Қоғам

Қонаевты қазақ емес дейтіндерге жауап

Бүгін көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік еңбек ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, ширек ғасыр Қазақстан Орталық комитетінің бірінші хатшысы болған Дінмұхамед Қонаевтың туған күні. Ол 1912 жылы туып, 1993 жылы 81 жасында қайтыс болады.

Елге өлшеусіз еңбек сіңірген Қонаевтың ата-тегі жайлы ел арасында алуан түрлі әңгімелер айтылып жатады. «Димекеңнің ұлты қазақ емес екен» деген сияқты алып-қашпа әңгімелерді де көп естиміз.

Осы мәселені зерттеп көрейік.

Қонаевтың шыққан тегі кім болған?

Біз мерзімді басылымдардан, сондай-ақ Д.А.Қонаевтың көзінің тірісінде жазған «Өтті дәурен осылай» атты естелік еңбегінен Димекеңнің өз әкесі Меңліахмет пен ата-тегі жайлы айтқан біраз естелігін, замандастарының айтқан деректерін білеміз. Ал әкесі Меңліахметтің арғы ата-бабалары туралы деректерді көпшілігіміз біле бермейміз.

Белгілі қаламгер Шона Смаханұлының «Үміт жұлдызы» атты деректі повесін оқып отырсаңыз, сондағы басты кейіпкер – Жанайдың (прототипі – Қонай), оның арғы атасы Қазынабай (Азынабай), Қазынабайдың туған ұлы Жанайдың, одан туған ұл Жұмабайдың бастан кешкен қилы-қилы тағдырлары Дінмұхамед Ахметұлының (дұрысында Меңліахметұлының) ата-тегі мен үрім-бұтақтарының өмірбаяндық деректерімен сәйкес келеді.

Қазынабай әулетінің жер дауы мен ел дауы, жесір дауына байланысты 70-80 түтіннің Жетісу жерінен Арқадағы Тобықты еліне үдере көшуі, одан арада жиырма жылдай уақыт өткенде атажұртына қайта оралуы, повестегі басты кейіпкер Жанайдың (Қонайдың) ерлік істері, оның Сұраншы батыр бастаған сарбаздармен бірге Қоқан басқыншыларына қарсы күреске қатысқандығы, кейіннен атақонысы – Жетісуға қайта көшіп келгенде бұрын Жанайды жан-тәнімен сүйген қызы Ұлдарға деген қызғаныштан кек алу үшін Жанайға қанжар сұғып алып, қапыда мерт қылуы тарихи деректер негізінде баяндалады. Ондағы жер мен су, атақоныс, ру атаулары да Дінмұхамед Ахметұлының арғы атасы Қонайдың өмір-тарихынан қаз қалпында сыр шертеді.

Дінмұхамед Ахметұлының руын білеміз бе?

Дінмұхамед Ахметұлы өзінің «Өтті дәурен осылай» атты естелік-эссе кітабында өз ата-тегі туралы былай деп сыр шертеді:

«Н.Аристовтың деректеріне сүйенсек, Үйсіннен – Ақсақал (Абақ), одан – Қараша би, одан Бәйдібек туады. Біздің ата-бабамыз сол Бәйдібектің үшінші әйелі Зерептен туған Жалмамбеттің Ысты деген бел баласынан тарайды. Ал енді өзіме дейінгі жеті атамды қуалап айтсам былай:

  •  Жолын
  •  Нұрмамбет
  •  Азынабай
  •  Қонай
  •  Жетібай – Жұмабай
  •  Меңліахмет
  •  Дінмұхамед».

Қонаевтың атақонысы қай өңір?

Дінмұхамед Ахметұлының өз естелігінен деректер келтірейік.

