Қоғам

Қазақстанда әйелдерге берілетін бөлек ипотека пайда болды

«Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс банкі әйелдерге арналған бөлек бір ипотеканы іске қосыуға кірісті. Бұл жайлы банк баспасөз қызметі хабарлады.

Тұрғын үй банкі мұндай бастамаға екі түрлі себеппен барып отырғанға ұқсайды. Біріншісі – қыз-келіншектердің тұрмыстық жағдайын жақсарту болса, екіншіден – әйелдердің экономикалық белсенділігін пайдалану. Мәселен, 2019 жылы 2-10-20 формуласымен іске қосылған «Бақытты отбасы» бағдарламасымен 10 мыңға жуық несие рәсімделген болса, оның 92-і пайызын немесе 9200-ін әйелдер рәсімдеген екен.

Сонымен қатар, бүгінгі күні «Отбасы банкінің» несиелік қоржынындағы әйелдердің үлесі ерлерге қарағанда жоғары. Несиелер саны бойынша әйелдердің үлесі 57%, несие сомасы мен қарыздың қалдығы бойынша 53% тең. Соңғы 5 жылда әйелдер біздің банктен несие алуда ерлерге қарағанда белсендірек, олардың банктің несиелік қоржынындағы үлесі айтарлықтай өзгермейді, 55-57% тең.

Осыған байланысты әйелдерге бөлек ипотека ашылған. Ипотека шарттары бойынша қарыз алушы кәмелеттік жасқа толған, Қазақстан азаматшасы болуы керек. Оның отбасылық айлық табысы 320 000 теңгеден кем болмауы тиіс. Тұрғын үй таңдауда шектеу қойылмайды, ипотеканы жаңа пәтерлерге де, екінші нарықтағы пәтерлерге де, оның ішінде үлестік келісім бойынша да, жөндеу мақсатында да рәсімдеуге болады.

Ай сайынғы кірісі 200 000 теңгеге дейінгі қыз-келіншектер үшін берілетін несиенің ең жоғары сомасы – сатып алынатын тұрғын үй құнының 85% (бағалау құны Банктің кепілдік тәуекелдері бөлімімен расталуы керек), ТҚЖ қоспағанда, кірісі 200 001-ден 320 000 теңгеге дейінгі қыз-келіншектер үшін ТҚЖ есебінсіз, сатып алынатын тұрғын үй құнының 80%-ы.

Сатып алынатын тұрғын үйдің ең жоғары құны – 30 миллион теңге (қоса алғанда); тұрғын үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін алынатын қарыздың ең жоғары көлемі – 3 700 000 теңгеге дейін (қоса алғанда).

Жаңа ипотеканың негізгі шарттары мынадай:

Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі – 12% (ЖТСМ – 12,2%-дан), кейіннен 5%-ға дейін төмендеуімен (ЖТСМ 5,2%-дан)

Бастапқы жарна – 15-ден 50%-ға дейін

Алдын ала несие беру мерзімі – 6 айдан 10 жылға дейін

Жоба аясында шамамен 4000-ға жуық қыз-келіншек тұрмыстық жағдайын жақсартады деп күтілуде.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button