Сурет салуды үйрететін ТОП-5 кітап
Qadam.Asia сайты белгілі бір сала бойынша білімін кеңейткісі келетін жандарға арнап ең қызықты кітаптар тізімін ұсынатын болады. Бұл материалда сіз сурет салуды үйрететін ТОП-5 кітаппен танысасыз.
ГОТТФРИД БАММЕС «АДАМ БЕЙНЕСІ. СУРЕТШІЛЕРГЕ АРНАЛҒАН ПЛАСТИКАЛЫҚ АНАТОМИЯ ТУРАЛЫ ОҚУЛЫҚ ЖӘНЕ ПРАКТИКАЛЫҚ НҰСҚАУЛЫҚ»
Бұл нұсқаулық қаншама суретшінің үстел кітабына айналған. Бамместің жинақы әрі түсінікті тілде жазылған анатомиясын бірнеше ондаған жылдар бойы анатомияны оқытудың жаңа жүйесін құруды талап еткен көптеген авторлардың өздері көшіріп, пайдаланып, қайта шығаруды тоқтатпаған. Кәсіби суретшілерге, көркемсурет мектептері мен жоғары оқу орындарының студенттеріне арналып жазылған кітапты суретші болғысы келетін барлық оқырманға ұсынамыз.
ШАРЛЬ БАРГ «СУРЕТ САЛУ КУРСЫ»
1860 жылы алғаш рет жарық көрген Шарль Баргтың «Сурет салу курсы» ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы Еуропа кескін өнерінің негізін құрады. Бұл кітаппен суретшілердің бірнеше буыны жетіліп шықты. Олардың ішінде Винсент Ван Гог пен Пабло Пикассо да бар. 200-ден астам литографиядан тұратын жинақты әлемнің түкпір-түкпірінен студенттер көшіріп таратқан. Кітап оқырмандарға, суретшілерге, студенттерге, өнертанушыларға және коллекционерлерге пайдалы болады.
ВЛАДИМИР МОГИЛЕВЦЕВ «СУРЕТ НЕГІЗДЕРІ»
И.Е.Репин атындағы институттың сурет кафедрасының жетекші педагогтарының бірі В. А. Могилевцев дайындаған оқу құралы жоғары көркемөнер шеберханасында қолданылады. Автор адамның сұлбасы мен басын салу әдісімен бөліседі, пішін бейнесінің әртүрлі кезеңдерін ретпен көрсетеді. Бұл кітап адамды бейнелеудің дағдыларын жетілдіргісі келетін жас суретшілер үшін аса маңызды. Автор болашақ суретшілерді дайындаудың өзіндік жеке тәжірибесіне сүйене отырып, өз көзқарастарын ұсынған.
НИКОЛАЙ ЛИ «АКАДЕМИЯЛЫҚ СУРЕТ САЛУДЫҢ НЕГІЗДЕРІ»
Ұсынылған кітапта бейнелеу сауаттылығының теориялық және әдістемелік мәселелері қарастырылады. Композицияның негіздері, перспективалары, пропорциялары, жарық пен көлеңкенің заңдылықтары, пластикалық анатомия заңдылықтары, пішін, көлем және құрылым туралы түсініктер – барлығын осы кітаптан табасыз. Автор объекттің конструктивті-құрылымдық бейнелеу әдістемесіне, күрделі тірі формалардың конструктивті-анатомиялық анализдеріне басымдық берген. Оқулық көркем өнер, архитектура факультеттерінің оқытушылары мен студенттеріне арналған.
«БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІ МЕКТЕБІ» АВТОРЛЫҚ ҰЖЫМ
Суретшілік кәсібін жаңадан бастаған және әуесқой суретшілерге арналған практикалық нұсқаулық. Оқу құралының авторлары – белгілі суретші-педагогтар өздерінің тәжірибелеріне сүйене отырып, оқырмандарды көркем шығармашылықтың теориясымен, тәжірибесімен таныстырады. Кітапта бейнелеу өнерінің негіздері баяндалады, материалдарды таңдау туралы кеңестер айтылады, сызықтық перспективаның заңдары қарастырылады.