«Ата-бабам тегіне тартып, қауға ұстаған кісілер екен. Шаруа баққанмен қара басының қасиетін қадірлей білген. Кісі есігін сағаламай, еңбегін емген. Олар осы күнгі Қапшағай өңірінен Күрті өзенінің оң жақ жағалауын, негізінен Іленің сол қанатынан мына Құйғанға дейінгі жерді қоныс етіпті. Ертеректе бұл жерлер төменгі Іле болысы, Жетісу губерниясы атанған. Қазір осы бір түгін тартса майы шығатын өңірді Алматы облысына қарасты Балқаш, Күрті аудандары жайлап отыр.

Менің бабам Азынабайдан төрт ұл туады. Әулетіміз, неге екенін кім білсін, аңыз-әңгімелерге зер сала қоймаса керек, Азынабай жарықтық ағайынмен неге, не үшін араздасқанынан бейхабармын. Және ол қара қазақ үшін жатмінез емес. Әйтеуір бір түнде бүтін бір ауылды өре тұрғызыпты да, үдере көше жөнеліпті. Асау Іледен өтіп, Балқаштың оңтүстік күнгей бетін жағалай жүріп, Аякөзге жетсе керек. Одан әрі Тобықты жеріне қоныс аударыпты. Кісі еліне сіңісе қою қиын болды ма екен, жоқ бауыр басудың жолы солай ма, тегінде қыз айттыруға шамасы келмес, жөні құда түскен болар, екінші ұлы Қонайды Тобықтының қызына үйлендіреді. Бұған дейін ол кісі екі рет төсек жаңғыртыпты. Соның біріншісінен Жетібай деген ұл қалады. Ал кейінгі шешемізден бір ұл, бір қыз – Жұмабай мен Бұлантай туады.» («Ақиқаттан аттауға болмайды». «Санат», 1994 жыл.13-14 бет).

Қонаевтың әкесі Абай өлеңдерін, Сүйінбай жырларын жатқа айтатын болыпты

Дінмұхамед атамыздың өз жазба-естелігінде айтылғандай, Жұмабайдың 1886 жылы туған ұлы Меңліахмет (Қонаевтың туған әкесі) те еліне елеулі, халық арасында беделді адам болған. Оның оң жақ бетінде алақандай меңі болғандықтан да атын соған қарап қойыпты.

Дінмұхамед Ахметұлының мұражайында әкесі Меңліахметтің өткен ғасырдың 1911 жылы түскен суреті және анасы Зәуре Байырқызының да суреттері сақтаулы.

Меңліахметті атасы ес біліп, ат жалын тарап мінетіндей – он төрт жасқа толған кезінде аты жер жарып тұрған Алматының атақты саудагер татар көпесі Ысқақ Ғабдулуәлиевтің қол астына жұмысқа орналастырады. Қазан төңкерісіне дейін Меңліахмет сол Ысқақ көпестің қарамағында жалданып жұмыс істеп жүреді.

Дінмұхамед Ахметұлының өзінің естелік кітабында баяндалғандай, оның өз ата-анасы мектеп есігін ашып, оқыған адамдар болмаған. Меңліахмет ақсақалдың өз бетімен білімін жетілдіріп жүргенінің нәтижесінде екі тілде бірдей – қазақша да, орысша да сөйлей әрі жаза білген.

«Абай өлеңдерін, Сүйінбай жырларын жатқа айтып, өзі де түртінектеп, бірдемелерді жазып жүретін. Оны біздің үйдегі Зуһра келініне (төте жазуға да, бүгінгі һаріпке де жорға кісі еді) көшіртіп отыратын әдеті бар еді» – деп жазады Дінмұхамед Ахметұлы өз әкесі Меңліахмет жайлы еске алғанда.

Қазір Д.А. Қонаев мұражайында Меңліахмет Жұмабайұлының балаларын бас қосқан бір кезекті сәтінде қаз-қалпында магнитофон таспасына жазылған ақ тілегі, өз қолымен қарапайым дәптерге төте жазумен жазған күнделік дәптері сақтаулы тұр.

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button