Зерттеу: Адамның көрген түсі болашағын болжауға көмектеседі
Халқымыз «күндіз не ойласаң, түсіңе сол кіреді» дейді. Ойлаған нәрсе, толғандырған мәселе, қиналған дүниеңіздің бәрі түсіңізге еніп, есіңізді шығаратыны бар. Оны бәріміз білеміз. Ал адам түсінде болашағын да көреді дегенге сенесіз бе?
АҚШ-тың Фурман университетінің ғалымдары адамның түс көру мен оны жоруына байланысты арнайы зерттеу жүргізіп, адам түсінде күндіз көргенін ғана емес, болашағында болатын оқиға мен жағдайды да көретінін анықтаған.
Ғалымдардың зерттеу жұмысы Sleep журналында жарияланған. Олардың айтуынша, түс көру – бұл адам ағзасының жадты, есте сақталған дүниелерді өңдеу процесі. Соның көрінісі. Адамның түсіне кірген оқиғалар – жақында не бұрында басынан өткен, болған оқиғалардың жиынтығы, есте қалғандары.
«Түс болғанды ғана емес, болар оқиғаны да көрсетуге қауқарлы. Түстің өзі өткен оқиға мен болар оқиғаның фрагменттерінен құралған шым-шытырық, өмірлік жағдайлар. Ал адамның міндеті – сол көрген түсіне қарап, оқиғаның қайсы өтіп кеткенін, ал қайсы енді боларын ажырату», – дейді зерттеу тобының жетекшісі, нейробиология докторы Эрин Вамсли.
Ғалымның айтып отырғаны кәдімгі қазақтың түс жоруына ұқсас құбылыс.
Ғалымдар зерттеуге 48 студентті қатыстырған. Студенттерді арнайы зертханада ұйықтатып, бір түнде 13 рет оятып, сезімі мен көрген оқиғасын жазып отырған. Ертеңінде студенттер көрген түсінің шынайы оқиғаға жақын екенін, күндіз көрген оқиғаларының түске енгенін айтып берген. Содан ғалымдар адамның түсіне өткен оқиғамен бірге келер оқиғаның да белгілері қатар енеді деген тұжырымға келген.
«Адамның миы көрген ақпараттың бәрін өңдеуден өткізіп, түске жібереді. Арасында мидың болашақ жайлы ойы мен түйсігі де қоса кетеді. Содан бірыңғай сценарий түзіп, түске кірген оқиғалардың жалғасын да өзінше ойлап, болашақты болжап отырады. Солардың ішінен болашаққа жанасымды, шындыққа қатысты оқиғаны тани алған жөн», – дейді ғалым.