Қоғам

Қазақстанда неліктен ажырасу көбейді?

Статистикаға жүгінсек, елімізде отбасын құрғандардың 40 %-ы ажырасады екен. Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті биыл жарты жылда 45 036 жұп шаңырақ көтергені туралы мәлімет келтірген.

Өкініштісі, осы жарты жылда 12 мыңнан аса жұп ажырасқан.

Неге соңғы жылдары ажырасу көбейіп кетті? Бұның себептері мен салдарына кім жауап береді? Жетім қалған балалардың тағдыры қалай болады?

«Qadam.asia» отбасы құндылығы мен ажырасу мәселесі төңірегінде Психология мамандығы бойынша әлеуметтік ғылымдардың магистрі, Phd докторант, травмотерапевт, экзистенциалды бағыттағы кәсіби психолог Фариза Өскенбаймен сұқбаттасты.

Дәстүрлі құндылықтарын сақтаған біз секілді дамушы елдердің өзінде отбасы құндылығы мәселесі күрделеніп келеді. Бұның  себептерін маман ретінде немен түсіндірер едіңіз?

Жаратушы әр ұлтты тілін, дінін, нәсілін, оның ішінде өзіндік салт-дәстүрлерінің ара-жігін ашып жаратты. Демек, әр ұлт өз құндылықтарынан ажыраған шақта ақырындап өзіндік ішкі байлықтарынан айырылады. Байлықтың ең біріншісі – ұлт, ұлтты құрайтын – отбасы. Қазір елімізде отбасы мәселесі тым күрделеніп кетті. Ажырасулардың саны артқаны мен ұлт тәрбиесінің біршама төмендеп кеткендігі осының айғағы. Маман ретінде айтар болсам, бұл мәселенің себебі – қазақ өз табиғатынан алшақтап бара жатқандығында және ер мен әйел өз міндетін дұрыс білмеуінде десек болады.

Ажырасудың басты себептері не?

Елімізде ажырасу неге көбейді? Бұның негізгі себебі әлеуметтік жағдай ма?

«Үйлену оңай, үй болу қиын» деп бекер айтпаса керек.  Көзсіз үйленудің соңы ажырасуға  әкелетіні анық.

Ажырасудың негізгі себептері:

  • Психологиялық, рухани сәйкестіктің болмауы;
  • Материалдық тұрғыда жетіспеушілік;
  • Ғашықтық сезімі мен махаббатың болмауы;
  • Ашуға салынып, жастықпен, ақымақтықпен қабылданған шешім. Көбіне өзара түсіністіктің болмауы;
  • Ата-ана мен туыстардың араласуы;
  • Нәпсіқұмарлық пен қызғаныш;
  • Отбасындағы зорлық-зомбылық;
  • Перзенттің болмауы;
  • Отбасылық психологиялық дағдарыстардан өздігінен шыға алмауы;
  • Құмар ойындар мен алкогольге тәуелділік.

Отбасылық дағдарыс дегеніміз не?

Ажырасу қай жастағы отбасылардың арасында басымырақ?

Өз тәжірибемнен айтайын, осы мәселемен (ажырасу) алдыма келетін адамдардың жас ерекшелігіне мән берсек, көбіне 20-35 жас аралығындағы отбасылар. Бұл дегеніміз 35 жастан кейін ажырасулар жоқ дегенді білдірмейді.

Отбасы психологиясында өмірде кездесетін психологиялық дағдарыстың кез келген түрі қалыпты деп есептеледі. Үй болудың алғашқы қадамының өзі – дағдарыс болып табылады. Үйленіп, үй болуға дейін алып-ұшқан сезімнің жетегінде екі жас бір-бірінің кем-кетігін байқамауы мүмкін. Некелесу – екі жастың бір-бірінің алдында міндеттерін белгілеп, оны арттырады.

Белгілі психолог Эрик Эриксонның пікірінше, қыз баласы үшін тіпті ата-тегін өзгертудің өзі «ұқсастық дағдарысына» соқтыруы әбден мүмкін. Себебі, тұрмыс сипаты өзгереді.

Ерлі-зайыптылардың бір-біріне бейімделу кезеңі – алғашқы жылда жыл бойына созылады. Бірлескен өмірде алғашқы жылдың соңына қарай некенің бір жылдық дағдарысы пайда болады. Осы уақытта да көп жұп ажырасып кетіп жатады.

