Жүрек жұмысын жақсартатын жаңғақтың үш түрі
Күнде жаңғақты күнде жеген адам жүрек ауруларына көп шалдықпайды. Әсіресе, грек пен бадам (миндаль), пісте (фисташка) жаңғағының жүрекке пайдасы мол. Жаңғақтың жүрек ауруларына әсері мен пайдасы жайлы зерттеу жүргізген АҚШ ғалымдары осындай тұжырымға келген.
Ғалымдардың зерттеуі Америка колледжі журналында жарияланған екен. Зерттеушілер 13 мың адамды тәжірибеге алып, олардың тамақ рационы мен созылмалы ауруларының бар не жоғы тексерілген. Жүрек ауруларына инсульт, атеросклероз, миокард, қан қысымы мен ишемиялық аурулар және қант диабеті жатады.
Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, жаңғақ адамның қан айналымын жақсартып, артериалды қысымды реттейтін көрінеді. «Нашар» холестериннің деңгейін азайтып, «жақсы» холестериннің деңгейін көтереді. Ал қан диабеті мен жүрек ауруларына әкелетін нәрсе – бұл холестерин екенін ұмытпаған жөн.
Жаңғақтың құрамында жүрекке қажет, пайдалы ақуыз, дәрумен, минерал мен жасұнық, антиоксидант мол.
Сондықтан зерттеушілердің кеңесінше, адам жаңғақты күнделікті жеп жүргені абзал. Бірақ көп емес. Арасында тіс басар ретінде не салатқа сап жеп тұрған жөн.
Зерттеушілердің айтуынша, әсіресе, грек пен бадам, пісте жаңғағының жүрекке пайдасы мол екен. Грек жаңғағында Омега-3 майы, миндаль мен пістеде антиоксидант көбірек. Пістенің құрамында жүрек жұмысына өте қажет калий минералы көп жинақталған.
«Жаңғақты шикі күйде, яғни, табиғи күйінде жеген дұрыс. Сонда пайдалы, құнарлы болады. Бірақ жатарда жеуге болмайды. Фитин қышқылы бар тағамдармен бірге қосып та жеуден аулақ болу керек. Өйткені фитин қышқылы жаңғақтың құрамындағы минералдардың ағзаға сіңуіне кедергі жасайды», – дейді ғалымдар.