Ғылым

ҰБТ-ға дайындық: жоғары балл жинауға көмектесетін 9 лайфхак

Ұлттық бірыңғай тестілеу жыл сайын бүкіл ел бойынша көптеген оқушылардың, ата-аналардың, мұғалімдердің ақыл-ойы мен жүйкелерін тоздыратын күрделі процесс. Біреулер бұдан қорқады, ал басқалары білімін тексеріп, грант жеңіп алатын күнді асыға күтеді. ҰБТ бұл оқушының 11 жылдық оқу кезеңіндегі білім деңгейін анықтайтын тест.

ҰБТдан жоғары балл жинау үшін не істеу керек? Мектеп бітіруші түлек тестке дайындалғанда қандай күнделікті тәртіпті ұстануы керек, сәтті тапсыру үшін нені құрбан ету керек және осы қиын күндерде кімнің көмегіне сену керек екенін бірге анықтап көрейік.

Мотивация.

Көптеген оқушылар өз-өздерін ынталандыра алмайды. Өйткені олардың жасында нақты бір мақсат қалыптаспаған, тек ҰБТ-ны жақсы тапсыру керек деген ой ғана бар. Мектеп оқушылары емтиханның маңыздылығы мен қажеттілігін толық түсінбейді. Мұндай олқылықтар болмас үшін, баланы ынталандыруға қабілетті өзінің болашақ мақсаттары болуы керек.

Уақыт.

Егер өзің уақытты шектемесең, ҰБТ-ға дайындық шексіздікке дейін созылуы мүмкін. Сондықтан «дедлайн» деген түсінік қалыптастыру керек. Уақытты тиімді пайдалана білгенде ғана ойдың жинақылығы мен дайындықтың өнімділігі де арта түседі. Әр минутты дұрыс жұмсап үйрен. Арнайы кесте жасап, әр тақырыпқа дайындалу үшін шекті уақыт белгілеп қой.

Жиі дайындық.

Жиі дайындалу – тестті жақсы тапсырудың мүмкіндігін жоғарылата түседі. Сондықтан ең маңызды ереже ретінде сақтаған жөн. Мәселен, бос уақытыңда формулаларды, теоремаларды немесе тарихи хронологияны қайтала. Мұны үзіліс кезінде, тіпті тамақ кезінде де жасауға болады. Тамақ жеген кезде ақпарат өте жақсы сіңеді деген болжам бар.

Визуализация.

Ұзын мәтіндер мен теорияны судыратып оқи беру ақпаратты есте сақтауға көмектеспейді. Сарапшылар әр түрлі демонстрацияны қолдануға кеңес береді, мысалы, инфографика, карта, интерактивті жаттығулар, формула жазуға арналған тақта және т.б.

Қайталау.

«Қайталау – білім анасы» деп бекер айтылмаған. Оқушылар көбінесе бір оқыған материалын екінші рет оқып шығуға ерінеді. Бірақ бұл дұрыс емес. Өтіп кеткен сабақты да (материалды да) қайталап оқу керек. Бұл әдіс тақырып бойынша алғашында елемеген нәрсені екінші рет оқығанда басқа қырынан тануға және келесі жолы сұраққа оңай жауап беруге көмектеседі.

Күн тәртібі.

ҰБТ-ға дайындық ең басты приоритетіңе айналғаны дұрыс-ақ, бірақ бұл 24/7 оқулықтарды кеміру керек дегенді білдірмейді. Миды да қайта қалпына келтіріп отыру, демалту өте маңызды, сондықтан сапалы ұйқыны, дұрыс тамақтануды, арасында серуендеп тұруды және басқа да көңіл көтеретін істермен шұғылдануды ұмытпау қажет.

Білім беру курстары.

Өзің жеке дайындалудан қорықсаң, қолыңнан келмесе, кәсіби ұстаздарға сенім артып, тестке дайындайтын арнайы курстарға қатысуға болады. Қазіргідей пандемия жағдайында өте ыңғайлы нұсқа – онлайн курстар дер едік. Мәселен, Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайтында ҰБТ-ға дайындалуға көмектесетін өзіндік тапсырмалар бар.

Марапат.

Жасалған жұмыс пен жұмсалған күш үшін сен міндетті түрде өзіңді марапаттауың керек. Мысалы, математикадан он есеп шешкен болсаң, сүйікті бургеріңді сатып алып жесең болады. Мұндай кішкентай марапаттар одан ары өнімді жұмыс істеуіңе, тестке шабытпен дайындалуыңа септігін тигізеді.

Сенім.

Өзіңе сену – тек тестілеу кезінде ғана емес, жалпы өмір сүрудің басты ережесі екені анық. Әр күн сайын тесттен жоғары балл алатыныңа, өз күшің мен біліміңе, мүмкіндігіңе деген сеніммен оян. Шынайы сенімі болған адам ҰБТ-дан ең жақсы баллды қанжығасына байлайтынына кепілдік береміз.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button