Сәбіздің бастапқыда күлгін түсті болғанын білесіз бе?
Сәбіз – әлемде кең таралған көкөністердің бірі. Бұл – дәрумендерге толы азық. Біле білсеңіз, сәбіздің ең танымал сорты қызғылт сары түсті болмайды. Сәбізді осы түсіне қарап, басқа көкөністерден ажыратамыз емес пе?! Адамдардың көбі сәбіздің басқа түсі болады дегенге таң қалады. Бастапқыда бұл көкөніс қызғылт сары түсті емес, күлгін және сары түсті болған.
Сәбіздің жабайы түрлері он мың, тіпті, жүз мың жыл бұрын пайда болған. Олар пішіндері мен дәмдері, сонымен қатар түстеріне байланысты бір-бірінен ерекшеленді. Сары түстен бастап, қою күлгін түске дейінгі түрлері болды. Оның қою түсті түрлері азиялық аудандарда өсірілді.
Сәбіз ұзақ уақыт бойы жабайы көкөніс болып есептелді. Ежелгі адамдар азықтың басқа түрлерін қолданып, сәбізге аса мән бере қоймады. Біздің заманымызға дейінгі Х ғасырда ғана Кіші Азияда сәбіз өсіру ісі қолға алынды.
Біраз уақыттан кейін Еуропа елдері де бұл шаруашылықпен айналысты. Ал XVII ғасырда бізге таныс қызғылт сары түсті сәбіз пайда болды. Ол халық арасында танылып, кең қолданылды. Басқа жерлерден сәбіздің басқа түстерін де кездестіруге болады. Десе де сәбіз десе қызғылт сары түстің көз алдымызға келетіні анық.