Қоғам

Қазақстанда қазір қанша жер шетелдіктің қолында?

Бүгін, 29 сәуір күні, ҚР Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымы өтті.

Заң жобасын таныстырған ауыл шаруашылық министрі Сапархан Омаров шетелдік компаниялар мен тұлғалар жалға алып отырған жер алқабының көлемі жайлы айтты.

«Қазіргі уақытта жалпы ауданы 74,4 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді шетелдік қатысуы бар жеті заңды тұлға жалға алып отыр. Оның ішінде Жамбыл облысында ауыл шаруашылығына арналған ауданы 5,9 мың гектарды 1 кәсіпорын, Павлодар облысында ауданы 32,2 мың гектар ауыл шаруашылығына пайдаланылатын жері бар 1 кәсіпорын, Атырау облысында 1,6 мың гектар жер 1 кәсіпорында және Ақмола облысында жалпы алаңы 34,7 мың гектарды құрайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы 4 кәсіпорын бар», – деп жазады Сапархан Омаровтың сөзін ҚазАқпарат.

Министрдің айтуынша, елде қазір екі шетелдік компания жер игерумен айналысады екен. Олардың бірі Шығыс Қазақстан облысында. 14,9 мың гектар алқапты алып отыр. Екіншісі Жамбыл облысында. Үлесі – 3,6 мың гектар алқап.

Сөз барысында министр бұл жерлердің барлығы мемлекетке қайтарылатынын нақтылады.

«Осы компаниялар бұл жерлерді мораторий енгізілгенге дейін жалға алған. Бұл ретте осы шетелдік компаниялардың ауыл шаруашылығы жерлерінің жалдау мерзімдері 2022 жылдан бастап 2025 жылға дейінгі кезеңде аяқталады. Тиісінше, жалға алу мерзімі аяқталғаннан кейін жаңа мерзімге ұзартылмайды, өйткені бүгінгі күні талқыланған заң жобасы шетелдік жер пайдаланушыларға және әртүрлі бірлескен кәсіпорындарға жер беруге толық тыйым салуды қарастырады», – деді Сапархан Омаров.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button