Қоғам

Қазақтың қыз-келіншектері 8 наурызда қандай сыйлық алғысы келеді?

Қоңыраулатқан көктемнің ең сұлу мейрамында кез келген қыз-келіншек сыйлық алғысы келеді. Мейлі енді ғана бойжеткен ару болсын, жасы келген әже, балаларын жетектеген ана болсын, 8 наурыздың жөні бөлек.

«Qadam.asia» әртүрлі жастағы қыз-келіншектерден, түрлі салада қызмет істейтін әйел-аналардан 8 наурызда қандай сыйлық алғысы келетінін сұрады.

Жадыра Оңғарбаева, актриса:

8 наурыз күні мен жалпы кімнен болса да сыйлық күтерім сөзсіз. Өйткені ол күн өзімен-өзі ерекше, ер азаматтың бәрі сені ерекше сыйлап, саған қарап тамсанып тұрғандай күйде боласың.

Сол күні ер азамат атаулыға нұр шашып жүргеніңді сезінесің. Сондықтан көңіліңді одан ары көтеру үшін сыйлық күтесің, бірақ нақты бір зат немесе қымбат дүние күтпейді екем. Ең бастысы ол сыйлықты саған алдын-ала дайындап, іздеген болса болды. Мен үшін ең бағалы сыйлық арнайы жасалынған сыйлық, аяқ асты алынған емес!

Менің Бүркітім қазір жігіт боп қалды. Маған қазір сыйлық сыйлайды. Үйден гүл, тағы бірдеме тауып алса, артына тығып тұрады да, көзіңді жұм дейді. Көзіңді жұмсаң, қуанып артына жасырған «пластмас гүлін» шығарып береді. Екі жарымда ғой. Қазірден маған сыйлық сыйлайды.

Ақжан Аманжол, жас ақын:

Мен үшін кез келген мереке – бұл жақындарыма қуаныш сыйлау үшін берілетін мүмкіндік іспеттес. Сол себепті, сыйлыққа жұмсалған уақыт пен көңіл оның өзінен де қымбат.

Көктемнің алғашқы гүлдерімен бірге келетін мерекеде де осы ойды ұстанамын. Шын көңілмен, адамның болмысына сай таңдалған немесе қолдан жасалған сыйлық әрдайым ыстық. Мәселен, жазумен айналысатын жандар үшін қалам ешқашан артық етпейтін секілді. Ал, өз қолыңмен жасаған дүние ерекше мәнге ие болары анық.

Райхан Бабаева, педагог:

8 наурызда отбасылық құттықтауды, қандай сыйлық болсын қуана қабылдайсың. Бірақ, өзінің уақытын аямаған, өзгенің бақытын аялаған біздер – ұстаздарға, мерекеде қолына ұстаған бір шоқ гүлімен жүзі күлімдеген шәкірттің шын жүректен құттықтауынан артық сыйлық жоқ.

Әсіресе, бітіріп кеткен түлектеріңнің мерекеде арнайы келіп, сәлем беруі шексіз қуаныш, бақыт сыйлайды. Ана баласын қалай күтсе, ұстаз ретінде күтетін сыйлығым  шәкірттерімнің «Мерекеңізбен!» деген ыстық ықыласы!

Мадина Қожабаева, отбасылық дәрігер:

Ер азаматтар ең алдымен өз аналарын құттықтағанын қалайтын едім, өйткені бұл мереке жадымда Аналар күні ретінде сақталып қалған. Бұл күні кез келген қыз-келіншектер үшін ер адамның қамқорлығы мен назары маңызды. Ертеректе көрген бір видео есімде қалыпты, жастар көшедегі әйелдерге бір-бір тал раушан гүлін сыйлап жүреді, сол кездегі гүл алған әйелдердің эмоциясын көріп ерекше күйге бөленесіз. 

Сыйлықтар туралы айтатын болсақ, бұл күнді ешкім гүлсіз елестете алмайтын шығар. Қазір ғаламтор бізге сыйлық жасау үшін шексіз таңдау ұсынды: әртүрлі beauty box қораптары, санқилы сыйлықтар топтамасы, егер сіз басқа қалада болсаңыз да жеткізіп беру қызметі бар.

Егер жақын адамым қандай сыйлық алғым келетінін тікелей сұраса, мен классикалық үлгіде Yves Saint Lauren – Black opium иіссуын таңдар едім.

Халима Жалғасова, көп балалы ана:

Көктемнің алғашқы күндерімен бірге көңілге қуаныш ала келетін 8 наурыз мерекесін баршамыз асыға күтеміз.

Мен көп балалы ана, ұстаз сөзін естігенде бойымда мақтаныш сезімі оянады. Бұл тұста, Мұхаммед пайғамбарымыз айтқан «Жұмақ аналардың аяғының астында» деген сөз жадыңа оралады.

Пайғамбарымыз «Егер де бір үйде қыз бала дүниеге келсе, береке, молшылық, бейбітшілік болады, қуаныш әкеледі» деген екен. Осы орайда, аналарымызды, қыз-келіншектерді Халықаралық 8 наурыз мейрамымен құттықтаймын!

8 наурызда қандай сыйлық алғыңыз келеді деген сауалға мен шын көңілмен, шынайы берілген сыйлық – аса қымбат, бағалы сыйлық деп айтар едім.

Райхан Сырманқызы, жас ана:

Сыйлық алғанды бәріміз жақсы көреміз. Менің кішкентай балам болғандықтан, ұлыма сыйлық берсе қуанып қалар едім. Әрине ол барлық аналарға ұнайды.

Өзім аса қымбат сыйлық алғанды ұнатпаймын. Мереке қарсаңында маған шаш күтіміне, бет күтіміне байланысты сапалы жақпалар берсе қуанып қалар едім.

Немесе қазақша ана мен бала боксы. Ішінде кітап болса, балаларға арналған кітап болса тіпті жақсы. Құранды қазақша дауыстап оқып, сүрелерді айтып тұратын шам да жақсы.

Сертификат – (массажға, суға түсуге, бояу дүкендеріне, сумка дүкені, жақсы көретін киімдер дүкені) үйде отырып-ақ алуға болатын сыйлық. Сертификат берсе, зайыбы өзі барып таңдап алады.

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button