Зерттеу: Арманы бар адамның өмір жасы ұзақ болады
Өмірде мақсаты мен арманы бар адамның өмірі ұзақ болады. Осылай дейді АҚШ-тың Мичиган университетінің зерттеушілері. Ғалымдардың зерттеу нәтижесі JAMA Current Open журналында жарияланған.
Ғалымдар 50 жастан асқан адамдардан 2006 жылы және 2010 жылы арнайы сауалнама алып, соның деректерін салыстырған. Мұндай әдісті ғылымда когортты зерттеу дейді. Зерттеушілер барлығы 7 мың адамнан сауалнама алған. Сауалнама адамды жан-жақты қарастыруға, қаржылық, денсаулық, отбасылық жағдайын түгел қамтуға тырысқан. Анкета «жауап беруші адамның өмірде мақсаты мен мәні бар ма?» деген салмақты мәселені жан-жақты түсіну үшін арнайылап құрылған екен.
Зерттеу авторлары сауалнамадан алған мәліметтерді талдап, адамның арманы мен денсаулығының арасында қандай байланыс барын түсінуге тырысқан. Ол үшін сауалнамаға қатысушылардың 2010 жылға дейінгі денсаулық жағдайы (қайтыс болған жағдайда оның себебін есепке алып) басты назарға алынған.
Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, өмірде мақсаты мен арманы жоқ адамның қан мен жүрек ауруларына шалдығуы екі есе жоғары болатыны анықталған. Адамның қан мен жүрек ауруларына шалдығуы ақшасының көп не аздығына, ұлты мен нәсіліне, білім деңгейіне қарамайтыны белгілі болды. Тіпті ғалымдар арманы бар адамның денсаулығы темекі мен ішімдікті қойған адамның денсаулығынан да жақсы болатынын байқаған. Яғни, арман денсаулыққа шылым мен ішімдікті қойғаннан да жақсы әсер ететін болып тұр.
«Адамға ең алдымен психологиялық тұрақтылық қажет. Ал психологиялық тұрақтылық адамның өмірдің мәні мен мақсатын түсінуінде жатыр. Бізге, ғалымдарға, адамның өмірдегі мақсаты не екенін біліп қажет емес. Бастысы сауалнама арқылы адамның өмірде мақсат-арманы бар ма әлде жоқ па – соны ғана білуге тырыстық. Біздің ойымызша, адамға өмірде қандай арманы барын түсінсе болғаны. Сол жеткілікті. Нақты мақсат, оған жетер жол – бұл екінші орындағы нәрселер. Біреудің мақсаты – жанұялы болу, бала сүю болса, енді бірінің арманы – волонтер болу, халыққа көмектесу, қайырымдылық жасау», – дейді зерттеушілер.
Қазақстандық профессор, медицина ғылымдарының докторы Алмаз Шарманның айтуынша, қазір медицинада арман мен денсаулықтың арасында тығыз байланыс барын дәлелдеген ғылыми зерттеулер көбеюде. Осы бағытта жүргізілген 10 зерттеу жұмысы мақсаты, арманы бар адамның жүрек талмасына, инсультке ұшырауы азаятын көрінеді.
«Бұл салада әлі де зерттеу керек. Адамның арманы мен денсаулығының арасында байланыс барын анықтағанымен, күйзеліс шақыратын гормонның көбейгені адамда арманның жоғалуына әкелуі мүмкін бе деген сауалдың шешімін табу қажет», – дейді Алмаз Шарман.