Өнер тарихымен таныстыратын кітаптар
Qadam.Asia сайты белгілі бір сала бойынша білімін кеңейткісі келетін жандарға арнап ең қызықты кітаптар тізімін ұсынатын болады. Бұл материалда сіз өнер тарихымен таныстыратын кітаптармен достасасыз.
«ӨНЕР ӘЛЕМІ» (1899-1904 Ж.Ж. ТІГІЛГЕН ЖАЗБАЛАР)
Сергей Дягилев бірнеше жазушылармен және суретшілермен (Бакст, Бенуа, Философов, Мережковский және т. б.) біріге отырып, «Өнер әлемі» журналын шығарады. Журналдың негізгі міндеті – мәдениеттің жаңа концепциясын жасау болатын. Италиялық әдебиеттанушы Уго Перси атап өткендей, «Өнер әлемі» мақсат тұтқан концепцияда «Gesamtkunstwerk» (өнердің бүтіндігі) идеясы іске асырылды. «Өнер әлемі» жобасында ницшелік құндылықтар басымдыққа ие болды. Журнал көптеген қызықты шығармашылық тұлғаларды біріктірді және жиырмасыншы жүз жылдыққа қадам басқан Ресейде жаңа интеллектуалды дәуірдің басталғанын білдірді.
ӨНЕРДІҢ КІШІ ТАРИХЫ / LITTLE HISTORY ОF ART
«Өнердің кіші тарихы» – Кеңес Одағының «Искусство» (Мәскеу) және Германия Демократиялық Республикасының «Ферлаг дер кунст» (Дрезден) баспаларының бірлескен жұмысы. Баспагерлер ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі өнер тарихы туралы қысқаша баяндайтын танымал кітаптар сериясын шығару міндетін алға қойған.
Серия жекелеген дәуірлердің өнер тарихына: «Антикалық өнер тарихы», «Орта ғасырлардағы өнер», «Қайта өрлеу дәуірінің өнері», «ХІХ ғасырдағы өнер тарихы»; сол сияқты мемлекеттер мен халықтардың өнер тарихына: «Орталық, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия өнері», «Қиыр Шығыс өнері» арналған шығарылымдардан тұрады.
«ӨНЕРДІҢ ЖАЛПЫ ТАРИХЫ» 6 ТОМДЫҚ
«Өнердің жалпы тарихы» – алғашқы адамдардың өнерінен ХХ ғасырдың ортасына дейінгі кескіндеме, графика, мүсін, сәулет және қолданбалы өнер тарихын қамтыған кітаптар.
І том: алғашқы қауымдық өнер, алдыңғы Азия өнері, Ежелгі Египет өнері, Эгей өнері, Ежелгі Грек өнері, эллиндік өнер, Ежелгі Рим өнері, Солтүстік Қара теңіз, Транскавказ, Иран, ежелгі Орта Азия өнері, Үндістан мен Қытайдың ежелгі өнері.
ІІ том, 1-кітап: Византия өнері, ортағасырдағы Балқан өнері, Ежелгі Орыс өнері (17 ғасырға дейін), Армения, Грузия, Араб елдері, Түркия өнері, Батыс Еуропаның меровинг және каролинг өнері, Франция, Англия, Нидерланды, Германия, Чехия, Польша, Эстония, Латвия, Италия және Испанияның роман және готика өнері.
ІІ том, 2-кітап: Азия халықтарының феодализм дәуіріндегі өнері, отаршылдыққа дейінгі Африка, Австралия, Океания және ежелгі Америка өнері. Алғашқы кітаптың тікелей жалғасы болып табылады және біртұтас жинақты құрайды.
ІІІ том толығымен Қайта өрлеу дәуірінің өнеріне арналған.
ІV том 17-18 ғасырлардағы өнерді қамтыған.
V том 19 ғасыр өнері жайлы баяндайды.
VI томда 19 ғасырдың аяғы – 20 ғасырдың ортасындағы өнер қарастырылған:
VI том, 1-кітап: 19 ғасырдың аяғы — 20 ғасырдың басында капиталистік елдер мен социализмнің әлемдік жүйесіне кірмейтін елдердегі өнерге арналды.
VI том, 2-кітап: социализмнің әлемдік жүйесіндегі елдердің өнері кіреді.
КАРЛ ВЕРМАН «БАРЛЫҚ ЗАМАНДАҒЫ ХАЛЫҚТАРДЫҢ ӨНЕР ТАРИХЫ» (3 КІТАПТАН ТҰРАТЫН ЖИНАҚ)
Әйгілі өнертанушы, 1882-1909 жылдардағы Дрезден галереясының директоры Карл Верман XIX ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы өнертану ғылымында маңызды рөл атқарды. Оның ежелгі дәуірден бастап, XIX ғасырдың екінші жартысына дейінгі өнердің негізгі түрлерінің (сәулет, кескіндеме, мүсін) қалыптасуы мен дамуын егжей-тегжейлі зерттейтін «Барлық замандағы халықтардың өнер тарихы» атты іргелі еңбегінің маңызы зор. К. Верманның бұл еңбегі шартты түрде үш томға бөлінген:
І томда алғашқы тайпалар мен халықтардың көркем шығармашылығына шолу жасалады және XIX ғасырға дейінгі бірқатар Азия мен Африка мемлекеттері тұрғындарының өнері қарастырылады.
ІІ том б.з. І ғасырынан ХV ғасырына дейінгі Еуропа елдері халқының өнеріне арналған.
Автордың айтуынша, ІІ том І томға қарағанда әсерлірек және өзінің білімін толықтырғысы келетіндер үшін тамаша нұсқаулық болып табылады.
ЭРНСТ ГОМБРИХ «ӨНЕР ТАРИХЫ»
Бұл кітап – әлемнің бірнеше тіліне аударылған, өнер туралы ең танымал кітаптардың бірі. Ежелгі замандардағы жартасқа салынған суреттерден бастап, қазіргі кезеңдегі түрлі эксперименттер жасалған кескіндемелерге дейінгі өнер тарихын қамтыған кітап экскурсия жанрында жазылған. Жарты ғасырға жуық уақыт өз жанрындағы ең танымал кітапқа айналды. Осы уақыт ішінде 5000000 тиражбен таралды. Кітаптың танымалдылығы ондағы материалдың нақты берілуімен түсіндіріледі.