Оқушыларға кеңес: мамандық таңдауда қателеспес үшін не істеу керек?
Әдетте, қателеспеу керек екі дүние болса, соның бірін – мамандық деп жатамыз. Мамандық таңдау – оқушы үшін үлкен проблема. Өйткені, жас адам үшін өмірінде қабылдайтын ең алғашқы маңызды шешімі де – осы мамандық таңдаумен байланысты. Мамандық таңдауда сіз сүйенетін бірнеше факторлар бар, бүгін солармен таныстырғымыз келеді.
Бедел, сән, тренд
Өткен ғасырдың 60-шы жылдары барлығы ғарышкер болғысы келетін, ал 90-шы жылдары заңгерлер мен экономистер қаптады. Қазіргі тұғырда тұрғандар – IT мамандары, топ-менеджерлер, жоғары лауазымды тұлғалар. Бірақ тек осы критерийлерді басшылыққа ала отырып, мамандық таңдау қателік болар еді, өйткені, сән өзгереді, бедел кетеді және сіз оқу бітіргенше қазір трендте болған мамандықтың бәрі керексіз болып қалуы мүмкін.
Қаржылық әл-ауқат
Ақша көп төленетін мамандықтарға кеме капитаны, ұшқыш, топ-менеджер, IT маманы, маркетолог және тағы басқа мамандықтар жатады. Алайда, бір айта кететіні, мамандықтың өзі көп ақша әкелмейтінін ескеру керек. Жоғары жалақыға ие болу үшін соған лайық жақсы маман болу керек, оған қосымша білім мен тәжірибенің, көп ізденістің нәтижесінде ғана қол жеткізе аласыз.
Достар мен таныстардың кеңесі
Кейде жасөспірімдер мектепте бір-біріне бауыр басып қалады да, келешекте де бірге жүру үшін бір оқу орнын, бір мамандықты таңдауға тырысады. Мәселен, досы медицинаны таңдап жатса, «мен де медицинаға түсемін, бірге оқысақ көңілдірек болады, студенттік өмірді бірге қызық қып өткіземіз» деген ойлар келуі мүмкін. Бірақ кейде мұндай шешім профессионалдық тұрғыда құлдырауға әкеледі.
Ата-ананың айтқаны
Баласын анасы мен әкесінен артық кім біледі? Әрине, балаға ата-анадан жақын, ата-анадан ардақты адам жоқ. Бірақ көп жағдайда ата-анасы баласының қабілетіне сай мамандықты таңдай алмай жатады, оларға мамандықтың беделді болғаны, университеттің үздіктер қатарында тұрғаны маңызды екені де өтірік емес. Ал басқа жағдайларда ата-аналары өздерінің қолдары жетпеген, өздері армандаған дүниені баласына телуі мүмкін. Ата-ананың да пікірін мұқият тыңдап, байыппен саралау керек. Кейде өзіңіз сыйлайтын басқа да үлкен кісілердің ойын білген жақсы көмектеседі. Мәселен, мұғаліміңізден кеңес сұрап көріңіз. Ең бастысы, барлық ақыл-кеңесті ой елегінен өткізіп, соңғы шешімді өзіңіз қабылдаңыз.
Өз қалауыңыз
Түйсігіңізді іске қосыңыз. Шын мәнінде, нені армандайсыз? Өзіңізді қай салада елестетесіз? Оңаша қалғанда қолыңызға дәптер мен қаламды алыңыз да, алдағы бес немесе он жылдағы өзіңізді сипаттап жазыңыз. Мейлі орындалмас түстей болса да, армандаудан қорықпаңыз. Егер жазып болсаңыз, енді сол арманыңыз орындалу үшін қандай қадамдар жасау керек, қай саланы таңдау керек – сол сұрақтардың жауабын іздеп көріңіз. Бұл әдіс сізге көмектеседі деп сенеміз.
Мамандық таңдауда қателеспейтініңізге еш кепілдік жоқ. Алайда, ең басты қателік – әрекетсіздік дер едік. Сіз қандай мамандықты таңдасаңыз да, бұл – сіздің жолыңыз және ол сізге жақсылық әкелетіні сөзсіз.