцинация паспортын әзірлеу аяқталып келеді. Паспорттың жұмыс қабілеті медицина қызметкерлеріне Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық ресурстары арқылы, ал пациенттеріне  eGov Mobile мобильдік қосымшасы арқылы жүргізіледі.

Электронды вакцинация паспортывакцинация ем-шарасынан өткен соң, тікелей eGov Mobile мобильдік қосымшасында ашық болады. Электронды вакцинация паспортында азамат туралы, ол алған вакцинаның түрі, егу кезеңдері, вакцинациядан кейінгі бақылау туралы ақпарат қамтылады.

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button