Екінші дағдарыс отбасында бірінші баланың дүниеге келуімен тығыз байланысты. Яғни, тағы да өмір сүру салты, сипаты өзгереді, отбасындағы жүктемелер өзгереді.

Егер жас ана бар ынтасымен бала күтімімен айналысып кетсе, осы тұста ер азаматтар мұны өздеріне назар аударудың жоғалуы деп қабылдайды. Кейбір әкелер бала күтіміне қызғанышпен қарап, баласы асыл жарының махаббаты мен назарын тартып алғандай сезінеді.

Осылай дағдарыс кезеңдері жалғасып кете береді: екінші баланың дүниеге келуі, 40 жастағы дағдарыс деген сияқты.Сондықтан, ажырасу көбіне осы отбасылық дағдарыстан дұрыс шыға алмағандықтан да болып жатады.

Қазіргі таңда білікті мамандар, отбасы психологтары жұмыс атқаруда, жұбайлар өздері мәселені шеше алмаған жағдайда маманға жүгінгені абзалырақ деп ойлаймын.

«Отбасы құру жасының ересек тартуы – мәселе емес, қайта ажырасудың азаюына сеп болады»

Жігіттер 30 жаста, қыздар 25 жаста отбасын құрмай жүре берсе де оғаш көрінбейтіндей халге жеткен сияқтымыз. Отбасын құру жасының ересек тартқанын мәселе деп қарастыруымыз орынды ма?

Отбасы құру жасының ересек тартқанына мәселе ретінде емес, мәселені шешуші фактор ретінде қарасақ дұрыстау сияқты. Ақыл тоқтатып, алды-артын бағып, жауапкершілікті сезініп, бір-бірін бағалай алатын кезде отбасын құру қазіргі кезде өте дұрыс шешім.

25-ке дейінгі жасты асау жас десек, 25-тен кейінгі жас асыл жас дейміз. «Заманына қарай адамы» деген, егер адамның қалауы солай болса, онда біздер неге тұсау салуымыз керек?

Ата-ана балаларын ақыл тоқтатып, өзіне мән берген шақта үйлендірсе, қоғамға берген пайдасы көп болар еді. Өз басым ақылын асыл қылған шақта ғана үй болған өте маңызды әрі дұрыс деп есептеймін. Үй болу үшін емес, үй іші бақытты өмір сүру үшін отбасын құру керек!

«Ер мен әйелдің өз табиғатынан алшақтауы – гармонияны бұзады»

Отбасындағы ер мен әйелдің орнын тағы таразыға салу керек емес пе? Өйткені, қазір түсініктер, қоғамдық формация өзгерді.

Исламда ер мен әйелдің міндеттері о бастан Жаратушы тарапынан ашық, айқын белгіленіп қойған. Адам өзгерсе де, қоғам өзгерсе де – Алланың заңдылығы өзгермейді.

Қоғамдағы осындай өзекті мәселелердің – ажырасулар, тастанды балалар,  зорлық-зомбылық, жыныстық ауытқушылықтар, деструктивті іс-әрекеттердің орын алуы ер мен әйелдің өз табиғатынан алшақтағанының көрінісі.

Ер азамат өзін ермін деп санамаса, міндетін орындаудан қашса, әйеліне көңіл бөлуден, жақсы қараудан, материалдық қамтамасыз етуден бас тартып, аманатына қиянат жасайтын болса, ұлы мен қызының тәрбиесінде әкелік рөлін өз деңгейінде атқармаса – соңы жақсылыққа әкелмейді, еркек еркектігінен айырылып, тоқырауға ұшырайды.

Ал, Әйелдер еріне қызмет етуін, отбасының отын өшірмеуін, өмірге ұрпақ әкеліп, оған тәлім-тәрбие беріп, нәзіктігі мен қылықтылығын сақтағаны жөн.

