Вакцина, қағазбастылық, фотоотчет: Мұғалімдер жаңа оқу жылынан не күтеді?
2021 жылғы оқу жылы коронавирус пандемиясымен басталып, оның дельта штаммының таралуымен аяқталды. Онлайн режимге өткен мұғалімдер мен оқушылар компьютерге тәуелді болды. Мектеп мұғалімдері жаңа оқу жылынан не күтеді? Қыркүйектен бастап білім саласында қандай өзгеріс болғанын қалайды? Qadam.asia редакциясы сұрап білді.
Мұғалімдерді толғандырып жүрген негізгі мәселелер:
– Оқушыларға вакцина салу;
– Бұрынғы бағалау жүйесі қайтып келсе деген ой (көк журнал, 5, 4, 3 деген баға);
– Қағазбастылық мәселесі, (жаңашылдық жақсы);
– Оқушыларға сабақты жақсы етіп өткізу (оған қағазбастылықтан қол босамайды);
– Видео, фотоочеттің қысқаруы;
– Дәстүрлі сабақ өтеміз деген үміт;
– Сапа артуы үшін сыныптағы оқушы санын ең болмаса 20-ға түсіру;
– Мектепалды дайындық тобындағы 0,5 сағат дегенді алып тастау (Электронды журналға салғанда біраз қолайсыздық тудырады);
– Жалақы есептеуде «шымкенттік бағдарлама» деген түсініктің алынып тасталуы;
– Білім сапасын көтеру үшін бастауыштың барлық сағатын бастауыш мұғалімдеріне беру;
– Мұғалімдердің зейнетке шығу жасы 58-60 жас болса.
Бұл – мұғалімдердің қазіргі мәселелері мен жаңа оқу жылынан күтетін өзгерістері. Ал кейбір мұғалімдер жоғарыдағы сұрағымызға толыққанды жауап бергенді жөн көрді.
Алина есімді Facebook қолданушысы мектепке бухгалтерлер қажет емес екенін айтып, ақшаны үнемдеуге шақырды.
«Былтыр жергілікті бюджет дей беріп айлығымыздың берекесі кетті. Мектеп бухгалтериясын тікелей банктерге байланыстырып, ақшамызды толығымен төлеп отырса деген тілек бар. Қазіргі заманда мектепке бұл мамандардың қажеті шамалы. Банктен аласың, аз-кемін солардан сұрап отырасың. Біршама үнем болады…» – дейді ол.
Ал тағы бір мұғалім зейнет жасының төмендеуін сұрады.
«Зейнетке шығу жасын күтіп жүрміз. 58 жас деген түсінік қайта келсе екен. Мұғалімдердің айлығының көтерілгеніне қуаныштымыз. Десе де сол мектептің отымен кіріп, күлімен шығып жүрген басқа қызметкерлердің де айлығы көтерілсе», – дейді Ләззат.
Сонымен қатар Тамаша атты мұғалім қағазбастылықтан арылудың жолын айтты.
«Мектепте қазіргі кезде тәрбие ісінің меңгерушісі, педагог ұйымдастырушы, педагог нұсқаушы деген штаттар бар. Бірақ бәрінің айналысатыны бір, тәрбие саласы. Сондықтан қажетсіз қағаз жинауды, бір отчетті осы штаттағылардың әрқайсысына тапсыру уақыт алатындығын ескеріп, қажетсіз штаттарды қысқарту керек», – дейді ол.
Ал Перизат есімді Facebook қолданушысы «өзгерістен шаршағанын, бір нәрсенің орнын ауыстыра бермесек, бәрі орнында тұра берсе. Қосылғыштардың орнын ауыстырғанмен қосындының мәні өзгермейді» деген пікірін білдірді. Бұдан бөлек Айкен атты мұғалім «сағаттар саны қысқармай, әлеуметтік педагог, қосымша білім беру т.б. қызметтер алып тасталсын. Ауылдық жерге бұл қызметтердің керегі жоқ секілді» деді.