Егер әйел осы дүниелерді сақтамай, өз табиғатына қарсы шығып, төстен алып, бетке шауып дарақыланған жағдайда – өзінің ағзасы көтере алмайтын ер азаматтың ауыр жұмысын жасап, ерінен жылы сөз естімей, тек зорлық-зомбылық көретін халге жетуі мүмкін. Жылдар өте келе жағдайы адам төзгісіз ахуалға айналып, ауру болып тәнде көрініс табары сөзсіз…

Күйеуі зорлық-зомбылық көрсеткен әйелдер не істеу керек?

Отбасылық зорлық-зомбылықтың құрбанына айналған әйелдерге қандай кеңес бересіз?

Алкогольге тәуелді, құмар ойындарына бас ұрған күйеулері бар әйелдерге шыдаңдар деп айта алмаймын. Отбасылық зорлық-зомбылыққа шыдап, зорлық-зомбылықтың құрбаны болып жатқан қаншама әйелдер мен балалар бар. Сондықтан, маманның көмегіне жүгінуге кеңес беремін. Психотерапевтке барған әйел «Неге зорлық-зомбылықтың құрбанына айналдым?», «Неге тиран күйеуімен өмір сүріп жатырмын?» деген сияқты сұрақтарға жан деңгейінде жауап іздеп, дұрыс шешім қабылдауға бағыт-бағдар алады.

Маман ретінде біз ажырасып кет немесе шыда деп айтпаймыз. Оған құқымыз да жоқ. Тек дұрыс шешім қабылдау үшін әйелдің өз жанын түсінуіне көмектесеміз.

Отбасы құндылығын сақтауға жол көрсететін қандай кітаптарды ұсынар едіңіз?

Мен екі кітапты ерекше атап тұрып оқуға кеңес беремін:

1. Қазақтың бетке ұстар келіндерінің бірі Зейнеп Ахметова әпкеміздің «Күретамыр» атты кітабын, сұқбаттарын оқуды ұсынамын.

Ажырасудың көбеюіне тағы бір себеп – ғасырлар бойы қалыптасқан әжелер институтының, енелер институтының, жеңгелер институтының жоғалып бара жатқандығы. Кезінде бұл институттар ғылыми негіздемесіз-ақ, салт-дәстүр мен қазақы құндылықтар негізінде отбасыны сақтап қалудың тірегіне айналған еді. Зейнеп Ахметова мұны үлкен парасатпен дәлелдеп жазады.

2. Жақында ғана жарық көрген Нұргүл Сүйіндікова мен Ержан Жаубайдың «Қазақтың жазылмаған психологиясы» деген кітабын ұсынамын.

Әрбір жас отбасы, әрбір ата-ана өзін толғандырған сауалдарға осы кітаптан жауап таба алатынына сенімдімін. Авторлар дәстүрлі құндылықтың озық тәрбиесін алға тарта отырып, бүгінгі күннің мәселелеріне тоқталады. Бұл кітап салт-дәстүрлер жинақталған топтама емес, салт-дәстүрлердің психологиялық мәнін ашқан еңбек.

«Бала тәрбиесін құрсақтан бастау керек дейміз, оған дейін бір кезең барын білеміз бе?»

Бала тәрбиесінде ата-аналар неден қателесіп жатыр?

Бала тәрбиесі құрсақтан басталады дегенді бәріміз білеміз. Бірақ, құрсаққа дейінгі бір кезең бар. Осыны көбінде ұмыт қалдырамыз. Құрсақ көтеретін әйел болса, оған ықпал ететін жолдасы, әрине. Ерлі-зайыптылар қосылғанға дейінгі бір мәселе бар: екеуі бірлесіп өмірге бала әкелуге дайын ба? Әуелі ерлі-зайыптылар өздерін психологиялық тұрғыдан зерттеп алуы керек. Психотерапевтке барып балалы болудың жауапкершілігін, ол өзіне бақыт сыйлау-сыйламауын, балаға құндылық ретінде қарай ала ма, осы сауалдарға өзі толықтай жауап таба алуы ләзім. Психологиялық тұрғыдан дені сау ата-анадан – психикасы бұзылмаған, салауатты ұрпақ дүниеге келеді.

Баланы ұлттық тәрбие негізінде баулуға кеңес берер едім. Балаға қымбат материалдық қажеттіліктерден бұрын, ата-анасының жан деңгейіндегі жылулығы қажет. Ата-ана бақытты болса – балалары міндетті түрде бақытты болады.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button